Даңғыл жол – даму көрсеткіші
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған» деген болатын. Осыған қатысты облыста биылдың өзінде біраз шаруа атқарылғанын айту керек. Мәселен, 1 032 шақырым автомобиль жолы жөнделді. Оның 461 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, 178 шақырымы – облыстық, ал, 393 шақырымы – қала және аудандық жолдар. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саннан гөрі сапаның маңызды екенін де айтты. Ал, ол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл ретте атқарылатын жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту үшін жолдардың жөнделуіне қатысты барлық ақпарат болатын бірыңғай цифрлық платформаны да іске қосу қажеттігіне назар аударды. Сәйкесінше Көлік министрлігі Жол институттарымен бірлесіп, саланы цифрландыруды жүргізуде. 2025 жылға жоспарланған платформа іске қосылса, барлық жүйе «Е-Жолдар» бірыңғай ақпараттық жүйесіне біріктіріледі. Қарағанды да бұл жаңашылдықтан қалыс қалмайды.

Облыс жолдары толық қамтылды
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожановтың мәліметінше, келесі жылы Қарағанды-Жезқазған жолының 40 шақырымы қайта құрылымдалады. Одан бөлек, Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бурылбайтал, Қарағанды-Қарқаралы жолдарын жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады.
– Өңір тұрғындарынан республикалық маңызы бар Қарағанды-Жезқазған жолына көптеген шағымдар келіп түсуде. Жолдың жалпы ұзындығы 500 шақырым. Алайда, Қарағанды облысына тиесілісі небары – 160 шақырым. Қазір қайта құрылымдаумен айналысатын мердігер ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. 2025 жылы 40 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда, – деді Мақсұт Жолдыбайұлы.
Басқарма басшысы бөліскен тағы бір жаңалық, Қарағанды-Балқаш жолына қатысты. Айтуынша, бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жолды қайта құрылымдау жұмыстары аяқталуға жақын. Яғни, асфальтбетон жабынының жоғарғы қабатын төсеу толық аяқталған. Тек, жолды абаттандыру жұмыстары ғана қалған. Ауа райы кедергі келтірмесе, жұмыстардың биыл да аяқталуы ғажап емес.
Мақсұт Қожанов 91 шақырым болатын Балқаш-Бурылбайтал автожолының екі учаскесінің құрылысы аяқталғанын да айтып отыр. Ал, кейінгі үш жылда Қарағанды-Қарқаралы жолының 115 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Қалған 85 шақырымы келесі жылдың еншісінде. Осылайша, ұзындығы 200 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.
Мақсұт Жолдыбайұлы Қарағанды-Павлодар жолының 27 шақырымына орташа жөндеу жүргізілгенін де айтты. Одан бөлек, Астана-Нұра-Теміртау жолының 103 шақырымы жөнделуде.
Облыстық маңызы бар жолдар да назардан тыс қалмағанын айту керек. Айтар болсақ, биыл 178 шақырым автожол жөндеумен қамтылды. Мәселен, 16 шақырым «Осакаровка-Молодежный» автожолының учаскесін қайта жаңарту аяқталса, Нұра-Осакаров жолының 20 шақырымы қайта жаңартылуда. Қазірдің өзінде асфальт төселген. Бірақ, жоба келесі жылы аяқталады.
Абай ауданында да жол жөндеу жұмыстары жүруде.
– Жартас-Долинка жолының 21 шақырымын қайта жаңарту жалғастырылуда. Жол асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылды. Ал, Долинка кентінде 75 жарықтандыру тірегі орнатылды, – дейді Мақсұт Қожанов.
Саран-Шахтинск автожолының 19 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде Шахан кентінен «Тентек» шахтасына дейін 5 шақырым ұзындыққа асфальттың төменгі қабаты төселген. Мақсұт Қожанов аталған жол бойынша биылға жоспарланған жұмыстардың аяқталғанын айтады.
Басқарма басшысы биыл екі көпір қайта жөнделгенін де жеткізді. Біреуі – Нұра өзені арқылы өтетін, жеті тіректен тұратын Теміртау-Токаревка автожолындағы көпір, екіншісі – Саран-Шахтинск жолындағы Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір. Іргетас құрылысы жүргізіліп, жұмыстар 2025 жылы жалғасады.
Одан бөлек, С.Сейфуллин-Өспен-Ақадыр жолының 26 шақырымы, Ақсу-Аюлы-Ақтоғай жолының 57 шақырыман орташа жөндеу жүргізілген.
– Сондай-ақ, Қоянды-Егіндібұлақ-Бүркітті жолына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл Қарағандыда жаңа жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл – Тәттімбет көшесінен Шығыс айналма жолға дейінгі учаскеде Мұқанов көшесінен жол салу, Гапеев көшесіне шығатын Университет көшесіне, Сарыарқа көшесіне автожол салу. Күнгей шағынауданында магистральдық жол салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жобаны іске асыру 2025 жылы басталады, – деді Мақсұт Қожанов.
