Дала өрті дамылдамай тұр
Жексенбі, 6 қазан күні Қарқаралы ауданындағы Қоянды ауылының маңынан өрт шығып, бастапқыда 40 гектар жер жанғанымен, сол күнгі жел күшейтіп жіберген жалын 3 мың гектардан астам жерді шарпып үлгерді. Биыл қалың шығып, күз мезгілінде әбден құрғап-қурап тұрған дала шөбі бой бермей жанып жатыр. Өрттің салдарынан қаза тапқан, зардап шеккендер бар.
Өрт шыққаны туралы хабар алысымен орман шаруашылығының, Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бөлімдерінің қызметкерлері мен еріктілер оқиға орнына жедел жетті. Өрт сөндіру барысында ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің бірнеше қызметкері мен еріктілердің бірін күйік шалып, олар аудандық ауруханаға жеткізілді. Тағы бір зардап шеккен өрт сөндіруші тікұшақпен Қарағандыға жеткізілді.
Күшейген өрт Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының аумағын да шарпыды. Өрт сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшақтары көмекке келді. Олар суды Шалқаркөлден алып, сағат 17.00-ге дейін 18 тонна су шашты. Бұл жұмыстар кейін де жалғасты.
Өрт ошағына жақын орналасқан Баянауыл ауданына қарасты Желтау ауылынан 18 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның сегізі – балалар.
Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығында осы төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылды. Өрт аумағына төтенше жағдайлар жөніндегі министрдің орынбасары Ерлан Нұрпейісов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев келді.
Бастапқы деректерге сүйенсек, өрт кезінде азаматтық қорғаныс қызметінің сержанты, 1991 жылы туған Қайрат Қали қаза тапты. Оның әріптестері 1994 жылы туған С.Күмісбаев, 2000 жылы туған О.Әлімхан, 1996 жылы туған А.Серікбай да зардап шекті. Күйік шалып, зардап шеккендер шұғыл түрде емдеу орындарына жеткізілді.
Даладағы тілсіз жаумен күреске облыстағы Төтенше жағдайлар департаментінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, жергілікті атқарушы биліктің күштері жұмылдырылды. Екі облыстың өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерінің жеке құрамдарынан екі жүзге жуық адам, 56 техника және төрт тікұшақ жұмыс істеуде.
Тым үлкен аумақты қамтыған өртпен күрес жұмыстары әлі де жалғасуда.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы.
Ortalyq.kz