Руханият

«Дала думанның» дара дүбірі

Тұтас түркіге ортақ ұлық мереке Наурыз – табиғат тылсымы мен ғалам ғажайыптарын бір өзінің атауына жиған ерек мейрам. Ізгіліктің ізі менмұндалайтын, шартабақ күннің ақшуақ сәулесі одан әрмен әрлі болып сезілетін Ұлыстың ұлы күні қаймана қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылық атаулысын бөлекше қадірлеудің шынайы бір үлбір үлгісіндей. Күн мен түн теңеліп, ақ атанның бауырын арқан кескен мезетке орай, «VOGUE» мейрамханасында жылдағы дәстүр негізінде «Дала думан» мерекесі ұйымдастырылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Мерекелік іс-шараға «Қазақ аналары. Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі және «Ханталапай» орталығының қызметкерлері ұйытқы болды. «Дала думанда» ұлттың бірегей құнды да құнтты ұғымдары кеңінен насихатталды. Ақзер дастархан басына жайғасқан ақкөңіл мейманның қолына су құю сынды іргелі ғұрпы жаңғырды. Оң қанатта жайылған кереге маңында домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы сынды қасиетті аспаптары мен кәде-сый көрмесі безендірілді. Арда Алаштың есті әні шырқалды. Он бармағынан саз тамған дәулескер күйшілер домбыраның қос шегінен шертпе, төкпе күй бебеулетті. Бес мың жылдан бермен қарайғы салтдәстүр мен тағылымды тарихқа қатысты сауал-жауап, абыз ақсақалдың бата беруі секілді бірқатар кәделі көріністері тартымды сахналанды. Онда арнайы ат басын тіреген әр қонақ бір-бірін еменжарқын ұлыстың ұлы күнімен құттықтарлық, көтеріңкі көңіл-күймен атаулы өнер кешінің барынша биік деңгейде өтуіне үлес қосты.

Рухани кештің екі тізгін, бір шылбырын ұстаған Арқаның айтулы да азулы асабасы Айтуған Ырысалдин аталы сөзбен, ажарлы нақышпен шараның шырайын кіргізсе, Елордамыз Астананың іргесіндегі «Қосшы» шәрінен арнайы келген этно-ансамбль өнерімен халықты тәнті етіп, беу дегізді. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, «AMANAT» партиясы жергілікті филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков ел ағалары ретінде қалың жұртшылыққа ізгі лебіздерін жеткізді.

Өрелі іске мұрындық болған ұйымдастыру алқасы төл мәдениетімізді өркендету жолындағы ынтамақтастық ашықтығы үшін Данияр Қалымбет мырза мен Эльмира Сайлауқызы ханымға алғаусыз алғысын білдірді. Сырлы алаңда кезектесе өнер көрсеткен мың бұралған бишілер мен дауысы алты қырдан асатын әйдік әншілер, әр нотада бірлік пен тылсым үйлесім тудырды. Заманауи дыбысқа оранған қазақ фольклорының қанық әуезі тыңдарманын музыкалық ғажайып пен сиқыр әлеміне жетелегендей күйге бөледі.

«Дала думан» этно-фольклорлық сазды кеші тек бірыңғай музыкалық қойылым ғана емес, көптен қауышпаған жандармен жүздесіп, емін-еркін пікірлесуге, әсерлі әңгімеге желі тартуға, сайын даланың қадір-қасиетін жан-тәніңізбен сезіне түсуге таптырмас мүмкіндік көпіріндей болып көрінді көзге. Осылайша, бұл мәйекті мереке Сарыарқа белінің мәдени өміріндегі жарқын оқиға болды, көзі қарақты көрерменге ұмытылмас әсер мен көл-көсір қуаныш сыйлай алды. Төл тарихымыз бен бірегей болмысымызды шынайы айшықтай түскендей.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button