Дәстүрлі эстафетаның жалауы желбіреді
Бүгін облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің дәстүрге айналған жеңіл атлетика эстафетасының жалауы желбіреді. Жарыс Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып өткізілуде.

Аталмыш шараның ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстық мәслихаттың депутаты, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат колледжінің директоры Ерден Халилин, «Saryarqa Aqparat» медиа-холдингінің директоры Қайрат Әбілда, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких, Жеңіл атлетика ардагері Валерий Иванишко қатысты.
– Осындай эстафетаға белсенділік танытып, қатысып отырғандарыңызға облыс әкімінің атынан алғысымды білдіремін. Биыл жыл басынан бері Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар легі көп. Қарағанды спортының мәртебесін асқақтата беріңіздер. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.
Шара басында Мемлекеттік Әнұран орындалды.
Желаяқтардың алғашқы тобы жүгіруді 11:00-де Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысындағы Сарыарқа көшесінде орналасқан «Тутұғыр» композициясы алаңынан бастады.
Жарысқа оқушылар, студенттер, спорт клубтарының өкілдері, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, ұйымдардың, қаржы мекемелерінің, күштік құрылым қызметкерлері, ардагерлер және әуесқой спортшылар (медициналық анықтама бере отырып) қатысты.
Биыл 78-ші мәрте өткен эстафетаға 360 адам қатысты.
– Эстафетаға бір ай бұрын дайындалдым. Саябаққа шығып, кросс жүгірдім. Ал, мектепте 100 метр қашықтыққа жүгіріп, жылдамдыққа дағдыландым. Дайындығымның арқасында мәре сызығын бірінші болып кестім. Әрине, мұндай қашықтықты бағындыру оңай емес. Бірақ, үнемі жүгіріп жүргеннен болар, қатты ауырсыну болмады. Былтыр дәл осы жерде, осы арақашықтықта жүгірген едім. Бірақ, қатарымдағылардан төртінші болып жеткен едім. Биыл дайындықты қолға алып, қарсыластарымды басып оздым. Әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын, – деді қатысушы.
Қатысушыларды жас ерекшеліктеріне қарай 15 топқа бөліп, қашықтығына қарай 10 кезеңге қойған. Бір топта 10 адам. Әрқайсысы 300 метрге жүгірді. Ал, барлық кезеңнің жалпы ұзындығы – 3 мың шақырым. Жарысты Қарағанды қаласының әкімдігі, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы һәм «Saryarqa Aqparat» ЖШС бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.