Аймақ

«Дала генералының» даңқы

Мемлекет басшысы өзінің Қарағанды облысына сапары барысында Нұра ауданының «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ауыл еңбеккерлерімен жүздесіп, ауылдың әлеуметтік жағдайымен таныса келе: «Мен бұл оң өзгерістер үшін Георгий Прокопқа алғыс білдіремін, оның ауылды дамытуға жұмсаған күш жігері, салған инвестициялары үшін», – деген еді.

Мен, енді сол Георгий Прокоп кім деген сұраққа жауап бергім келіп отыр. Ең алдымен Прокоп – Еңбек адамы! «Әлемдегі ең тұрақты валюта – еңбек» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған ол өзінің саналы ғұмырын сайын далаға, туған жерін түлетуге арнаған азамат, елінің патриоты!

Сурет Г.Прокоптың жеке мұрағатынан

Тағдыр

Ұлты неміс болғандықтан, неміс халқының басына түскен барлық ауыртпалық бұл отбасын да айналып өтпеген. Оның ата-бабалары Петербург университетін бітірген, сондағы педагогикалық семинарияда сабақ берген, сол кезде әжесі мен үлкен әкесі Англия мен Германияға тәжірибе алмасу мақсатында сапар шеккен. 1937 жылы үлкен әкесіне «екі елдің тыңшысы» деген айып тағылып сотталып, итжеккенге жер аударылған. 1943 жылы айдауда жүріп Норильскіде ажал құшқан, сонда жерленген. Ал, әжесі бала-шағасымен Қазақстанға жер аударылған.

Гитлерлік Германия мен Кеңес Одағы арасындағы соғыс Поволжьедегі неміс автономиясын жоюға алғышарт болып, 1941 жылы күзде Қазақ жеріне 361 мың неміс қоныс аударылды. Қазақстандағы немістердің этникалық тобының қалыптасуына негіз салған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1941 жылғы 28 тамызда қабылдаған «Еділ бойында тұратын немістерді қоныс аудару туралы» (О переселении немцев, проживающих в районах Поволжья) Жарлығы болды. Еділ бойында тұратын немістерге сатқындық айыбы тағылды. Жарлықтың күші кеңестік неміс ұлты өкілдерінің барлығына қолданылды. Сол кезеңде республикадағы немістердің жалпы саны 441713 адамды құрады.

1941 жылы Прокоптар отбасы да Қазақстанға жүк тиелген вагондарда жөнелтілгенде, көрген зорлық-зомбылықтан соң ешкім тірі қаламыз деп ойламады. Сөйтіп, олар Нұраның Қызылшілік деп аталатын кішкентай ауылына жеткізілді. Әкесі 1941-1948 жылдар аралығында еңбек армиясына жіберілді, анасы ауылда жұмыс істеді. Әкесі ауылда өте сыйлы болды, қазақ тілін жетік меңгеріп, техниканың тілін де бір кісідей меңгерген, ауылдастарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Нұраның шаруашылықтарында механик, бригадир болып, тұрғылықты халықпен қоян-қолтық араласып, зейнетке шыққанша еңбек етті.

– Әкей қазақ халқының алдында бас иетін. Қазақтардың арқасында біз тірі қалдық. «Бүгінгі күніміз үшін біз – осы халық алдында мәңгі қарыздармыз», – деп отыратын үнемі, – деп еске алады Георгий. Кейін заман өзгергенде әкейден «Германияға тарихи Отаныңызға қайтқыңыз келе ме? Қазір мүмкіндік бар ғой», – деп сұрағанымда әкей маған: – Сен өз тағдырыңды өзің шеш, ал, мен Қазақстанды тастап ешқайда бармаймын, маған тағдыр сыйлаған Менің Отаным – Қазақстан. Мен мәңгілік осы жерде қаламын! – деп жауап берді. Мен де бұл мәселеге қайта оралмадым.

Депортацияланған халықтардың тарихы аса күрделі кезең оқиғаларын қамтиды. Қазақтар 1930 жылдардағы бұрын-соңды Қазақ даласында болып көрмеген аштық қасіретін басынан өткізіп отырса да, осынау тарихи сын сағатынан сүрінбей өтті. Қазақ халқы тағдыр тәлкегімен келген халықтардың сақталып қалуы мен рухани-материалдық тұрғыда қайта түлеуіне мүмкін болған көмегін аяған жоқ-тын. Қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының көрсеткен мейірбандығы мен қонақжайлылығы қоныс аударылып келген халықтардың жадында сақталады және ол ешқашан ұмытылмақ емес. Міне, бұл тарихи тағдыр қазақстандық ұлтаралық татулық моделінің негізі болса керек.

«Туған жерге туың тік»

Георгий Прокоп Нұра ауданындағы сол кішкентай Қызылшілік деп аталатын шағын ауылда дүниеге келген. Киевка орта мектебін, одан соң Целиноград ауыл шаруашылдық институтын бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Целиноград облысы, Вишневка ауданының (қазіргі Аршалы ауданы) «Вячеславский» кеңшарында бастаған, 1976 жылы туған жерге оралып, содан бері туған топырағында ел игілігіне қызмет етуде.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» – деген мақсат қойды емес пе өз Жолдауында. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, бізді әке-шешеміз жасымыздан еңбекке баулыды, әуелі үй шаруашылығына көмегіңді тигізесің, одан соң мектеп оқушысы кезінде каникулда ересектермен еріп, солардың қасында жүріп, шамаң келген жұмыстарды, мал азығын әзірлеу науқаны, құрылыс жұмыстары, әйтеуір, шама-шарқыңша жұмыс атқарасың. Ол уақытта біз ересектердің қасында жүргенді үлкен құрмет санайтынбыз. Бұл өте маңызды тәрбие мектебі болатын, – дейді ол.

