Руханият

Дәстүрлі «Бұқарекең жырлайды» республикалық фестивалі мәресіне жетті

Бұқар жыраудың 355 жылдығы Арқада дүркіреп өтті. «Бұқарекең жырлайды» деп аталған республикалық фестивальге еліміздің түпкір-түпкірінен жиырмадан астам жыршы-жырау келді. Мұндай той Қарағандыда бұрын-соңды болмаған.

Бұқар жырау

Фестиваль 3 тамызда Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде басталған еді. Нүктесі Қарағандыда қойылды. Облыс орталығындағы фестиваль жалғасы конференциямен басталды. Кездесуде журналистер алыс-жақыннан келген жыраулармен сұхбат құрып, Бұқар бабаның шығармашылығы хақында ой алмасты. Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов Бұқар баба мұрасының бүгінгі қоғамдағы өзектілігі жайында ой қозғады.

– Бұқар жырау – тарихи тұлға. «Ай – ортақ, күн – ортақ, жер – ортақ. Елімнен шыққан ер – ортақ», – дейді. Бұқар жырау – бүтін қазақтың, Алаштың бірлігінің күретамыры. Шығармашылығында елдік мәселе қозғалады. Ұлт болып ұйысудың маңызын өзінің жырларымен жеткізген. Ол хан алдында да, қара алдында да тайсалмай сөйлеген. Бұқар жырау біздің 1000 жылдық мәдениетімізді бойына сіңіріп, соны жырларына арқау еткен. Баба жырлары өзектілігін әлі жоғалтпады. XXI ғасырға жеткен мұралары ұлтқа бағыт-бағдар нұсқарына күмән жоқ, – деді Алмас Алматов.

Маңғыстау облысынан арнайы келген Амандық Көмеков те өзінің лебізін білдірді.

– Бұқар жыраудың жырлары әлі күнге дейін өз халқымен бірге жасап келеді. Көмекей әулие өз жұртының қайғысын, мұңын дөп басып айтқан. Абылай ханның жанында кеңесші бола жүріп, саяси мәселелердің шешілуіне ықпал еткен қайраткер. Мұндай алып тұлға ғасырлар бойы дәріптелуі керек, – деді Амандық Көмеков

Бұқар жырау

Конференциядан кейін меймандар Қарағандының орталық саябағына ат басын бұрды. Саябақ сахнасында еліміздің әр қиырынан келген жыраулар өнер көрсетті. Анығырақ айтсақ, Бұқар толғауларын жыршылар әр өңірдің мақамына салды. Жыршы-жыраулардың көшін бастап келген Алмас Алматов өзінің төл толғауын орындап берді. Қызылордадан келген Ұлжан Байбосынова Бұқар жыраудың толғауын Сырдың мақамына салып айтты. Айтыскер ақын, жыршы Дидар Қамиев Арқаның мақамымен толғады. Өзге де қатысушылар атақты жыраулардың туындыларын жаңғыртты. Бағдарлама екі сағатқа созылды. Тыңдармандар қарасы қалың болды. Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов фестиваль қатысушыларына жылы лебізін білдірді.

– Бүгін, шынында, да керемет кеш болды. Сіздердей өнерлі азаматтар барда, баба мұрасы өлмейді. Сіздер де – бүгінгінің жырауысыздар. Елдің жоғын жоқтап, сөзін сөйлейсіздер. Сіздерге шығармашылық табыс, күш-қуат тілеймін, – деді Ербол Әліқұлов.

Фестивальге арнайы келген Сыр өңірінің әйгілі жыршысы Ұлжан Байбосынова сөз ұстаған жыршы-жыраулардың иығына ұлттық миссия жүктелгенін айтты.

– Бабалар сөзі – ұлттық рухтың алауындай. Елдігімізді баянды ету үшін сол алауды көздің қарашығындай сақтау қажет. Жыршы-жыраулар үлкен аманатты арқалап жүр, – деді Ұлжан Байбосынова.

Бұқар жырау

Бұқар жырау фестивалі осыдан 10 шақты жыл бұрын белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловтың бастамасымен қолға алынған еді. Содан бері жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

– «Бұқарекең жырлайды» фестивалі Қарағандыда дәстүрге айналды. Ол 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұқар жыраудың 350 жылдығы бес жыл бұрын халықаралық деңгейде дүркіреген еді. Биыл 355 жылдығы республикалық ауқымда ұйымдастырылды. Баба мұрасын насихаттау жолында осындай шаралардың маңызы зор, – деп атап өтті фестивальдің ұйымдастырушысы Айтбай Жұмағұлов.

Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button