Ресми

Далада қалдырмас «Күміс жас»

Биылғы жоспар артығымен орындалды. Айтпағымыз «Күміс жас» жайында. 2023 жылдың басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 15 148 адам жұмысқа орналастырылған. 2023 жылы осы бағыт бойынша барлығы 14 295 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет: azh.kz сайтынан алынды

Айта кетейік, 50 жастан асқан және зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз аза­маттар аталған жобаға қатыса алады. Ол үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады.

Субсидиялардың мөлшері жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ, 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнет­керлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, сондай-ақ, зейнеталды жастағы азаматты зейнеткерлікке шық­қанға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс­қа орналасқандардың ең көп саны Түркіс­тан (2103 адам), Алматы (1098 адам), Қарағанды (1092 адам) және Ақтөбе (1056 адам) облыстарында.

Қазақстандықтардың көбі жобаға оң бағасын беруде.

«Менің жасым 57-де, инженер мамандығын игергенмін. Жұмыссыз болғандықтан мансап орталығының көмегіне жүгіндім. Онда жұмысқа орналасудың бірнеше нұсқалары ұсынылды, соның ішінде, «Күміс жас» жобасы да болды. Мен «ДЕДАЛ» ЖШС оқу орталығында алғашқы қысқа мерзімді оқудан өттім, содан кейін сол фирмаға арнайы киім тігуші болып жұмысқа орналастым», – деді қарағандылық Владимир Ким.

Жобаға қатысушының айтуынша, «Күміс жас» жобасы оған өзін сұранысқа ие жұмысшы ретінде сезінуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі күнде Қарағанды облысында «Күміс жас» жобасы бойынша 1092 адам жұмыспен қамтылып, оның 82-сі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button