Ал, 1986 жылдан бері «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады. Бұл нарық заманына өту және жекешелендіру науқанының басталу кезеңі болатын. Шаруашылықтар тарап, ауылдықтардың көпшілігі не істерін білмей дал болған кезде жерлестері Георгий Прокопқа сенім артып, бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып, бірікті. Енді жаңадан құрылған шаруашылықты жаңаша басқару, еңбекті жаңаша ұйымдастыру ұжым мүшелерінің бәрінің бірдей жауапкершілігін арттыра отырып, нәтижеге қол жеткізу тың мақсатқа айналды. Ең алдымен ескірген машина-тракторлық паркті жаңарту, яғни, жаңа техника сатып алу, сонымен қатар, жермен жұмысты да басқаша жүргізу керек еді. Бұрынғыдай соқамен жер жыртуды қойып, жер қабатын сақтай отырып, жерге дән сіңіру мен астық жинаудың тың тәсілдерін қолдану керек болды. Георгий өзі қаншалықты диқан еңбегіне қанық болғанымен, енді озық технологияларды қолдану жайының жай-жапсарын зерттей бастады. Күтім көрмеген жер тоза бастайды және оны арам шөп басып кететіні айдан анық қой. Сөйтіп, өзінің «Жер – біздің анамыз. Біз анаға қандай құрметпен қарасақ, жерге сондай құрметпен қарауымыз керек, сонда жердің де берері мол болары хақ, жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өнім аласың» деген ұстанымымен жұмысты жалғастыра берді. Егістіктің алғашқыда бір бөлігіне жаңа тәсілдерді қолданды, арам шөптермен күрес, ылғал сақтау технологиясын пайдалана отырып, тұқым сапасын жақсартуды да біртіндеп қолға алды. Осы аралықта шаруашылық үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Георгий Прокоптың басты қасиеттерінің бірі бір орында тұрмау, жаңа технологияларды меңгеру, заман талабына сай болу мақсатында Қытай, Гонконг т.б. бірнеше шетелдерде де тәжірибе алмасу семинарларына қатысып қайтты. Онда алған мәліметтер мен тәжірибелерді өз шаруашылығы жағдайында қолдануды жүзеге асыра бастады. Алға ұмтылу оның басты мұраты болды. Қазіргі кезде оның шаруашылығына озық технологиялардың алуан түрі, ылғал сақтау техникаларының да озық түрлері сатып алынды. Американдық техникалар алынып, яғни, механизатор еңбегін жеңілдету үшін барлық жағдай жасалды. Мысалы, қазіргі оның шаруашылығында қолданыстағы «Джон Дирлерде» желдеткіш те, компьютер де орнатылған. Механизаторларды Көкшетау қаласында арнайы курстан оқытып, оларға да жаңа технологияларды меңгеруге жол ашты. Машина-тракторлық парк толықтай жаңартылған.

Еңбекпен келген абырой

Бүгінгі таңда «Шахтерское» ЖШС облысымызға танымал элиталық тұқым шаруашылығына айналған. Ал, осы шаруашылықты отыз жылдан аса басқарып, өрге сүйреп келе жатқан Георгий Прокоптың да абыройы асқақ. Бүгінде «Қарағанды облысының Құрметті азаматы», Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері. Осының бәрі, азаматтың ерен еңбегінің әділ бағасы. 2014 жылы еңбектегі табыстары мен мемлекетіміздің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Отан» орденімен марапатталуы оның Қазақстанға деген отансүйгіштігі мен патриоттық сезімін арттыра түсіп, жігеріне жігер қосып еңбегін жандандыра түсті.

«Дала генералы» атанған Георгий Прокоп білгір басшы, іскер ұйымдастырушы бола тұра, ол әлеуметтік мәселені де ешуақыт назардан тыс қалдырмайды. Жас мамандарға, мұғалімдерге арнап тұрғын үй салу, мектепке көмек сияқты мәселелер үнемі назарында. Ауылдың бүгінгі кейпі көзтоярлық. Ауылы – ажарлы, ауылдықтар өмірі – базарлы. Қай жағынан алсақ та, көпке үлгі боларлық. Көшелер асфальтталған, жарықтандырылған, көгалдандырылған, таза су әр үйге кіргізілген, орталық көшеде стела мен субұрқақ орнатылған. Осының бәрі оған республикалық «Парыз» байқауының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі номинациясының «Күміс жүлдегері» атануына жол ашты. Ендігі жоспарында Георгий Прокоп ауылға жаңа мектеп салмақшы.

Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына сенім білдірген Президент бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті адал еңбекте жатқанын айтты. Міне, өзінің кіндік қаны тамған жер, туған топырағы Нұрасына бар саналы ғұмыры мен адал еңбегін арнап жүрген Георгий Прокоп – осындай аптал азамат!

Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button