Қарағандыда 25 мың орындық жаңа стадион бой көтереді
Тамыз айының үшінші жексенбісі – елімізде дәстүрлі түрде атап өтілетін Спорт күні. Бұл – елімізде дені сау ұрпақ тәрбиелеу, бұқаралық спортты дамыту және ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше мән берілетінін көрсетсе керек. Денсаулығы мықты, рухы биік ұрпақ қалыптастыру – елдің жарқын болашағына салынған берік негіз. Облыс бұл маңызды міндеттерді абыроймен орындап, спорт инфрақұрылымын жетілдіру мен спортшыларды қолдау бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.

Спорт кластері – келешек кепілі
Ресми дерекке сүйенсек, аймақтағы бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қарағанды қаласында алдағы уақытта үлкен спорттық кластер бой көтермек. Бұл жоба облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тікелей бақылауында. Аймақ басшысы аталған бастама туралы қала тұрғындарымен кездесу барысында жан-жақты айтқан еді.
– Қазіргі басты міндетіміз – саламатты ұлт қалыптастыру. Ол үшін сапалы спорт инфрақұрылымы қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлу қажет екенін бірнеше мәрте айтты. Осы бағытта біз «Көгілдір тоғандар» ықшамауданы мен қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігі арасынан 72 гектар жер бөліп, жаңа спорт кластерін салу жұмысын бастадық. Бұл – тек Қарағанды үшін ғана емес, тұтас аймақ үшін маңызды жоба, – деді аймақ басшысы.
Спорт кластерінің құрамына 4 ірі нысан кіреді. Атап айтсақ, әмбебап спорт аренасы (бассейн, күрес, бокс залдары бар), көпфункционалды мұз кешені (хоккей, мәнерлеп сырғанау және т.б.), жеңіл атлетика манежі және спорт мектебі-интернат-колледжі.
Сонымен қатар, 25 мың орындық жаңа жабық стадион жобасы да осы аумақта бой көтереді деп күтілуде. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге аспақ.
Бұдан бөлек, Қарағандыда Футбол академиясы бар жабық футбол манежі және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені де жоспарға енген.
Бұл ауқымды кешендер халықаралық талаптарға сай салынып, болашақ чемпиондардың кәсіби шыңдалуына негіз болатынын атап өткен жөн.
Спортқа бет бұрған өңір
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда Қарағанды облысында 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің спортпен жүйелі айналысу көрсеткіші 29%-ға жеткен. Бұл – республикалық деңгейдегі орташа көрсеткішке тең (жоспар – 30%).
Облыстағы спорттың қарашаңырақтары жоғары спорт шеберлігі мектептері, Олимпиадалық резервті даярлау орталығы, Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжі, 13 мамандандырылған және 8 бейімделмеген спорт мектепте білікті мамандар жас спортшыларға тәлім беруде.
Одан бөлек, кеншілер өлкесінде 121 спорт түрі дамып келеді. Оның ішінде, олимпиадалық – 42, олимпиадалық емес – 60, ұлттық – 10, паралимпиадалық – 9. Облыс құрамында 1 074 спортшы ҚР ұлттық құрамасына енген.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев Президент тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту басты басымдық екенін айтады.
– Аймақта бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда өңірімізде 39 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 27 мыңнан астам бала спортпен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде, 7 мыңнан астамы – ауылдық жерлерден. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептерде 4350 спорт секциясы ашылып, 84 мыңнан астам оқушыны қамтып отырмыз. Бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды инвестиция. Аймақта ұлттық спорт түрлері де ұмыт қалмаған. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, жамбы ату сынды 11 ұлттық спортпен бүгінде 38 мыңнан астам адам айналысады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2 мыңға жуық өсім. Жасөспірімдер арасынан ұлттық құрамаға іріктеліп жатқан спортшыларымыз да аз емес, – дейді Серік Жұманғалиұлы.
Бұдан бөлек, жоғары жетістіктер спортының дамуы да басты назарда екенін атап өткен жөн. Биылдың өзінде облыс спортшылары 562 түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, 8596 медаль жеңіп алған. Оның ішінде, 2794-і – алтын. Аймақ спортшылары халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Бұның бәрі – жүйелі жаттығу мен мемлекеттік қолдаудың жемісі.
Басты жетістіктерді атап өтсек, хоккейшілер – жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесін, зілтемірші Дарья Балабаюк – Азия чемпионатының 3 күміс медалін, шахматшы Даниял Сапенов – әлем чемпионатының қола иегері (15 жас), байдарка мен каноэде – 3 алтын, 3 күміс, 1 қола (Азия чемпионаты), биатлоншы Владислав Киреев – Қысқы Азия ойындарының алтын және күміс жүлдесін жеңіп алды.
Аудан мен қалада тең мүмкіндік
Аймақта бұқаралық спортты дамыту жұмыстары облыс орталығымен шектеліп қалмай, аудан мен қалаларды да толық қамтып келеді. Бүгінде спортқа қолжетімділік – аймақтық саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды.
Республика бойынша орташа көрсеткіш 29 пайыз болса, Қарағанды облысы бұл межеге жақындап отыр – жүйелі түрде спортпен айналысатын 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің үлесі – 29%. Оның ішінде, Қарағанды қаласында – 30%, ал, кейбір аудандарда бұл көрсеткіш одан да жоғары.
2024 жылы облыс бойынша 298 спортшы республикалық жарыстарға қатысып, 54 медаль жеңіп алған. Бұл жеңістердің бір бөлігі – аудан спортшыларының еңбегінің нәтижесі. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерінен (көкпар, аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақ) ауыл балалары ерекше көзге түсіп жүр.
Кәсіби қолдау – нақты нәтиже
2025 жылы 208 спортшы мен 98 бапкерге мемлекет тарапынан ай сайын 50 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейінгі жалақы төленеді. Жалпы қаржы көлемі – 538,92 млн теңге.
Сонымен қатар, облыс әкімінің арнайы сыйақысы тағайындалған. 2025 жылы 10 спортшы және 10 бапкерге, жоғары дәрежелі халықаралық жарыстарда жүлде алғаны үшін 21,5 млн теңге көлемінде сыйақы берілді.
Қазірге дейін облыстық деңгейде 23 жарыс ұйымдастырылып, 2 453 адам қамтылған. Республикалық деңгейде 34 шараға 298 спортшы қатысып, 15 алтын, 14 күміс, 25 қола медаль жеңіп алды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»