Ал, облыс орталығында 128 шақырым құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. К.Дүйсембеков және Бауыржан Момышұлы көшелері арасындағы кварталаралық көшелер. Е.Бөкетов көшесін салу жобалары іске асырылуда. Космонавттар көшесін қайта жаңарту, Пичугин және Четская көшелерін күрделі жөндеу жалғасуда. Орташа жөндеумен 115 шақырым жол қамтылған.
Битум Ресейден импортталады
Атқарылған жұмыстардың көлеміне қарай, Мақсұт Қожанов облыста битум тапшылығы мәселесі шешілгенін де айтты.
– 2025 жылы аймақ жолдарын салу және жөндеу үшін Ресейден 500 мың тонна битум импортталады. Ресейлік битум пайдаланылған соңғы көше – Назарбаев даңғылы. Асфальтбетон жабыны 10 жылдан астам уақытқа төтеп берді. Осыдан кейін облыс орталығындағы жолдар отандық материалдарды пайдалана отырып жөнделе бастады. Битум Орск, Омбы, Салаваттан әкелінді. Дегенмен, Үкіметтің шешімімен бұл жақтардан жеткізуді тоқтату туралы шешім қабылданды, – дейді Мақсұт Жолдыбайұлы.
Айтуынша, өңірде сыйымдылығы 48 мың тонна болатын 42 қойма жұмыс істейді. Бұл көлем – жеткіліксіз. Жол маусымында қажеттілік 200 мың тонна. Осыған байланысты, битум тапшылығы қаупін азайту мақсатында мердігер ұйымдарға битум қоймаларын ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу ұсынылған.
Мақсұт Қожанов жол жабынын бұзатын ауыр жүк көліктеріне қатысты да ақпаратпен бөлісті.
– Келесі жылдан ауыр жүк көлігін бақылау үшін қозғалыстағы салмақты өлшеудің автоматты жүйелерін орнату жоспарлануда. Бұл жүйе көлік құралының салмағын автоматты түрде анықтайды, бұзушылықтар анықталған кезде оларды тіркейді және уәкілетті органдарға береді. Жүйелер сегіз учаскеде орнатылады, – дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, өңірде жолдарды жөндеу және салу сапасына көп көңіл бөлінетінін айтып отыр Мақсұт Қожановтың айтуынша, 2023 жылдың қазанынан Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен өзара іс-қимыл жүргізілуде. Орталықтың ескертулері болған жағдайда нысандарды қабылдауға жол берілмейді.
Балқаштан жыл бойы ұшақ ұшады
Өңірде қоғамдық көлік саласын дамыту бойынша шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, былтыр облыстың автобус паркі бірқатар жаңартылды. Тасымалдаушылар 195 жаңа автобус сатып алған болатын. Биыл да жұмыстар жалғасын тапты.
– Биыл Теміртау – 23, Абай ауданы – 8 жаңа автобус сатып алды. Ал, қыркүйекте «Қарағанды-Теміртау» бағытындағы №100 маршрутына төрт жаңа автобус қосылды. Сондай-ақ, облыс бағыттарында жол ақысын төлеудің электрондық жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда. Мамыр айында «Оңай» электронды билеттендіру жүйесі Теміртау қаласының маршруттарында енгізілді. Осы жылдың соңына дейін Шахтинск қаласының маршруттары осы жүйемен қамтылады. Саран, Балқаш қалаларында, сондай-ақ, қала маңындағы маршруттарда электрондық билеттеу өткен жылдан бастап тұрақты жұмыс істейді, – дейді Мақсұт Қожанов.
Жолаушылар теміржол көлігіне де жеке көңіл бөлінуде. Басқарма басшысы облысішілік жеті теміржол қатынасы бойынша жолаушылар тасымалы бар екенін айтады. Ал, өткен жылдың маусымында Балқаш қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында Қарағанды-Балқаш пойызының құрамы 4 вагоннан 6 вагонға дейін көбейтілген. Бұл жылына қосымша 40 мың адам тасымалдауға мүмкіндік туғызып, әсіресе, жазғы мезгілде жолаушылардың сұранысын қанағаттандыруға ықпалын тигізген.
Басым бағыттардың бірі – азаматтық авиация саласын дамыту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында туризмді дамыту мақсатында әуе көлігінің, атап айтқанда, Балқаш қаласының әуежайының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Енді Балқаштан үш бағыт бойынша ұшуға болады. Олар – Түркістан, Шымкент және Өскемен. Әуежайды күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін ұшақтар ұшуды бастайды.
Қазір Балқаш әуежайы жазғы кезеңде Астана және Алматы бағыттарында бойынша ұшақтар шығарады. Билік маусымдықты болдырмауды, жолаушылар легін арттыруды және әуежайдың жыл бойы жұмыс істеуіне қол жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір әуеайлақтың перронын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жобаның құны – 3,8 миллиард теңге. Биылға бөлінген сома – 2,5 миллиард теңге.
Балқаш әуежайы 1967 жылы салынған. Ал, соңғы ішінара жөндеу 2007 жылы жүргізілді. Қайта құрылымдау жолаушылар легін үш есеге, яғни, жылына 13 мыңнан 40 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz