Бас тақырыпМедицина

Дабыл қақтырған дерт

Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 2019 жылы 3 568 балаға аутизм диагнозы қойылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 12 456-ға жеткен. Ал, бейресми дерек бұл санның 2-3 есе артық екенін көрсетеді. Сондықтан, аутистік спектрі бұзылған бала да, жанында жүрген ата-ана қолдауға зәру. Президент Ұлттық Құрылтайдың биылғы отырысында «Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар» дей келе, ерекше балаларға барлық жағдайды жасау қажеттігі туралы айтты.

Сурет doctorpiter.ru

Статистика көңіл көншітпейді

Өкінішке қарай, аутистік спектрі бұзылған балалардың қатары жыл санап еселене түсуде. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 20 мыңға жуық бала бар. Нақтыласақ – 19 886 мың бала, 2023 жылы – 14 788 бала болған. Осы балалардың 85,7%-ы, яғни, 17 043-і арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзету шараларымен қамтылған. Оның ішінде, педагогикалық медициналық психологиялық кеңес деректері бойынша облыста аутистік спектрі бұзылған 1 358 бала тіркелген. 2022 жылы 638 болса, 2023 жылы 967 бала есепке алынды.

Ауытқудың себептерін бүгінгі күні ешбір маман тап басып айта алмайды. Белгілісі – ол туабітті пайда болмайды. Тек бала өсе келе байқалады. Егер түзету жұмыстарын өте ерте бастаса, мектеп жасына қарай бала кәдімгідей жақсы болып кетуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, оның пайда болуына әсер ететін фактор көп. Оның ішінде, тек генетика мен нашар экология ғана емес, сонымен қатар, жүйке жүйесінің аурулары, анада жүктілік кезіндегі тұрақты стресс, ата-аналардың созылмалы аурулары да жатады. Аутизмді толығымен емдеу мүмкін емес, бірақ, белгілерді түзетуге болады. Мәселен, баланы сөйлеуге үйрету, қоғамға бейімдеу, басқа да дағдыларға үйрету мүмкін нәрсе. Егер дұрыс диагноз кем дегенде, екі жасқа дейін қойылса, қалыпты өмір сүру мүмкіндігі артады. Бала кәдімгі мектепке бара алады, тіпті, университетке түсуіне, жұмыс істеуіне жол ашылады. Егер диагноз тым кеш қойылса, адам өмір бойы арнайы күтімді қажет етуі мүмкін.

Ерте анықтау – даму кепілі

Қазақстанда диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамасы алғаш рет 2021 жылы бекітілді. Бұл шешім дәрігерлердің аутизмді анықтаудағы біліктілік деңгейін арттырып, диагностика сапасын жақсартуға ықпал етті. Сонымен қоса, ата-аналардың аутизм туралы хабардар болуы артып, ерте диагностиканың маңыздылығын түсінуі ауруды ерте анықтауға мүмкіндік берді. Одан кейінгі жылында ел аумағында аутизм белгілерін ерте анықтауға арналған M-CHAT (Modified Checklist for Autism in Toddlers) диагностикалық скринингі енгізілді.

Денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Аслан Теміровтің айтуынша, балалар психиатрия орталығында интеллект деңгейі мен аутизм дамуының тәуекел деңгейін анықтау үшін Векслер тестісі жасалады.

Патология анықталған жағдайда балалар педагогикалық медициналық психологиялық кеңеске жіберіледі. Онда арнаулы мектепке дейінгі ұйымдарға барудың жеке бағдарламасы, оқушылар үшін білім беру немесе түзету бағдарламасы әзірленеді.

– Орталықта 2 041 бала есепте тұр. Оның 905-інің мүгедектігі бар. Былтыр мүгедектік 150 балаға алғаш рет тағайындалды. Орталықтың медициналық әлеуметтік оңалту бөліміне күнделікті 25 бала келеді. Ал, тәуліктік стационарға бір мезетте 80 бала орналаса алады, – дейді Аслан Қазақбайұлы.

