Дәуірлер дарабозы дәріптелді
«Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың ғұмыры, Аюптың сабыры…, Аплатонның ақылы керек».
Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ.
Жезқазған қаласында Қазақ мемлекетінің тұтастығы мен бірлігін сақтауға өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, әдебиет тарихының аса көрнекті өкілі, ел аузында «Көмекей әулие» атанып кеткен әйгілі Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толуына орай, «Бұқар жырау және ұлттық идея» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы маңызды жиынды «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Жезқазған Бизнес және көлік колледжі бірлесе ұйымдастырды.
Дәуірлер дарабозы санатындағы тұлғаның болмыс-бітімі мен қайталанбас қарым-қабілеті дәйекті дәріптелген конференцияны жүргізу тізгінін Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Света Жумкина ұстады. Модератордың кіріспе сөзінен кейін маңызды жиынға қатысушыларға қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын және Бұқар жырау аудандық мәслихатының хатшысы Асхат Әли құттықтау лебіздерін арнады.
Содан соң конференция мінберіне кезек-кезегімен баяндама жасаушы ғалымдар қауымы көтерілді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова «Бұқар жырау және Алаштың рухы» атты баяндамасында баба жырау жырларының құндылығын ұтымды тілмен әсерлі әспеттеп берсе, мысты шаһардағы «Тілтану» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев «Бұқар жырау толғауларындағы ел бірлігі» тақырыбын тағылымды түрде талдады. Академик Евней Арыстанұлының есімін еншілеген университеттегі «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ләззат Шотбақова ел назарына «Алаш зиялыларының мемлекетшілдік идеясы» атты баяндамасын ұсынса, Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің оқытушысы, «І дәрежелі Қазақстан ұстазы» медалінің иегері Надежда Дисекенова «Ұлттық бірлік пен тұрақтылық – қоғамдық сананы жаңғырту негізі» тақырыбы төңірегінде ой толғады. Белгілі айтыс ақыны, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Жұмағұловтың «Г.Н.Потанин – Бұқар жырау мұрасын алғаш зерттеуші» атты бағалы баяндамасы тыңдарман қауымға тың деректерді ұсынуымен есте қалды.
Бұқар жырау – өзі ғұмыр кешкен кезеңдегі күрделі мәселелерді ел тағдырына оң әсері болатындай етіп шешудің маңыздылығы артып тұрған шағындағы толқын-толқын оқиғалар ортасында шарболаттай қайралып, шыңдалған тұлға. Айтқаны да, атқаны да нысанаға дөп тиетін шешен, болашақты болжай білген көреген, төкпелеп сөйлесе төңірегін ұйытатын жырау һәм ықпалы ерен қайраткердің даңғайыр дара жаратылысы баяндамашылардың ғылыми негізделген дәлелді пікірлері арқылы айқындала түсті.
Конференцияның пленарлық мәжілісіндегі осынау ерекшелікті өзінің түйінді сөзінде алқалы жиынның ұйымдастырылуына басты дәнекер болған азамат, ҚХА мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, Арқаның «Атымтай жомарты» Бекзат Алтынбеков орынды түрде атап өтті. Сыртқы аймақтардан атбасын бұрған ағайынға алғаусыз алғыс сезімін білдірген Бекзат Қомарұлы конференцияға ұсынған ғылыми еңбектері жинаққа енген жас ізденушілер – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Нұрлан Абдуллин мен Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің студенті Кәмила Қамарияға өз тарапынан тағайындалған сыйақыларды салтанатты жағдайда табыс етті. Сөз реті келгенде конференцияға 60-тан аса баяндама ұсынылғанын және олардың 44-і ғылыми жинаққа енгенін ескерте кету артықшылық етпейтін секілді.
Жөні бөлек жиынға қатысушылар ат арытып Астанадан келген танымал жыршы Қоныс Жүсіптің орындауындағы өнеге өрнегі мол жыр-толғауларды тыңдап, құлақ құрыштарын қандыру мүмкіндігін иеленді.
Абылай хан заманында дәуірлеген даңқы болашақта да бір мысқал бәсеңдемейтін танымал тарихи тұлғаның мерейтойы аясында ұйымдастырылған іргелі жиынға ҚХА мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, айтулы меценат Сергей Водконың арнайы келіп қатысқанын да айта кеткен жөн.
Сол күні конференцияның секциялық жұмыстары өткізіліп, тұтас елдің арысы – Бұқар жыраудың еш қалыпқа сыймайтын өсиет тұнған өрелі жырлары мен қайраткерлік қасиеті тамырынан тарта таразыланды.
Жалпы қауымға жағымды әсер қалдырған жиынды қорытындылау сәтінде ғылыми-теориялық конференция барысында еңбектерімен ерекшеленгендерді марапаттау рәсімі өткізілді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
Суреттерді түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА.