«Дамирдің» дәмі
Қарағандының ұны. «Дамир АА» кәсіпорнының тіл үйірер дәмі. Жиырма жыл уақыт. Нарық ығыстыра алмаған ырысы мол кешен. Тамақ өнеркәсіп индустриясының игілігін толық сезінген серіктестік. Италияның технологиясымен макарон өндіретін бірегей кәсіпорын. Ұнның түр-түрін шығаратын алпауыт диірмен. Әр үйдің асханасында бар дәстүр мен сапа үйлесімі. Біздің өңірдің брендіне айналған бірегей компания. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оның ахуалы қандай болса – халықтың жағдайы да сондай» деп, кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өткен еді. «Дамир АА» Үкіметтің қолдауын сезініп, жеңілдетілген несие көмегімен, несібесін молайтқан кәсіпорын.

«Дамудың» демеуі
«Дамир АА» ЖШС өнімі нарықты мойындатып отыр. 2002 жылдан бері Қарағанды облысы мен жақын өңірлерді сапалы ұн және макарон өнімімен қамтамасыз етіп келеді. Алғашқыда тонна-тонна ұн шығара бастаған зауыт басшылығы макарон өнімінің тапшылығын сезіне қойып, түрік технологиясын енгізіп, базасын жабдықтап, тәуекел етіп, алғашқы өнімдерін шығарады. Зауыт басшылығы Италияның «Fava» жабдықтарын алу үшін «Даму» қоғамдық қорынан 1 пайыздық мөлшермен несие рәсімдепті. Үкіметтің ең үлкен көмегін сонда сезіндік дейді. Осылайша, екі-үш мәрте «Дамудың» жеңілдетілген несиесі арқылы технологиясын жетілдіріп отырған көрінеді.
Сапа сағат сайын бақыланады
Кәсіпорынның өз зертханасы бар. Заманауи үлгіде жабдықталған. Келген астықтың сапасы тексеріледі. Астықты алқаптан тонна-тонна бидай тиеген жүк көліктерінен түтік бекітілген жабдықпен сынама алынады. Біреуі тексеріссіз өтпейді. Әлгі құрылғымен әр жерінен қаузап алынып, зертханаға келеді. Егер, зертхананың талабынан өтсе, онда дала дәмі бірден диірменге түседі.
Осы зертхананың қызметкері Саягүл Қасымбекова компания ашылғалы бері еңбек етіп келеді екен. Бағалы маман.
– Бидайды жан-жақты тексереміз. Дән сапасы, көлемі бойынша сұрыпталады. Зиянкестер мен өзге де кеселдерден амандығын анықтаймыз. Содан кейін қабылдау-қабылдамау туралы, қабылданса, сұрпына қарай қай қоймаға жөнелту туралы нұсқау береміз. «PFEUFFER HE 50» аппаратымен ылғалдылықты тексереміз. Ал, ұнның сапасы сағат сайын тексерістен өтеді. Егер, талапқа сай келмесе, өнім қайта өңдеуге жіберіледі. Өйткені, ең әуелгі міндет – азықтүлік қауіпсіздігі, – дейді зертхана меңгерушісі Саягүл Нығметқызы.
Өңір бидайын қабылдайды
Зертхана тексеруінен ойдағыдай өткен жүк көлігі таразыға тұрады. Таразыдағы мамандар көлікті өлшеп, өнім салмағын тіркейді. Таразыдан түскен көлік астық төгетін бункерге барады. Әрмен қарай дақыл конвейер арқылы кептіру қондырғысына жеткізіледі. Жалпы, элеватордағы жұмыс жүйесі толығымен автоматтандырылған.
Кәсіпорын бидайды сапасына қарай келісін 90-130 теңге арасында сатып алады. Көбіне Осакаров, Нұра аудандарынан алады. Ал, өңірдегі қоймалар түгесілген соң Павлодар, Қостанай өңірінің диқандарынан қабылдайды.
Осылайша, өңірдегі зауытта шығарылатын өнім аймағымызда өсірілетін жоғары сапалы астықтан дайындалады. Зауыт технологтарының айтуынша, өнімде бояғыш заттар, химиялық және өзге де зиянды қоспаларды мүлдем қолданбайды. Яғни, экологиялық таза, жүз пайыз табиғи өнім. Мұндағы бидайдан жасалған өнімдердің құрамында адам ағзасына қажет дәрумендер мен минералдарға бай.
