АймақТеміртау

Дайын депо, жаңарған жол

Теміртау қаласында өрт сөндіру депосы ашылуға дайын. Оның қажеттілігі жайлы көптен бері айтылып келген. Бұл мәселе облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынып, бұрынғы өрт сөндіру бөлімінің үш қабатты ғимаратының күрделі жөндеуіне қаражат бөлінген еді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Осы жолы Теміртау қаласына барған сапарында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оның жөнделу жұмыстарымен танысып, құтқарушылар үшін қандай жағдай жасалғанын көрді. Қазірде бітуге таяп қалған оны қайта жасақтау техникалық жарақтандыруды жақсартып қана қоймай, қызметкерлер үшін қолайлы мүмкіндіктер береді. Яғни аталған ғимараттың бірінші және екінші қабаттарында әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер, өрт сөндіру техникаларының гаражы орналасса, үшінші қабатында жеке құрам мен олардың отбасыларына арналған пәтерлер бар.

Бұл ғимаратты күрделі жөндеу барысында оның ескірген қасбеті жаңартылып, ол үшін желілі панельдер пайдаланылған. Енді мұнда есіктерін орнату мен жиһаздарын қою ғана қалды. Өрт сөндірушілерді даярлауға арналған оқу мұнарасы да болады. Мұның өзі құтқарушылардың жедел әрекет етуін арттырып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмекке тез жетуін қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ, Ермағанбет Қабдулаұлы қаланың Металлургтер даңғылындағы күрделі жөндеу ісімен де танысты. Екі жылға арналған бұл жоба бойынша көптеген жұмыстар кешені қарастырылған.Ол жол төсемін ауыстыру, жүргіншілердің аяқжолын салу, гүлзар аймағын абаттандыру, нөсерлі кәріз мәселесін шешу,мүгедектерге бейімделген алаңдарды қоса алғанда веложолдар, спорт және ойын алаңдарын құруды қамтиды.

Даңғылдың екі жағының ұзындығы шамамен үш шақырым болады. Бүгінгі таңда оның бір жағындағы Республика даңғылынан Абай көшесіне дейінгі аралықта жұмыстар аяқталып, жол белгілері орнатылып, енді жолдың бұл бөлігі таяуда ашылмақ. Ал, оның екінші жағын да асфальттау басталып, Бейбітшілік даңғылынан Амангелді көшесіне дейінгі бөлігіндегі жұмыстар келесі жылдың көктемінде жалғаспақшы.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button