Руханият

Ділмар-шешен Жұмаділ Байнамазұлының өнегелі әңгімелері топтастырылған кітап жарық көрді

Қазақ руханияты тағы бір тағылымды еңбекпен толықты. Жуырда Қарағанды қаласындағы «Bolashaq» баспасынан «Байнамаздың Жұмаділі» атты кітап жарық көрді. Бұл жинаққа Арқа өңіріне аты кеңінен мәлім, аузы дуалы, сөзі уәлі ділмар-шешен Жұмаділ Байнамазұлының ел аузында сақталған өнегелі әңгімелері мен ол туралы естеліктер топтастырылған. Кітапты құрастырып, жарыққа шығуына ұйытқы болған – белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлімжан Құтжанұлы.

Сурет автордан

Жинақта ХХ ғасырдағы кеңестік жүйенің қыспағында өмір сүрген қазақ қоғамының шынайы көріністері, сол заманның күнгейі мен көлеңкелі тұстары Жұмаділ Байнамазұлының тағдыры мен тағылымды сөздері арқылы бейнеленеді. Қарапайым, жеңіл тілмен өрілген әңгімелер қазақы қалжыңға, астарлы әзіл мен уытты юморға толы. Оқырманды бірде күлдіріп, бірде ойға жетелейтін бұл кітап – халық даналығының айнасы іспетті.

Кітаптың алғы сөзінде заң ғылымдарының докторы, профессор, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков еңбектің мән-маңызына ерекше тоқталған.

«Жұмаділ Байнамазұлы – ел ішінде елеусіз жүргенімен, сөзі мен ісі тұтас бір дәуірдің шындығын танытатын тұлға. Оның әзілге құрылған қысқа әңгімелерінің өзінде терең мағына, тіпті, саяси салмақ бар. Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде әділдікті ту етіп, шындықты бетке айтқан Жұмакеңнің болмысы – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Бұл жинақ – тұтас бір дәуірдің айнасы», – дейді Нұрлан Орынбасарұлы.

Расында да, Жұмаділ Байнамазұлының тосын мінезі мен тапқыр жауаптары Қожанасыр мен Алдаркөсе сынды халықтық образдарды еске салады. Бірақ, оның әр сөзі – күлкі үшін емес, ел мүддесі үшін айтылған уәлі сөз.

Кітаптың жарыққа шығуына ақ батасын берген абыз ақсақал, ауданға еңбегі сіңген Амандық Құсайынұлы да еңбектің құндылығын жоғары бағалайды.

«Өткенді ұмыттырмай, Жұмекеңдей елге еңбегі сіңген азаматтың өмір жолын жинақтап, кітап етіп шығару – сауапты іс. Бұл еңбекті бастаған, қолдау көрсеткен азаматтарға, әсіресе, кейінгі ұрпаққа алғысым шексіз. Мұндай кітаптар – ел тарихын тірілтетін рухани қазына», – дейді ақсақал.

Шынында да, ел ішінде айтылып келген әңгімелерді хатқа түсіріп, тасқа басу – уақыт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Жинақта Жұмаділ Байнамазұлы туралы жылы естеліктермен қатар, оның отбасылық және қызмет жолынан сыр шертетін сирек суреттер де берілген.

Кітапқа пікір білдірген ел ағасы Балтабай Игенұлы да бұл еңбектің тәрбиелік мәніне айрықша назар аударыпты.

«Байнамаздың Жұмаділінің әңгімелері – қиын-қыстау замандағы халықтың мұң-мүддесін, әділдікке деген ұмтылысын көрсететін шынайы дерек. Бұл кітапты болашақ жастарға өсиет, өмірлік тәжірибе мен дала даналығының үлгісі ретінде ұсынамыз. Осындай еңбектер арқылы өткенімізді танып, бүгінімізді бағалаймыз», – дейді ол.

«Байнамаздың Жұмаділі» – ел ішіндегі көмескі қалған асыл сөзді қайта тірілткен, халық жадындағы тұлғаны жаңғыртқан құнды еңбек. Бұл жинақ – тек бір адамның өмір жолы емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі.
Жаңа кітаптың оқырманын тауып, қазақ руханиятына қызмет ете беруіне тілектеспіз.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button