Даланың дарабозы
Биылғы жылы ақын әрі әнші, композитор Мәди Бәпиұлының 145 жылдығы. Өз заманында Арқа төсін дүрілдетіп, өзінің тарпаң мінез, әділетсіздікке шыдамаған қайсарлығы үшін ноқтаға басы сыймай кеткен Мәди бабамыз жөнінде біршама кітаптар, зерттеулер жарық көрді. Олардың біразы әдеби туындылар болғандықтан, жазушының ойдан қосқан көркемдік тұстары да араласуы заңды құбылыс. Сол кездегі социалистік реализм, тап күресіне негізделген Кеңестік идеология шеңберінен авторлар шыға алмағаны түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың «Робин Гудын» жасау керек болды. Сол себепті Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романы, Әшірбек Бектасов жазған «Мәди» еңбегі көбіне қым-қиғаш оқиғаларға толы болды. Бас кейіпкер түн ішінде келіп, ауылды шауып, малға барымта жасап кеткен қарақшы есебінде суреттеледі. Соның нәтижесінде, жалпақ тілмен айтқанда Мәдиге «конокрад» деген жаман желеу тағылды.

Мұның бәрі сол патша заманында тізе батырған әлділерге кедейлердің жауап қатуы болып көрсетілді. Қақабай шұбартөс, шынжыр балақ үстем тап өкілі болып шыға келді. Әдеби кітаптардағы мұндай шарпыс түптеп келгенде кешегі Шаншар абыз ұрпақтарына абырой әкелмегені анық. «Ағайындар өзара қырық пышақ болып жатыр» деген қаңқу сөздер тарады. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ ондай біржақты бұра тартудан арылып, сол заманның ақ пен қарасын айыра білуі маңызды.
Жалпы Мәди туралы біршама толық әрі көлемді зерттеу мақаланы бірінші болып әйгілі өнер зерттеуші, академик Ахмет Жұбанов 1944 жылы жазып, жариялағанын білеміз. Дәл осы жылдары Ахаң көптеген қазақ композиторлары, әнші, күйшілер жайлы зерттеу мақалалар жазып «Замана бұлбұлдары» тәрізді көлемді кітаптарды жарыққа шығарған болатын. Сол танымдық мақалаларды жазу барысында Мәдиді де қамтымай кетпейді. Академик сол мақаласында: «1913 жыл. Атбасардың маңындағы бір ауылда, отыздан жасы жаңа ғана асқан сұлу жігіт, ақсұр беті аздап күнге тотыққан, бойы сұңғақ, дене бітімі аса көркем, аяғында көксауырланған етік, үстінде жаңаша тіккен бешпент, домбырасын сұқ саусағының басымен ғана шертіп, ән айтып отыр», деп бастайды да, әрі қарай «бұл болыс ағасы Қақабайдың приговорымен туған жерінен жер аударылған Арқаның атышулы әншісі, композиторы Мәди еді» деп жалғайды. Одан әрі ақынның қашан, қайда туғанынан бастап, түгел дерлік өмір жолын баяндайды. Ең бастысы, оның әндеріне өнер маманы ретінде талдау жасайды. Әсіресе, Мәдидің «Қаракесек» әніне баса назар аударады. «Бұл ән жер жүзіне тарады десек, асылық айтқаным емес. Біз тек осы әннің ерекше құрылымын, даму кезеңдерінің аса заңдылығын, форма жағынан айта қалғандай мүсінділігін, мазмұнында лирикамен қатар, терең драма жатқанын айтып кетпекпіз. Дауыстың ең төменгі регистрінде төмен жылжып бастауының өзі бұрын-соңды қазақ әндерінде кездеспеген құбылыс. Тек Иманжүсіптің «Сарыарқасында» ғана осыған ұқсайтын бастау бар», дейді Ахмет Жұбанов.
