Даланы дүбірге бөлеп Ұлттық спорт түрлерінен IV облыстық фестиваль өтті
Президент тапсырмасы аясындағы ұлттық мұраны ұлықтау ісі кеншілер өлкесінде нақты іске айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Бұқар жырау ауданының Құрылыс ауылында Ұлттық спорт түрлерінен IV облыстық фестиваль өтті. Дәстүрлі дода – ұлттық құндылықтарды жаңғырту, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ, республикалық деңгейдегі ірі жарыстарға үздіктерді іріктеу мақсатында ұйымдастырылды. Фестивальдің басты ұйымдастырушысы – облыстық мәслихат пен облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығы.

Ұлттық спорт – ұлт рухын, тарихын, салт-дәстүрін бойына сіңірген баға жетпес мәдени мұра. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы дене тәрбиесі мен рухани күшті қатар дамытып, ол өмір салтында, шаруашылықта және жауынгерлік өнерде айқын көрініс тапқан. Ұлттық спорт түрлері – бәсеке ғана емес, ұлттың рухани тұтастығын айқындайтын тәрбиелік құрал.
Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату сынды спорт түрлері жаңа серпінмен дамып, халықаралық ареналарда насихаттала бастады.
Қазір ұлттық спорт тек елімізбен қатар, әлемдік деңгейде де таныла түсті. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қатысуымен өтетін жарыстар, халықаралық көшпенділер ойындары – сөзіміздің дәлелі.
Мәдениет пен спорттың тоғысқан бұл үлкен мерекесі қазақтың салт-дәстүрі мен рухани байлығын ұлықтап, облыстың барлық өңірінен келген спортшылардың басын қосты.
Атшабар алаңы ұлттық нақышта безендіріліп, мерекелік әуен әуеледі. Музыкалық саздың сүйемелдеуімен жарысқа қатысушы командалар бірінен соң бірі сап түзеп, көрермен алдында шерулетіп жүріп өтті. Облыстың қалалары мен аудандарынан жиналған 350-ден астам спортшы теңге ілу, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, аламан бәйге және жекпе-жек сынды дәстүрлі жарыстарда өзара бақ сынады. Спорт додасына 50 төреші тартылған. Жарыстың бас төрешісі – Қайрат Абдуллаев.
Ашылу салтанатына құрметті меймандар арнайы шақырылып, сахна төрінен құттықтау лебізін білдірді. Облыстық мәслихаттың төрағасы әрі облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Нұркен Кобжанов өз сөзінде атаулы шараның мән-маңызына тоқталды.
– Ұлттық спорт – ұлттың жаны. Ол – тарих, тәрбие, намыс, бірлік. Осындай фестивальдер арқылы біз жастарды отансүйгіштікке баулып, төл өнерімізді ұрпақ санасына сіңіреміз. Бұл – мәдени мұрамызды сақтаудың нақты жолы. Қасиетті Бұқар жырау жерінде өтетін бұл шара дәстүрге айналды. Біз облыстық мәслихаттың депутаттары ұлттық спортқа жанашырлық танытып, осы фестивальдің өтуіне үнемі қолдау көрсете бермекпіз. Ұлттық спорт дами берсін, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.
Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын өз сөзінде бұл фестивальдің аудан үшін ерекше рухани мәні бар екенін айтып өтті.
– Құрылыс ауылы – қазақы болмысты сақтаған, ұлттық спортқа жанашыр елдімекен. Мұндай ауқымды шараның біздің жерде өтуі – үлкен мәртебе әрі сенім. Спортшыларға сәттілік, ал, көрермендерге жарқын әсер тілеймін. Еліміздің өсіп-өркендеуі, ұлттық болмысымыздың бекемдене түсуі осындай ұлттық мінезге тәрбиелейтін шаралардан басталады. Президентіміз Ұлттық спортты дамытудың маңызын үнемі айтып келеді. Биыл осы ауқымды шараны ұйымдастырып, өз деңгейіне өтуіне ұйытқы болып отырған облыстық мәслихат төрағасы және облыстық мәслихат депутаттарына, фестивальдің өтуіне өз үлесін қосқан басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді Ерлан Құсайын.