Дәмді макарон – дастархан сәні
Макарон фабрикасының тәжірибелі технологы Кәріпжан Нығманов та кәсіпорын ашылғалы бері осында қызмет етіп келеді. Италиялық технологияны әбден меңгеріп алған. Өзі жауапты цехында 9 қызметкері бар.
«Бір жақсысы, біз ұн өнімін өзіміз өндіреміз. Бірнеше сағат зертханадан әбден тексеріліп келген өнімімізге аса қатты алаңдамаймыз. Өйткені, сапасына сөз жоқ. Дайын ұн макарон фабрикасына келеді. Арнайы бункерлерде сақталатын ұн електен өтіп, макарон дайындауға қажетті мөлшерде ұн алынады. Қамырды араластыратын машинаның ішінде ұн мен таза су араластырылып, қамыр жасалынады. Кейін ол арнайы қалыптаманың ішінде қажет пішіндерге бөлініп, кептіріледі, салқындатылады. Дайын болған өнім әр түрлі пішіндегі қаптарға салынып, қоймаға жіберіледі», – дейді Кәріпжан Мұғзарұлы.
Макарон фабрикасы тоқтаусыз жұмыс істейді. Барлық жүйе автоматтандырылған. Дайын өнім сақталатын, кептіріліп, салқындатылатын 8 бункер бар. Оның әрқайсысы 3-3,5 тоннадан.
«Дамир АА» макароны – ешқандай қоспасыз, консерванттарсыз, жүз пайыз табиғи өнім. Макаронның 12 түрі, спагеттидің 2 түрі, етке арналған кеспелер шығарады. Дайын өнім 8-10 минутта пісіп шығады. 400 грамнан бастап, 10 келіге дейін пакетке қапталады.
Жұмыр кеспе, жіңішке жұмыр кеспе, кеспе, қысқа түтік кеспе, иілген түтік кеспе, ерекше түтік және қаламұшты түтік кеспе, қабыршақты түтік, ұзыншаланған түтік, шиыршықты түтік, жоңқаланған түтік, түтікшеленген түтік кеспе, түтікшелеген ұзын жұмыр кеспе, әуесқойлық кеспе және жайма шығарады.
Ұн фабрикасынан жоғарғы және бірінші сұрыптағы ұн шығады. Зауыт басшылығы көп ұзатпай тұтас бидай ұнының да технологиясын әкеліп енгізді. Құнары мол тұтас бидай ұны 2 келіден 25 келіге дейінгі қапқа қатталады.
«Элеваторда орналасқан бункерлерде жоғары сұрыпты бидай кептіріліп, өндіріске әзірленеді. Әр екі сағат сайын шикізат сапа бақылауынан өтеді. Жоғары сапалы бидай кейін диірменге жіберіліп, бидайды қайта өңдеу процесі басталады. Өндірісте қолданылатын жоғары технологиялар бидайдың табиғи қасиетін толық сақтап қалады. Арнайы тазалау жүйесі пішіні, көлемі мен түсі өзгерген бидайды анықтап, тазартады, өндірістен алып тастайды. Осы сатылардан өткен бидай дәндері ұн тарту бөліміне кетеді. Wals аппараты арқылы кебекке, ұнға жібереді. Мен әр сағат сайын ылғалын, сапасын қадағалап отырамын. Зертханаға жіберемін», – дейді ұн фабрикасының технологы Бақытжан Олжабеков.
Түркиядан алдырылған арнайы басқару штабы арқылы барлық жұмыс жүйесін қадағалауға болады. Бұл жерден аппараттардың жұмыс істеуін бақылайды. Қандай да бір құрылғы істен шықса, онда штабтағы сигнал арқылы бірден анықтап, ақауды жойып, қайта іске қосуға болады. Осылайша, тонналап ұн шығаратын кәсіпорын түрік технологиясы арқылы жұмысын жеңілдетіп отыр.
Қаптау цехында үш адам жұмыс істейді. 5 келіден 50 келілік қапқа қаптайды. Ал, 2 келілікті арнайы қағазға салады.