Өнер майталманы Ахаң еліміздің батыс өлкесінің, Ақтөбенің тумасы. Петерборда, Мәскеуде музыкалық білім алып, сол жақта жетілген. Одан кейінгі ғұмыры Алматының мәдениетімен тығыз байланысты. Ең қызығы, Қарқаралыға, Мәди туған Айрық пен Едірей өңіріне ешқашан табан тіремеген екен. Сонда зерттеу мақаласындағы дереккөздерді қайдан алды дейсің. Бәрін көзімен көргендей, жіпке тізіп баяндайды. Біздің долбарлауымызша, үш адам Ахмет Жұбановқа Мәди жөнінде айтса керек. Алғашқысы Әшімбек Бектасов. Ол Шаншар елінің тумасы, 30-жылдары Алматыда жоғары лауазымда қызмет атқарған. Ілгеріде айтқанымыздай, Мәди жөнінде ел ішінен деректер жинап, өзі де сол жолда ерен еңбегін сіңірген. Оған дәлел, 1963 жылы Қарқаралыдағы Мәліксайда Мәдидің зиратына ескерткіш тас қойған. Ол өңір шежіресін түгендеуде де көп қызмет етті.
Екіншісі – Мұхамедәлі Толыбаев. Ол Мәдимен көп жыл үзеңгілес дос, пікірлес болған. Әрі түп арғы ата жағынан туыстығы да бар. Руы Құдайберді. Бұлбұл бабамыздан туған тоғыз ұлдың бірі осы Құдайберді. Шаншармен ағайынды. 1728 жылы Түркістаннан Бұлбұлдың ұрпақтарын Қаздауысты Қазыбек би Айрық, Арқалық, Едірей, Қу тауының ауқымды өлкесіне әкеліп орналастырғанда Құдайберді руы Едірейден жер алған болатын. Бірақ, кейін ұрпақтары өсіп-өніп, Қоянды жәрмеңкесі өтетін Тоқпан тауының батысына, Балықтыкөлдің сыртында Қарқаралыға жақын маңайынан қоныс тебеді. Ал Қоянды жәрмеңкесі қанат жайған уақытта сол Құдайберділер жайлауға көшпей жатақ болып қалатын болған. Жәрмеңкеге сатуға әкелген малды бағуға жерлерін жалға беріп, өздері жәрмеңкенің шаруаларын реттеген. Халық арасында «Су сатқан Құдайберділер» деген де әзіл бар. Олар бөшкемен ауызсу тасыған екен. Мұның бәрін тәптіштеп айтып жатқанымыз, Қарқаралыға жақын орналасқан осы Шаншармен туыс Құдайберді ауылына Мәди үнемі соғып жүреді екен. Оған басты себеп, сол Мұхамедәлі сері болатын. Ол өзі әнші, ақын, шежіреші, Абайдың өлеңдері мен ғибратты сөздерін жатқа білетін жан-жақты, талантты адам болыпты. Міне, осы рухани әрі қандас дос Мұхамедәлі Мәдиді әрдайым құшақ жая қарсы алатын болған. Сол қайғылы күн, 1920 жылы 1 ақпанда Мәди Қарқаралыда оққа ұшар алдында осы Мұхамедәлінің үйіне қонып шыққан болса керек. Сонда Мәдиге «Қалаға бармай-ақ қойшы. Саған өшіккен дұшпандарың көп қой» деп бір пәленің болатынын білгендей ескерту жасапты. Оған бірбеткей Мәди көнбепті. Ал Мәдиді Мәліксайға жерлеген кезде Мұхамедәлі досына арнап жоқтау өлең жазып, оны «Үшқара» әнінің әуенімен домбыраға қосып айтып беріпті. Сол Мұхаңның кенже қызы Гүлзипа Толыбаеваның қолымен көшірілген ән-жоқтаудың мәтіні біздің қолымызда бар. Жалпы, Мәдидің жан досы Мұхамедәлінің қандай адам болғанын мына жайдан түсінуге болады. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазар алдында Тобықтының шежіре білетін 6-7 ақсақалын Алматыға алдырып, олардан ел ішіндегі әңгімелерді жазып алыпты. Сонда Қарқаралыдан осы Мұхамедәлі ағамызды 1934 жылы қоса алдырса керек. Қарт ақын бала-шағасымен Алматыға көшіп барыпты. Өзі 1936 жылы сонда қайтыс болады. Айта кету керек, оның немересі Мұрат Толыбаев Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Оның жуан дауыспен айтатын халық әндері қазақ радиосының қорында сақтаулы. Мұхамедәлінің Алматыда Ахмет Жұбановпен кездесіп, Мәдидің жайы жөнінде айтқаны даусыз.
