Дәстүрлі өнерге сұраныс неге төмен?
Жуырда таксиде келе жатып, радиодан Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» әнін естіп қалдым. Жүргізуші толқынды тағы да ауыстырмақшы еді «тиіспеңіз, осыны тыңдайық» дедім. «Мұны түсіну қиын ғой» деп күлді таксиді тізгіндеуші қазақ азаматы. Межелі жерге жеткенше онымен әр тақырыпта біраз әңгімелестік… Саясатты айтқанда түбін түсіретін әлгі жігіттің Қарағандыдағы Ержанов көшесін білсе де, ол көшенің қазақтың дүлдүл әншісі Манарбек Ержановтың құрметіне қойылғанын білмейтіні көңілімді су сепкендей қылды…
Дәстүрлі ән құдіреті
Дәстүрлі әнші, зерттеуші Ерлан Төлеутай «Ұлттық өнердi өлтiру ойыны жүрiп жатыр» атты журналистерге берген сұхбатында:
– XIX ғасырда дүниеге келген әндердiң бәрi классикалық музыка едi. Менiңше, дәстүрлi деп атау дұрыс емес. Ол қазақтар үшiн, түсiнген адам үшiн дұрыс болар. Бiрақ, орыстiлдiлер мен сондай ұғымдағылар үшiн ұлттық ән өнерiмiздi фольклорлық деңгейге түсiретiн атау. Операның отаны Италия десек, Бiржан сал, Ақан серi бастаған композиторларымыздың әндерi – олардың операсынан бiрде-бiр кем емес, терезесi тең дүние. Мен өзiм былтыр Еуропада болдым. Сонда Италия, Австрия, Англия елдерiнiң бәрiнiң әнi дерлік менiң бiр әнiме татымады десем мақтанғандық емес. Сол сапарда қазақ әнiнiң құдiретiн, тiптi, ерекше түйсiнiп қайттым, – дейді.
Осыдан-ақ дәстүрлі әндеріміздің өміршеңдігін анық көреміз. Арқаның сұлу сазды әндері әуені жағынан «бельканто» стилімен орындалатын Италияның әндеріне өте жақын екен…
Арқа әнінің ерекшелігі
Қазақ халқының дәстүрлі өнеріне ұлттық музыкалық аспаптар – домбыра мен қобызда орындалатын халық әндері мен күйлерін жатқызуға болады. Біздің ұлтымыздың руханият тұрғысында мақтан етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Бұл – қазақ әншілік өнерінің сан ғасырлық даму тарихы бар екендігінің бірден бір айғағы.
Арқадағы дәстүрлі әндерді орындау ерекшеліктерін бұдан бірнеше ғасыр бұрын бір жүйеге келтірілген академиялық ән салу машығының озық тәжірибесімен салыстыра отырып талдайды мамандар. Созыла көсілген Сарыарқа даласы мен оның табиғаты, халықтың жүрегі мен пейілінің кеңдігі Арқа әнінің өне-бойында сақталған. Зерттеушілердің пікірінше, Арқа ән мектебіне тән ерекшелік көп, оның қатарында вокалдық және аспаптық өнердің арақатынасы, әнші даусының ерекшелігі, әншінің дыбыс бояуы, түрі және нақты әншілік динамикалық-артикуляциялық әдістер. Бастысы, халықтық кәсіби әншілік өнердің негізгі талабы – орындаушының табиғи таза дауысы. Арқаның ән дәстүрі тәжірибесінде төмен дауыстар сирек кездеседі. Мысалы, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Құрманбек Жан дарбеков, Қайрат Байбосынов сынды баритон дауысты әншілерде әншілік жоғарғы дауыстың болуын техникалық өлшемдермен байланыстыруға болады. Себебі, тек жоғарғы дауыстар ғана алысқа ұшады екен. Әміре Қашаубаев ән салғанда дауысы 6-7 шақырым қашықтықта орналасқан келесі ауылға жетеді екен. «Көмейінен бал тамған», «күміс көмей әнші», «жезтаңдай әнші», «дауысын алты қырдан асырған әнші» деп әншінің табиғи дауысын бағалау да қазаққа тән.
Жастардың көзқарасымен
Қазір уақытты үнемдейміз деген желеумен әншілерді ортаға топтап шығарып, бір шумақтан айтқызып жатады, бұл – дұрыс емес. Қандай ән болса да, бас-аяғы бүтін дүние ғой. Дәстүрлі әнді заманға лайықтап орын- дап жүрген эстрада әншілері бар, егер ән табиғаты сақталса құба-құп, ал бүлдірсе – обал-ақ, әрине…
Қарағандыдағы дәстүрлі әншілер қатары басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда көп. Алда Жақсыгелді Кемаловтың 60 жылдығы келе жатыр, Арқа жұрты үшін үлкен мереке бұл. Бұрынғыдай телебағдарламалар болса, Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменовтің форматында қарағандылық әншілердің өзімен ешкімді сырттан шақырмай-ақ, тағылымы терең түсірілімдер жасауға болар еді…
– Дәстүрлі әнге сұраныс төмен дей алмаймын. Әр аймақта оны сүйіп тыңдайтын белгілі аудитория бар. Ол қашан да болады, алайда өкінішке орай саны көбеймеуі мүмкін. Дәстүрлі ән табиғатынан кірпияз, ақсүйек жанр ғой. Әркім шамасына қарайды, ешкімді күштеп тыңдарман қатарына қоса алмайсың. Кеңес үкіметінің кезінде талғам жоғары болды ма, әлде, басқаша себебі бар ма, әйтеуір, әнге құштар жандардың саны аса көп болды. Ал, бүгінгі күні ше…. Аз да емес, көп те емес… Ең мықты деген дәстүрлі әншінің өзі көрермен залын толтыра алмауы әбден мүмкін… Ауылдық жерлерге гастрольмен барғанда ондағы елдің ыстық ықыласын анық байқаймыз, қайталап сұрап айтқызып жатады. Қалаларға барғанда сценарийге амалсыздан енгізіп қойғанын аңғарып, ішің удай ашиды, – дейді Қали Байжанов атындағы филармонияның әншісі Медет Осатаев.
Күй одағы ашылды
Белгілі ғалым, зерттеуші Ақселеу Сейдімбек ұзақ жылдар бойы күй өнерін кешенді зерттегенін білеміз. Ол – қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орыны бар күй өнерін тарихи және этнографиялық аяда зерделеп, оның өзіндік қалыптасу жолдарын, әлеуметтік өмірмен біте қайнасқан болмысын, сондай-ақ төлтума қасиеттерін нақтылы айғақ-деректерге сүйене отырып саралаған сұңғыла ғалым. Зерттеулерінде қазақтың музыкалық мәдениетіне қатысты көптеген халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы тың дерек-тұжырымдар негізінде пайымдалған-ды.
Қазір Қарағандыда жыл сайын Тәттімбет атындағы ауқымы кең байқау мен басқа да түрлі деңгейдегі күй байқаулары да өтіп тұрады. Дегенмен, қалың бұқара бас қосатын орындарда қазақ күйіне сұраныс көңіл көншітерлік деңгейде емес. Күйді негізінен аға буын тыңдайды. Бұл да заманның сұранысы болса керек. Оны түсінуге де көкірек көзінің ашықтығы қажет. Біраз жыл бұрын «Інжу-маржан», «Күй тартыс» сияқты бағдарламалар болған. Өкінішке қарай, олар қазір жоқ. Десек те, күй өнерінің жағдайы біртіндеп оңалып келе жатқанын айта кеткен жөн.
– Астанада республикалық Күй одағы ашылды, мен де мүшесімін. Төрағасы – Рүстем Нұркенов. Жақында осы одақ ұйымдастырған концертке қатысып қайттым. Күй одағы кітап шығару, кеш өткізу жағынан да демеушілік жасап, қолдау көрсетеді. Елдің ықыласы жаман емес. «Күй» атты арна да ашылып жатыр. «Алатау» дәстүрлі өнер театры жұмыс істеп тұр. Бұл – өте қуанарлық жайт. Өзімнің «Тоқырауын», «Мағауия Хамзин» атты авторлық күй кітаптарым жарыққа шықты. Қайролла Сәдуақасов ағамыз басқаратын «Күй шежіресі» бірлестігі бар Қарағандыда. Аудан- дарда концерттер ұйымдастырып, күй өнерін насихаттап, зерттеп, шәкірт тәрбиелеп, дәстүрлі өнердің жоғын жоқтап жүр, – дейді Қарағандыдағы №1 балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы, күйші Манап Анықбеков.
Ал, Қарағандыдағы мамандандырылған музыка мектеп-интернаты домбыра сыныбының оқытушысы Медет Шаяхметов той-жиындардағы күйшілікті «халтура» деп есептейді. «Мен тек концерттерде өнер көрсетемін және шәкірт тәрбиелеу жаныма жақын. Ұлттың дәстүрлі өнерін халтураға қимаймын» дейді ол.
Насихатты мектептен бастау керек
– Дәстүрлі өнерге сұраныс төмен екені шындық. Жылына 4-5 рет Ақан сері атындағы және басқа да байқауларды өткізіп тұрамыз. Афишадан көріп, бір-бірінен естіп, зал толы бол-маса да, біраз халық жиналады. Сержан Мұсайынның, Дәуренбек Әркеновтің жеке шығармашылық кешінде көрермен залы лық толы болды. Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали сияқты дүлдүлдер келсе де, жұртшылықтың көп жиылары күмәнсіз. Дәстүрлі өнерге насихатты мектеп табалдырығынан бастап мықтап қолға алу керек деп ойлаймын. Музыка пәні сабағында Біржан сал, Әміре, Тәттімбет сияқты саңлақтар жайлы көп айтқан жөн. Салсерілердің кереметтілігі әннің әуенін де, сөзін де өзі жазып, өздері орындап, насихаттауында ғой, қазіргілерде ұлттық болмысты сезінуі кемшін, жалаң ұйқас пен жылтыр сөз басым, – дейді Кеншілер мәдениет сарайының маманы Іңкәр Әбдіқасова.
Жуырда Жаңаарқаға іссапар кезінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Төтеев ағамыздың үйіне бардық. Ғалым ағамыздың дәстүрлі өнердің шынайы жанашыры екенін аңғарып, риза болдық. Үстелде – Мұхтар Мағауинның «Шыңғыс хан» шығармасы жатыр, қабырғада – жай- лауда ойқастаған асау жылқының суреті мен таспа қамшы ілулі, үстелдің бұрышында киелі қара домбыра тұр.
– Қазақтың дәстүрлі өнері бірте-бірте ұмытылып барады. Өткен жолы Бекболат Тілеухан бауырыма да айтқанмын «Осы жайтты жоғары жаққа жеткіз» деп. Домбырасыз, күмбірлеген күйсіз, қобызсыз, дәстүрлі әнсіз, қазақ – қазақ па?! – дей келе «Көкейкесті» күйін нақышына келтіре орындап берді.
Қоштасып, аттанып бара жатқанда Ғалым ағаның жүзіндегі мұң мен алаңдаушылық жанымызды ауыртты. «Осындай қазына кеуде қарттар мен дәстүрлі өнерді ардақтайтын аға буынның көзі кетсе, күніміз не болады?» деген мазасыз ойдың құшағында кете бардық…
Жәлел ШАЛҚАР.