Ресми

Дәстүрлі оқуға дайындық жалғасуда

Қарағанды облысында оқушылар мен студенттер дәстүрлі оқуға қайта оралуға дайындалуда. Осы және жаңа оқу жылына дайындық, мұғалімдерді вакциналау барысы жайлы аппарат отырысында айтылды.

Ел Президенті 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқыту жүйесіне оралуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Індет кезінде олар қашықтан білім алуға мәжбүр болды. Біз өткен оқу жылында жіберілген олқылықтардың орнын толтырып, оларды болашақта қайталамауға тиіспіз, – облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова штаттық форматта жұмыс істеудің басты талабы – КВИ-ге қарсы педагогтар мен қызметкерлерді 100 пайыз вакцинациялау дейді. Ол бүгінде оқу орындарының қызметкерлері 84%-ы екпе алғанын да айтты. Ал, вакцинаны 18 жастан асқан колледж студенттері де алады. Одан бөлек, білім беру ұйымдары санитарлық құралдармен қамтамасыз етілген.

Кабинеттік жүйені жою және әр түрлі сыныптар үшін үзілісті бөлу арқылы 25 оқушыдан аспайтын сыныптарға бірнеше ауысымда сабақтар өткізу жоспарлануда. Сабақ кестесі бастауыш, орта және жоғары буынды ескере отырып жасалады. Бұл жағдайда, егер оқушылардың біреуінде коронавирус анықталса, барлық мекеме емес, жеке блок қана карантинге жабылады, – дейді Гүлсім Қожахметова.

Алдағы оқу жылына арналған оқулық та сатып алынады. Ол үшін бюджеттен қаражат бөлінген.

Жаңа оқу жылына дейін облыста 146 білім беру нысанын жөндеу жоспарланған.

Оның ішінде, 111 мектеп, 26 балабақша, 8 колледж, 1 балалар үйі бар. Сондай-ақ, 9 нысанның, оның ішінде 4 мектеп пен 2 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімі қауіпсіздікті барынша сақтай отырып, дәстүрлі оқу форматына оралу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Қарағанды облысында 1 қыркүйектен бастап 209 067 оқушы, оның ішінде, бірінші сынып оқушылары – 21 803-і оқуға кірісетінін айту керек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button