Руханият

Дәстүрді дәріптеген думан

Қыс қыспағынан аман-есен шыққанның белгісі – ұзақтың ұшып келуі деуші еді ескілер. Наурыз мерекесінің алғашқы хабары Арқа төсіне де жетіп, қар еріп, жая жібіп, ұзынсарының келер уақыты таяды. Осынау мереке қарсаңында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ және «Ханшайым орталығының» ұйымдастыруымен «Vogue» мейрамханасында ұлттық құндылықтарды, салтдәстүрді дәріптеуге негізделген «DALA DUMAN» мерекесі тойланды.

Сурет: ұйымдастырушылардан

Бұл шараның сәні де, салтанаты да бұрынғыдан өзгерек болды. Дәстүрге дем, әдепке әр берген мерекелік кешті Арқаның ақтаңгер ақыны, жырау Тілеген Әділов бастап, айтулы асаба Айтуған Ырысалды қоштады. Сонау қазақтың өткені мен бүгінін әріден қозғап, жиналған қауымды қара сөз мәйегімен әлдилегендей болды қос шешен.

Мерекенің құрметті қонақтары «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, қалалық әкімдіктің ішкі саясат басқарма басшысы Нұржан Ильяшев, Сәкен театрының танымал актері Бекмұхамед Мұқатайұлы сияқты ел ағалары кештің мерейін асырып, ақжарма тілектерін білдірді.

Сонымен мерекенің ең ұтымды тұсы деп мыналарды айта кетер едік: этнокөрме, этнофуршет, Наурызға арналған ақ дастархан, халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін жаңғыртуға арналған сахналық қойылымдар, ұлттық ойын түрлері, дәстүрлі ән мен ұлттық би. Этнокөрмеде «Қарақат» мектеп студиясының жетігеншілерінің орындаған күйіне сән берген бүркіт ұстаған бүркітшілер мен жез қарғылы құмай жетектеген ұлт мұрасын ұлықтаған жандар болды. Ал, алтыбақан теуіп, жастықтың албырттығын, қазақылық пен қыз қылығының нәзіктігін жеткізген қыз-бозбалалар кеш көркіне айналды. Мейрамхананың бір бұрышына кереге тартылып көрме де қойылған екен. Онда қазақтың көне қолөнер бұйымдары қойылған. Сөз тізгінін алған ақын Тілеген Әділов осынша жайылған ақ дастархан ұлттық астың, ұлттық ойын мен қазаққа ғана тән осы бір қонақжайлықты сөз етіп, сөз әрісін Қали Байжанов атындағы бірлестіктің жетекшісі Сержан Мұсайын әуезді әнімен жалғады. Сонымен қатар, қонақтарға сыр сандықтан қазақ дәстүрін дәріптейтін сұрақтар қойылып, ойын өткізілді.

– Қарағанды шаһарында осындай бағдарлама өткені қуантады. Оның қадірлі қонағы болу үлкен құрмет. Ақжелкен бүркіттің томағасын кигізіп арнайы алып келдім. Осынау баба қастерлеген ұлттық құндылықтарымыздың дәл осылай елепескерілуі айтарлық жаңалық. Бүгінгі кеш барша жиналған қауымның есінде қалады деп кәміл сеніммен айта аламын, – дейді бүркітші Темірәлі Төлегенұлы.

Жиналған жұртшылықтың ішінен мен деген жігіттер ортаға шығып арқан тартысып, күш сынасып, асық атып мергендіктерін көрсетті. Сонымен қатар, Алатаудан келген «Абадан» тобы мен жас әнші Қазыбек Құрайыш сияқты бір топ өнерпаздар бастап, арқа төсін әнмен әрлеген Арайлым Жүкенова мен «Қарқаралы» тобы кешке келген халықты әсем әнге бөледі. «Шолпан» би ансамблінің бишілері мың бұралған биімен көрермен көптің көзайымына айналды. Келген қонақтардың қолына құманнан су құйылып, байырғы дәстүр жаңғырды. Бұдан соң тағы бір ауыз толтырып айтар тұс – жас келіншектен бастап, ақ жаулықты әжеге дейін ұршық иіріп, қазақтың қолөнерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын дәлелдеді.

– Тойға келген халықтың қазақ болып туғанына қуануы мен ұлт құндылығының маңызды және қайталанбас мұра екенін еске салуға осындай игі шаралар қажет-ақ. Қонақтар кіргеннен бүркіт пен тазыға ұмтылып жатты. Бұл дегеніміз – қазақтың қанына сіңген әдет қашаннан. Жалпы, шараға жиналған қауымның барлығы ұлттық нақышта киінген. Бұл да өз алдына ұлттық құндылыққа деген сый. Небары 12 күнде жасалған шараның бағасын халық бере жатар, – деп атап өтті «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ-нің төрайымы Меруерт Әлімбаева.

Бұл кештен ешкім сый-сияпатсыз қайтпады. Дала думанынан қайтқан әр қонаққа «Қасым» журналы сыйға тартылды.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button