Үшінші адам – Аждар Есмағанбетұлы. Асан руынан шыққан бұл ағамыз жайлы бұрын білген жоқпыз. Академик Ахмет Жұбановтың Мәди жөніндегі мақаласының соңғы жағында ақынның қазасына қатысты, яғни, «Оны кім атты?» деген сұрақ туғанда: «Қапалда тұратын Аждар Есмағанбетовтің айтуынша, ол қандықол қарақшы Қарқаралыдағы ВЧК (чекистер) қызметкері Шумаков» – деп жазады. Сол Аждар атамыздың (1897-1993 ж) өлеңмен жазылған «Тартыспен өткен ғұмыр» атты деректі шығармасы 2023 жылы ғана жарық көрді. Бұл құнды дүниені бүгінгі күнге жеткізіп отырған сол Аждар атамыздың кенже қызы Риза апай қазір Қарағандыда тұрады. Жасы сексенді алқымдап қалған асылдың тұқымы бұрын Ақтоғай ауданында тұрып, бала-шағасын өсірген. Қартайған соң ақсақалымен екеуін балалары қалаға алып келіпті. Әкесінің машинкаға басылған қолжазбасын қырық жыл бойы сақтап, ақыры кітап етіп бастырып отыр. Ең бастысы – Аждар ақсақалдың Мәдиді көзімен көріп, біраз уақыт қасында болып, әңгімелерін тыңдаған соңғы куәгердің бірі болғанында. Біз бүгінгі мақаламызда жаңадан табылған деректерді келтіре отырып, Мәдидің төңірегіндегі жаңа әңгімелерді өрбітпекшіміз.
Қазіргі жас оқырман үшін Мәди Бәпиұлының өмір жолы, ата-тегі туралы айтқанымыз жөн болар. Ол 1880 жылы наурыз айында бұрынғы Қарқаралы дуанына қарасты Едірей болысының Айрық деген жеріндегі Үшқара тауының бауырында дүниеге келген. Бәпидің қорасының орны Үшқараның шығысында орналасқан. Одан 20-40 метр жерде Шәпидің қонысының орны бар. Бұл аймақ қазір Қарқаралы ауданының Мәди селолық округі деп аталады. Жалпы Айрық деген алқап ұзыны мен көлденеңі 20-30 шақырым болатын жазық дала. Оңтүстік-шығысында Едірей тауы, оңтүстік-батысында Арқалық, батысында Бабалы, солтүстігінде Қалмаққырылған, шығысында Үшқара. Бауыр Бошан елі жайлаудан қайтып, күзекте осы алқапта отырып, қыстауларға тарайтындықтан бұл жер Айрық, яғни, жолайрық болып аталған екен. Міне, осы кең өлкеде бір кезде Мәди сері сайран салған.
Ақын Мәди: «Арғы атам – әулие өткен Ер Қазыбек» деп жырлағанындай, бабасы осы Орта жүздің төбе биі болғанын білеміз.
Мәди Қаздауысты Қазыбек бидің тікелей бесінші ұрпағы еді. Сол текті әулетті жалғаған Бекболат-Тіленші-Алшынбай үлкен аталары болатын. Алшынбайдың бәйбішесінен Жүсіп мырза (Ділданың әкесі), тоқалдан: Қақабай, Бипау, Қосық, Шәпи, Бәпи туған. Қақабайдың бәйбішесінен Мәшрап, Айғожа, тоқалынан Аймағанбет, Ермағанбет, Ахметбек, Рақымбек, Құлмағанбет тарайды. Алшынбайдың бір баласы Бәпи екі әйел алған адам. Бәйбішесі Әнипадан (шын аты Әнапия) Мәди жалғыз еркек кіндікті және екі қарындасы Ұрқия мен Мәпіш (Маһфруза) туған. Бәпидің кіші әйелі Майжүректен Бейсенбек, Дүйсенбек деген ұлдар, Рахима, Мәмпасия, Шәкітай дүниеге келген. Мәдидің анасы Әнипа Абыралыдағы Жалықпас руының Бітібай деген адамның қызы. Бұл да бір текті әулет. Бітібайдың ағасы Шыныбай патша заманында 18 жыл үздіксіз сайланған қазы болған, әділдігімен ел аузында қалған адам болған. Сол себепті Мәдидің бала күнінен әділдікті жақтауы нағашы жұрттан болса керек.
Мәдидің өзі де екі әйел алған, екеуі де Қаракесектің қыздары. Бәйбішесі Қази болса Бауыр Бошан ішінде Сәдібек руынан, оның әкесі Бекет Тоқайұлы Едірей болысында қоныстанған. Екінші әйелі Динаның руы Асан. Оның әкесі Бейсенқұл Нұрсейітұлының қыстауы Үшқараға жақын қоныс тепкен. Өкінішке қарай, осы екі жұбайынан да Мәди ұрпақ көрмей өтті. Осындай дара туған өзі ақын, әнші, палуан, ат құлағында ойнайтын жылтым, қамшыгер, өз киімін өзі пішіп тігетін шебер, ақ киім киіп, ақ боз ат мінетін сері жігіттің соңынан ұрпақ қалмағаны, әрине, өкінішті. Оның екі жұбайы да үріп ауызға салғандай өте бәденді болған деседі. Ондай сұлулар далада қала ма? Мәди бақилық болған соң оның жұбайына әмеңгерлік жолмен Қақабайдың балалары үйленген көрінеді. Қазиды – Айқожа, Динаны – Рақымбек алып, бірнеше перзент сүйіпті.
Сонымен, жоғарыда Алшынбайдың ұлдарының бірі Бәпи мен Әнипа шаңырағында Мәди есімді ұл дүниеге келді деп едік қой. Ол уақытта Алшынбай қайтыс болып, бәйбішесі Мәжден жалғыз қалған екен. Ұлы Жүсіптен туған Ділдә немересі Құнанбай ауылына ұзатылып кеткенін білеміз. Осылай жалғызсырап жүргенде Әнипа келіні ұл туды дегенді естіп, оның есімін «Мәди» деп өзі қойып, бауырына салып алады. Ол уақытта үлкендердің айтқаны заң. Сол шілдеханаға Мәжден әже тай сойғызады. Осы тойдың үстіне сапарлап келе жатқан Найман елінің Айғыржал болысының Өмірзақ деген биі келіп, осы ауылға қонақ болған екен. Содан құтты қонақ болдың деп Мәжден әже құда болайық деп жармасады. Сөйтсе Өмірзақтың Нұрилә есімді жалғыз қызы 9 жаста екен. Алшынбайдың бәйбішесі қоймаған соң екеуі құда болып, Мәди мен Нұриләны атастырады. Қалың малын беріп жібереді. Күндердің күнінде Мәди 10-ға келгенде Өмірзақ би сәлем айтып, қызының 20-ға келгенін, енді қалыңдықты алып кетуді өтінеді. Ол уақытта Мәжден әже бақилық болған еді. Содан Қақабай Өмірзақ биге өзі барып «Бала жас, қызыңыздың басы бос» деп бұрын берілген қалың малды жасырын алып келеді. Мұны Мәди білмейді. Кейін 20-ға толған соң, Мәди әжесі атастырған қалыңдығын іздейді. Сөйтсе, оны тұрмысқа беріпті. Ендеше қалың малдың қайтарымы деп Мәди Өмірзақтың жылқысын барымталайды. Би Қақабайға сәлем жолдап, малын сұрайды. Содан Қақабай қаһарына мініп, Мәдиге жылқыны қайтар деп кіжінеді. Бірақ Мәди өз айтқанынан қайтпайды. Міне, Қақабай мен Мәдидің араздығы осы тұстан басталады. Содан Өмірзақ би Мәдиге өзі келіп, «Бұл үлкендердің жасаған шаруасы еді» деп кешірім сұрап, жағдайды түсіндіреді. Мәди оның жылқысын қайтарып беріп, соңынан сол ауылға сал-серілерін ертіп, қонаққа барып қайтады. Сол топтың ішінде Бауыр Бошанға танымал әзілкеш Мауқай да болған екен. Бұл оқиға жоғарыда біз айтқан Аждар Есмағанбетұлының кітабында жазылған.
