Спорт

Дәстүрлі турнирдің жалауы желбіреді

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті жыл сайын  шағын футболдан дәстүрлі турнир өткізіп келеді. Онда білім ордасы факультеттерінің ұстаздары мен студенттерінен және облыстың өнер адамдарынан жасақталған командалар қатысып, бақ сынайды. Биыл  жалауы желбіреген аяқ доп додасы мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовті еске алуға арналды. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты университеттің студенттер сарайында өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Айтулы шараға Сұлтан Досмағамбетовтің ұлы, аталған турнирдің демеушісі, облыстық кикбокс спорты федерациясының президенті Ерлан Досмағамбетов, Мюнхень Олимпиадасының қатысушысы, 1970 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, атақты велошабандоз Анатолий Степенко, КСРО спорт шебері, аңызға айналған футболшылар отбасынан шыққан даңқты футболшы Петр Асылбаев, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерден Халилин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, ұстаздар қауымы, студенттер және басқа да спортсүйер жұртшылық қатысты.

Белгілі кәсіпкер, мемлекет қайраткері, спорт жанашыры Ерлан Сұлтанұлы  спорт додасының ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Ал, университет ректоры Нұрлан Дулатбеков, оның тарихы мен мән-маңызына тоқталды.

– Аталған шағын футбол турнирі осымен төртінші рет өтіп жатыр. Биылғы турнирдің ерекшелігі – мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовті еске алуға арналды.  Сұлтан Қапарұлы – Қарағанды педогогикалық институтының ректоры болған, қара шаңырағымыздың өсіп-өркендеуіне, оның ішінде, дене шынықтыру факультетінің дамуына жанашырлық танытып, сүбелі үлес қосқан айтулы тұлға. Оның елдің игілігі үшін атқарған жарқын істері бүгінгі жастарға үлгі болары сөзсіз, – деді Нұрлан Дулатбеков.

Сонымен қатар, Нұрлан Орынбасарұлы қонақтарға Сұлтан Қапарұлын еске алу турнирінің арнайы медалін тарту етті.

Қонақтар Сұлтан Қапарұлын еске алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Жалпы, турнирдің маңызы зор. Өйткені, егер жастарымыз Сұлтан Досмағамбетовті үлгі тұтып, сол ағамыз сияқты мықты азамат, кемел тұлға болып қалыптаса алса, мақсаттың орындалғаны. Бұл білім ордасында жастарға бар мүмкіндігін көрсетіп, өнері мен қабілетін шыңдауға қажетті жағдай жасалған. Аталған турнирге қатысып жатқан ұстаздар қауымы, студенттер және өнер адамдарына сәттілік тілеймін! – деді Темірхан Абылаев.

Биыл аталған аяқдоп сайысына 15 команда қатысуда. Олар ашылу салтанатында жеребе тарту рәсімін өткізді. Жарыстың жүлде қоры бес жүз мың теңгені құрайтынын атап өткен жөн.

– Спорт – денсаулық кепілі. Одан бөлек, мұндай жарыстар адамға қанат бітіріп, ынталандыра түседі. Жаңа достар табамыз. Командалық рухқа бейімделеміз. Бірлігіміз артып, шыңдала түсеміз. Мұнда оқытушылар мен студенттердің арасындағы достықты қалыптастырып, тәлімгерлікті насихаттап, тәрбиеге баса мән беріледі. Осы турнирді үзбей ұйымдастыруға ерекше көңіл бөліп келе жатқан университет басшылығы мен демеушілерге алғысымыз шексіз, – дейді «Ректорат» командасының мүшесі Бекарыс Ахметолла.

Қатысушы 15 команда үш топқа бөлініп, университеттің спорт залдары мен жасыл жабыны бар шағын футбол алаңдарында тартысты ойын көрсетуде. Дәстүрлі турнирдің қорытындысы 2 қазан күні шығады.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button