Жаңалықтар

Даланың дара ұстазы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және ұлт ұстазы Ыбырай АЛТЫНСАРИННІҢ 180 жылдық мерейтойына арналған қазақ халқының тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуында терең із қалдырған тұлғаның өнегелі мұраларын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында «Даланың дара ұстазы» атты мектеп оқушылары арасындағы қалалық «Ыбырай оқуы» байқауы өтті.

Қарағанды қаласының білім бөлімі мен Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия және №45 гимназияның ұйымдастыруымен өткізілген жыр байқауына 150-ге жуық оқушы қатысты.

Байқауды білім бөлімінің әдіскері Айгүл Қадыр ашып беріп, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның директоры Абылай Жәлелов құттықтау сөз сөйледі. Байқау 3 бағыт бойынша онлайн режимде өткізіліп, гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері модераторлық қызмет жасады.

«Ыбырай оқуы» байқауының «Кел, балалар, оқылық!» мәнерлеп оқу бағыты бойынша ақын, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары, республикалық Бұқар жырау, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты Ілияс Мұқай, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері, білім беру саласының үздігі, №61 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрекелдина және №101 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекзат Қасымова қазылық етті. Мұнда қазақ сыныбынан 44, орыс сыныбынан 25 оқушы қатысты. Оқушылардың мәнерлеп жатқа оқуы, дауыс ырғағы, сөз әуезділігі, тіл тазалығы ескеріліп, қазылар алқасы төмендегі орындарды белгіледі.

А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы Жәмилә Тілеуғабыл мәнерлеп оқу бағыты бойынша І орынға ие болды. Ал, Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Индира Құлымбетова және Шәкәрім атындағы гимназияның 5-сынып оқушысы Нұртілек Саятұлы ІІ орын жеңімпазы атанды. Аталған бағыт бойынша №87 мектептің 5-сынып оқушысы Айзере Бөлегенова мен №61 ЖББМ-нің 6-сынып оқушысы Ділназ Нариман және №101 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Ибраһим Қадырбайға ІІІ орын берілді.

«Ыбырай оқуы» байқауының «Алғашқы ұстаз, алғашқы дана бабам» әңгімелерін жатқа оқу бойынша қазақ сыныбынан 29 оқушы және орыс сыныбынан 21 оқушы қатысты. Олар Ыбырай Алтынсариннің 10 әңгімесін жатқа оқып, әңгіме мазмұнын қазіргі өмірмен байланыстырып, өз пікірлерімен бөлісті.

Бұл бағыт бойынша Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, журналистика кафедрасының аға оқытушысы Жазира Еркін, №104 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айбек Климов және Е.Бөкетов атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тамара Мизамбаева қазылық етті.

Әділқазылар алқасының шешімімен қазақ сыныптарының арасында әңгімені мүдірмей жатқа оқыған, сөз шеберлігімен, ұшқыр ойымен ұтымды жауап берген оқушылар жоғары ұпай жинап, байқау қорытындысында жеңіске жетті. №86 ЖББМ-нің оқушысы Сабина Аманбековаға І орын берілді. Ал, Б.Момышұлы атындағы мектеп-бөбекжай кешенінен Еркежан Кәрібай мен №101 мектеп-лицейінен келген Дидар Егінбай ІІ орын иеленді. А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Арай Есімова мен №25 ЖББМ оқушысы Айханым Халелова және №54 ЖББМ-нің оқушысы Кәусар Әлибекова ІІІ орынға табан тіреді.

Байқаудың келесі «Ыбырай Алтынсарин – ұлы педагог» деректі фильм бағыты бойынша қазақ сыныбынан 13 және орыс сыныбынан 13 жұмыс келіп түсті. №97 гимназияның мұғалімі Аяулы Абраева, №46 ЖББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсемгүл Асмағанбетова аталған бағыт бойынша оқушылардың жұмысына баға берді. Оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін шыңдау мақсатында ұйымдастырған деректі фильмді әділқазылар оқушының ізденімпаздығы, фильмнің мазмұндылығы, ғаламтор материалын қолдану аясы мен фильмнің сапасы бойынша бағалады. Байқау қорытындысы бойынша төмендегі оқушылардың жұмысы мазмұнды, барлық талапқа сай болды. Бас жүлде М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Естай Баянбекке берілді, ал №36 ЖББ мектептің 9-сынып оқушысы Құндыз Мұсағали мен №3 гимназияның 9-сынып оқушысы Алик Лекерова ІІ орын жеңімпазы атанса, ІІІ орынға Ә.Бөкейхан атындағы ЖББМ-нің 10-сынып оқушысы Мөлдір Жақанова, №30 ЖББМ-нің 9-сынып оқушысы Айнұр Қанышқызы, №32 ЖББМ-нің 10-сынып оқушылары Шалқар Қисанов пен Мадина Түркменбай тұрақтады.

Байқау өте тартысты өтті. Кіл жүйріктің ішінде шын жүйріктерді анықтау қазылар алқасына да оңай болмады. Үздік деп танылған оқушылар дипломдармен марапатталды. Басқа да қатысушыларға Алғыс хат берілді.

Мөлдір ӘЛЖАНОВА, М.Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button