Аталмыш еңбектегі тағы бір тың дерек Мәди мен Нығмет Нұрмақов арасындағы қарым-қатынас жөнінде. 1918 жылы Колчактың уақытша Үкіметі Сібір казактарының күшімен сонау Петропавлдан бастап солтүстіктегі, шығыстағы қалаларды басып алып, жаңа құрылған совдептерді қамап қояды. Солардың қатарында Қарқаралы совдепін басқарған Н.Нұрмақов та түрмеге түседі. Осы кезде Мәди де қамауда болса керек. Сонда жатып «Достарым, біз отырмыз абақтыда» деген 9 шумақ өлең жазады:
Жақсы інім, Нығметім,
қыран құсым,
Мәңгіге өлмеуі хақ,
ұранды ісің.
Күн туып, жендеттердің
торы қирап,
Соңына еліңді ертіп,
тұрармысың,
– деген бір шумағы бар. Мәди өзі Айбике-Шаншар, Нығмет Нұрбике-Шаншардан тарайды. Осы туыстық көңілмен жазылған өлең ғой деп ойлайтын едік бұрында. Енді Аждар атаның кітабын оқығаннан соң екі тұлғаның таныстығы, достығы қайдан шыққанын білдік. Ол былай болған екен.
Мақаланың басында, 1911 жылы Қақабай болыстың таққан жаласымен Мәди 5 жылға Атбасарға жер аударылғанын айтқан едік. Жер аудару, әрине абақты емес. Алайда, кешегі сайрандап жүрген дала серісінің туған жерінен кетуі Мәди үшін үлкен опасыздық іспетті. Сол жақта ықпал жүргізген Омар бимен және Аманбай деген болыспен танысады. Аманбайдың руы Қыпшақ, бірақ нағашылары Қаракесек болса керек. Мәдиді нағашы деп сыйлап, құрмет тұтады. Қысқасы, Аманбай Мәдиді Омбыға апарып, таныстарын салып, оның ісін қайта қаратады. Сөйтсе оны жер аударған кезде бағана біз айтқан Найман еліндегі Айғыржал болысының адамдары малымызды ұрлады деп шағым жасапты. Сол арыз негізінде Мәди жер аударылған. Ал ол уақытта бір болыстың қазағын кінәлауға басқа болыстың адамдарының құқы болмаған. Омбыдағы сот қызметіндегілер осындай заңсыздық тауып, Мәдиді 1915 жылы көктемде 6 ай бұрын ақтап, босатып жібереді.
Сонда орыс тіліндегі құжаттарды жазуға сол жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітіріп жатқан Нығмет көмектескен екен. Елге келген соң екеуінің достығы одан сайын нығая түскен. 1915 жылы күзде Нығмет Зүфнүнге сөз салғанда, оның әкесі Ыбырай Ақбаевқа Нығметтің туысы ретінде Қу болысының басшысы Ақайдың Хасені бас құда болып барыпты. Сол тойға Мәди де сал-серілерімен барып, думандатса керек. Бұдан кейін де олар кездесіп, жиі пікірлесіп тұрды.
Енді біз дерек алып отырған кітаптың авторы Аждар Есмағанбетұлы Мәдиді қайдан біледі деген сұраққа келейік. Жоғарыда біз Мәдидің 1915 жылы көктемде жер аударылған себебі қолдан жасалғанын Омбыда дәлелдеп, мерзімінен жарты жыл бұрын елге қайтқанын айттық. Оны кері қайтарғанда Омбының губерниялық бақылаушысы Керекудің маңындағы істі болған орыс мұжықтары тұратын Славгород деген шағын қаланың комендантының қарамағына жіберіп, одан әрі оны еліне қайтаруды міндеттейді. Мәдидің қолында «Алшынбаев ісі 1915 жылдың 15 наурызынан қысқартылсын, өзі босатылсын» деген губерниялық тергеушінің қаулысының мөр басылған бір данасы болды. Керекуден Үшқараға хат жазып, өзін қарсы алуға бір-екі жігіт жіберуді сұрайды. Бұл хабарды естіген туыстары, әсіресе анасы Әнапия қатты қуанады. Ал Мәдиді қарсы алуға ат жетектеп шыққан екі жігіттің бірі осы Аждар Есмағанбетұлы болатын. Ол уақытта Аждар 18 жастағы күші тасып тұрған бозбала екен. Әрі тоғыз жасынан домбыра, гармонмен ән айтып, Қарқаралыдағы ән байқауына қатысып, жүлде алған серінің бірі болыпты. Содан не керек, Мәдиді Керекуден қарсы алып, ол жақта оны білетіндер той жасап шығарып салады. Жол бойы Мәди Қараөткел мен Атбасардағы басынан кешкен оқиғаларды айтып, қалайша мерзімінен бұрын босағанын егжей-тегжейлі баяндап береді. Оның өз аузынан естігендерін осы кітапқа негіз етіп алған. Бұдан кейін де Аждар әнші ретінде Мәди қазаға ұшырағанша қасына еріп жүрген.