Сонымен қатар, жарыс төрелігін әділ жүргізетін құрам таныстырылып, Көкпар федерациясы, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық мәслихат өкілдері де жарысқа өз тілегін жеткізді.
– Бұл фестиваль – қыркүйек айында Талдықорған қаласында өтетін «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына іріктеу кезеңі. «Ақ бидай» – әр 4 жылда 1 рет өтетін ірі ұлттық спорт бәсекесі. Осы шараның нәтижесі негізінде облысымыздың намысын қорғайтын команда жасақтап, Талдықорғанға баруға ниеттіміз. Спортшыларымыз үш күн бойы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Дайындықтары мығым. Бұл фестивальдің бір ерекшелігі мұнда майталман спортшылар қатыспайды. Керісінше, осы ұлттық спорт түрлерімен айналысып жүрген, облыс аумағындағы болашағы бар жастарды іріктейміз. Төрешілер де өз ісінің шеберлері. Бұл ересектер арасындағы дода болғандықтан 18 жастан асқан үміткерлер қатысты. Биыл бюджеттен қаржы бөлініп, қаржылай сыйақылар тағайындалды. Тамыз айының соңында тағы осындай шара өтеді. Бұған дейін жасөспірімдер арасында өткен. «Ақ бидайды» қосқанда төрт жарысқа да қолдау көрсетіліп, қаржы бөлініп отыр. Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Сайфиддинұлы арнайы келіп, сайыстарға жанашырлық танытуда. Бұл бізді қуантады. Қолдау болса, спортшылар да аянбасы анық, – деп атап өтті Қарағанды облысының ұлттық спорт федерациясының басшысы Нұржан Шайхин.
Облыста ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 11 ұлттық спорт түрімен 38 296 адам шұғылданады. Облыс спортшылары республикалық деңгейде де жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, 2025 жылы 298 спортшы 34 республикалық жарысқа қатысып, 15 алтын, 14 күміс, 25 қола медаль иеленді. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына Қарағандыдан 36 спортшы енген.
– Бұл фестиваль – осында жүрген жастарды, кішкентай көрермендерімізді жігерлендіреді. Оларды саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға жетелейді. Қазір жас буын спортқа бейім. Нашақорлықтан және басқа зиянды әдеттерден аулақ болып, елімізге пайдалы азамат ретінде қалыптасу туралы әр жас осындай ауқымды шаралардан ой түйіп қайтады. Сондықтан, шараның басы-қасында жүрген азаматтарға, спортшыларға алғыс айтамын, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Ерден Халилин.
Жалпы командалық есепте бірінші орынды Қарқаралы ауданы иеленсе, екінші орын Бұқар жырау ауданына бұйырды. Ал, үшінші орынға Ақтоғай ауданының спортшылары жайғасты. Барлық спорт түрлерінен жеңімпаздар анықталды. Қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Жалпы, жүлде қоры – 12 млн теңге.
– Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылынан келдім. Осы жекпе-жекке бірінші рет шықтым. Бұған дейін қазақ, еркін күреспен айналысқанмын. Бапкерім – Айбек Бейбетов. Осындай жарысқа шығуымызға мүмкіндік бергеніне рақмет айтамыз, – дейді Тілектес Тайшыбай.
Фестивальге келген спортшылар атшабар алаңын үш күн бойы дүбірге бөлеп, ұлттық спортқа деген қызығушылығын аңғартты. Кіреберісте сайдың тасындай жігіттер аударыспақтан бақ сынасып жатса, бір жағында дәстүрлі садақ ату сайысы өтіп жатты. Асық атып, теңге ілген жігіттер ептілігімен сүйсінтті. Ал, бозкілемдегі балуандар мен көкпаршылар өз алдына бөлек әлем. Сәйгүліктер бәйгеге кіргенде арқамыз қозып, тыпыршып, тақым қысып отырдық. Шындығында, ұлттық спортты дамытудың ұлттық сананы, ұлттық мінезді қалыптастыруға, саламатты өмір салтын насихаттауға әсерінің мол екенін аңғардық. Енді жерлестеріміздің «Ақ бидайдан» абыроймен оралуынан үміттіміз.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»