Қалалық ауруханаларда бас­тап­қы психикалық денсаулық орталықтары ұйымдастырылған. Қарағандыда мұндай – үш, Теміртау қаласында – екі және Балқашта бір орталық бар. Олардың барлығында психолог, логопед, педагог-дефектологтың, әлеуметтік қызметкердің кабинеттері іске қосылған. Бейінді гимнастикаға арналған зал, сенсорлық бөлме барлық керек-жарақпен қамтылған. Физио ем мен массаж кабинеті де қарастырылған. Барлық ем шараның нәтижесі ата-анасына айтылады, арнайы орта мен білім беру бағдарламасы ұсынылады.

Білім алуда кедергі жоқ

Аймақта аутизмі бар балаларды қолдау орталығы 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Ол облыстық білім басқармасына қарайды. Орталық жыл сайын шамамен 600 балаға көмек көрсетеді.

– Сонымен қатар, облыс көлемінде 10 арнайы мектеп-интернат, үш арнайы балабақша, алты психологиялық медициналық педагогикалық кеңес, он психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, екі оңалту орталығы және бір аутизмі бар балаларды қолдау орталығы бар. Биыл Бұқар жырау ауданында түзету кабинетін ашу жоспарланып отыр, – дейді білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта және арнаулы білім бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.

21 мектепке дейінгі ұйымда сөйлеу қабілеті, көру қабілеті, интеллектісі бұзылған, психикалық дамуы тежелген ерекше балаларға арналған 69 арнайы топ бар. Оларға 683 бала барып жүр. Одан бөлек, облыстың 14 мектебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 47 арнайы сынып бар. Арнайы сыныптарға интеллектуалдық даму бұзылыс­тары, психикалық дамудың тежелуі тіркелген 354 бала оқиды.

– Былтырдан бері облыста мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы жүзеге асырылуда. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау алатын балалардың жалпы саны 300 баланы құрайды, – дейді Гүлдана Ерболатқызы.

Жалпы, облыста инклюзивті білім беру үшін жағдай балабақшалардың 89%-ында, мектептердің 93%-ында және колледждер 85%-ында жасалған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу және болашаққа дайындау маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты колледждерде білім алу және оларды жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше назар аударылуда.

2022-2023 жылдары «Қазақ­с­тан хал­қына» қоры 10 арнайы мек­тепте 330 млн теңге оқу каби­неттерін, шеберханаларды, зертханаларды, спорт және акт залдарын жабдықтады. Былтыр да аталған қор тарапынан 488 млн теңге бөлініп, арнайы мектеп-интернаттар мен балаларды қолдау орталықтарының аумағын абаттандыру жобасы жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, «Дара» қоры, «Шев­рон» компаниясының Оқу-ағарту министрлігімен бір­лес­кен ерекше қажеттіліктері бар балаларға ерте қолдау көрсету қызметтерін дамытуға бағытталған «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы бар.

Осы ретте инватакси қызметі аутистік спектрі бұзылған балаларға да көрсетіле бастағанын айтып өткен орынды. Мұндай өзгеріс былтыр енгізілді. Облыстың барлық өңірлеріндегі осындай 698 бала инватакси қызметін пайдаланып жүр.

Ерте диагностика, білікті мамандарға қолжетімділік және инклюзивті білім беру жүйесін дамыту аспектілері еліміз үшін өзекті. Біріншіден, аутизмді барынша ерте анықтау түзету бағдарламаларын баланың миы ең икемді кезеңде бастауға мүмкіндік береді. Зерттеулер көрсеткендей, ерте араласу баланың коммуникативтік дағдыларын, әлеуметтік бейімделуін және өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады.

Ерекше баланың өмірі мен денсаулығы – екі есе жауапкершілік. Сондықтан, әлеуметтік мәнге ие мәселеде жан-жақты қолдау ауадай қажет. Бұл әсіресе, Президент айтқандай, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде, аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құруға қатысты. Аутистік спектрі бұзылған балаларға тікелей көмек көрсететін орталықтар жұмысы – келесі материалға арқау.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button