Жоғарыда А.Жұбановтың мақаласында айтылғандай Аждар Есмағанбетұлы Қапалда қайдан жүр дегенге келейік. Айрық қайда, Қапал қайда? Ол былай болған. Мәди оққа ұшқан соң елде болған қуғын-сүргіннен қашып Аждар Спасскі зауытына жұмысқа тұрып, одан соң Омбыға кетіп қалады. Бірақ ол жақта мұны біреулер көрсетіп, «Алашорданың тыңшысы» деген айыппен Воркутаға істі болып айдап жібереді. Тек соғыстан кейін ғана босап, Алматыдағы туған нағашысы Қаныш Сәтбаевқа барады. Қаныш аға оны 9 айлық бухгалтерлік курста оқытып, елге жібермей Алматыға жақын Қапал қаласына есепші қызметіне орналастырады. Осында зейнетке шыққанша жұмыс істеп, сосын Павлодар облысына көшіп, кейінірек Екібастұз қаласына қоныстанады.
Енді басты сұрақ – Мәдиді атқан кім дегенге келейік. Осы уақытқа дейін барлық кітаптарда ол Андрей Жасанов деп келді. Шын мәнінде олай емес. Біріншіден, Жасанов сол 1920 жылы Қарқаралыдағы милицияның бастығы болып қызмет атқарған. Кеңес Үкіметінің өкілі. Жаңа ғана билік басына келген коммунистердің бірі, милицияның бастығы тал түсте, жұрттың көзінше Мәди сияқты тұлғаны атып тастауы ақылға сыймайды. Халықтың сеніміне енді кіре бастаған большевик былай әрекет етпеуге тиіс.
Екіншіден, милицияның бастығы конвой бола ма? Мәдиді көшеде алып келе жатқан конвой желкеден атты деп келдік қой. Шынында Мәдиді солай атқан, бірақ күндіз емес, түнде. Оны аңдып жүріп, солай істеген «ВЧК қызметкері Василий Шумаков» дейді кітап авторы. Және оның Мәдиді аңдып, қастандық жасағанын түсіндіреді. 1918 жылы ақтар қашып, қызылдар қуғанда олар Арқаның үстімен Қытайға қарай ұмтылды ғой. Сондай бір ақтар тобы Үшқараға келген екен. Мәдидің жігіттері оларды үйлеріне қондырып, боза ішкізіп мас қылады. Сосын қатты ұйықтап жатқанда бас салып байлап, қарулары мен аттарын тартып алып, өздерін жаяу айдап, қызылдардың қолына тапсырады. Бірақ, бір поручик айласын асырып, қашып кеткен. Сол осы Шумаков екен. Сол жолы Мәдиді жақыннан көріп танып алған. Өзі казактардың жасырын ұйымының мүшесі болған. Жалған құжатпен ВЧК-нің қатарына еніп кеткен тәрізді. Айтпақшы, большевик Жасанов 1920 жылы сәуір айында Қарқаралыда жиын өткізіп жатқан 78 коммунисті Сібірден қашып келе жатқан казак отряды қоршап алып, қырып салады. Кейін анықталған сол құрбандардың тізімінде ол да бар.
Егіндібұлақ пен Қарқаралыға танымал Сұңғат Нығметжанов ағамыз бір естелігінде Мәдиді атқан ВЧК қызметкері дейді. Себебі, сол қырғынға ұшыраған 78 адамның аты-жөнін, қызметін анықтау үшін 1988 жылы құрылған комиссияның анықтамасында Мәдиге қастандық жасаған милиция емес, ВЧК қызметкері деген қорытынды берілген екен.
Міне, дархан даланың дарабоз Мәдиінің 145 жылдығына орай жазылған газет мақаласы осындай. Ол туралы қанша жазса да, артық етпейді. Бірақ, бір мақалаға сыйдырған деректеріміз осы болды.
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері