Дәурен Абаев: “Вирус таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр”
Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуы үдеп барады. Егер, ел азаматтары шектеу шараларын қатаң сақтамаса, өзгелердің обалына қалуы мүмкін. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев “Хабар 24” арнасының тікелей эфирінде өткен брифингте айтты.
«Бұл тікелей эфирді онлайн брифинг емес, үндеу деп қабылдаған жөн. Өздеріңіз көріп отырсыздар, індеттің таралуы үдеп барады. Бір түнде коронавирус жұқтырған қырықтан астам адам анықталғаны – алаңдататын жағдай. Қазір вирус жұқтырғандардың саны 204-ке жетті. 1899 адам стационарлық карантинде. Үш жарым мыңнан астам адам үй карантинінде жатыр. Алты мыңнан астам ауырғандармен байланыста болған. Олардың 95%-ының кім екені анықталды. Біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирус таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр», – дейді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар, министр Италияның қателігінен сабақ алу керектігін айтты. Ол жақта сақтық шараларына салғырт қараудың нәтижесінде бір күнде 969 адам көзжұмған. Сондықтан да, індеттің таралуын тоқтату үшін шектеу шараларын қатаң сақтау қажет.
«Қазір шетелге шықпай-ақ ауру жұқтырғандар саны өсуде. Бұл дегеніміз – ауру қонақта, туыстардың үйінде, лифтте, автобуста, яғни кез келген жерде жұғуы мүмкін дегенді білдіреді. Көп адам бұл ескертуге салғырт қарайтынын көріп отырмыз. Мысалы, кеше – бір күн ішінде ғана төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылса, оның 74-і қамауға алынды. Бұл бейқамдық ауруханада науқастарға орын жетпеуіне әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды», – деді министр.