«Дайын ұн бункерден кеп біздің цехқа түседі. Оны әр мөлшерлі қапқа саламыз. Тігін машинасы қаптың аузын «сыр» еткізеді. Одан соң дайын қаптар таспа арқылы қоймаға тасымалданады», – дейді қаптау цехының маманы Мәншүк Зукан.
Өнімі өзге өңірлерде
Осындай түрлі макаронымен кеңінен танымал «Дамир АА» компаниясы өз клиенттері үшін жоғары сапалы өнімдерді ұсына отырып, Қазақстан нарығында 20 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Астана және Алматы секілді ірі қалалардың дүкен сөрелерінде өнімдері бар. Павлодар, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау, Ақмола, Алматы секілді облыстарға да тонна-тонна өнімдерін жеткізеді.
Айтпақшы, жер-жерге жеткізу мәселесінде кедергі жоқ. Келісілген уақыттан кешіктірмей жеткізеді. Тауарын теміржол және жүк көліктері арқылы тасымалдайды. Зауыттан тікелей алып кететін де кәсіпкерлердің қатары көп. Ал, Қарағанды қаласындағы супермаркеттерге, базарлар мен дүкендерге кәсіпорынның 1,5 тоннадан 20 тоннаға дейін 12 жүк көлігі таратып, тасымалдайды.
Берекелі сауда табысты еселейді
«Біздің зауыт әйгілі Италияның технологиясымен жұмыс істейді. Екі жыл бойы Италияның мамандары келіп, орнатты. Жергілікті мамандарды да үйретті. Қазір де италиялық технологтармен онлайн жұмыс атқарамыз. 2009 жылы спагетти өндіретін жабдық сатып алдық. «Даму» қорының жеңілдетілген несиесімен. Шатыспасам, шамамен 2,5 млн еуроға. Ал, екі жыл бұрын 25 тонналық түрік диірменін іске қостық. Технологиясы ата-бабаларымыздың тас диірмені сияқты. Соның арқасында тұтас бидай ұнын брендке айналдырып алдық», – дейді фабрика директоры Нұрлан Момынов.
Кәсіпорын басшысы Қарағанды бойынша 25 диірмен бар дейді. Біздің өңір ұн шығарудан үшінші орында. Сол себепті, сату мәселесі алдыңғы шепке шыққан. Сауда нарығын игеру үшін арнайы коуч сабағын сатып алған. Екі ай бойы оқып, нәтижесін іс барысында көреміз дейді.
Өзбекстанда өткен халықаралық көрмеде кәсіпорынның жоғарғы сұрыпты ұн мен макарон өнімі алтын медаль жеңіп алған. Алматы қаласында «FoodExpo Qazaqstan 2023» көрмесінде «Үздік өнім» номинациясы бойынша I орын алды. Былтыр да осы бір көрмеде үздік ұн өнімдері үшін тағы да I орынды жеңіп алған. Кәсіпорынның Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік декларация сертификаты мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының халал сертификаты бар.
Нөл пайыздық несие береді
Ұжымның жетпіс пайызы фабрика ашылғалы бері жұмыс істеп келеді. Әкімшілікті қоса есептегенде 100-ге тарта қызметкер бар. Оларға үнемі әлеуметтік қолдау көрсетіліп отырады. Онымен қоса, нөл пайыздық несие береді. Балалары үйленгісі келсе, көлік алғысы келсе кәсіпорын 3-4 млн теңге береді. Айлығынан 100 мың теңге ұстап отырады. Былай қарасаңыз, жылдық мөлшері 25 пайыздық банктардан әлдеқайда тиімді, әжептәуір көмек.
«Дамир АА» кәсіпорны – жомарт. Үнемі мешіттерге, жетімдер үйі мен қарттар үйіне қап-қап ұн, макаронның түр-түрін жіберіп отырады. Әсіресе, қайырымдылықты Рамазан айында, мереке күндері жиі ұйымдастырады.
Мінеки, өңірімізде өндірілетін тамақ әлемдік стандартқа сай, жоғары сапалы әрі экологиялық таза. Көршілес елдерден экспортталатын өнімдерден гөрі, туған топырағымызда егіліп, піскен астық ағзамызға әлдеқайда пайдалы әрі құнары мен құны жағынан да тиімді.
Әр үйге махаббатпен баратын «Дамирдің» дәмін-ай, десеңізші!
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»