Наурыз – күн мен түннің теңелуімен байланысты, халқымыздың рухани тамыры мен тарихи жадын, ұлттық болмысын, татулық пен бірлікті паш ететін ұлы мереке. Кеншілер өлкесінде жыл сайын Наурызнама аясында ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияны үйлестіретін бай бағдарламалар ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекенің шынайы рухын сезіну мүмкіндігі беріледі. Биыл бірқатар іс-шара жоспарланып, оның басым бөлігі 14-18 наурыз аралығында жүзеге асты. Тұрғындар, жастар, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдары белсенді қатысып, мерекенің мәнін кеңінен паш етіп, көңілдерге ерекше қуаныш сыйлады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы мәлімдеді.

– Қарағанды қаласындағы басты шара 21 наурызда орталық саябақта өтеді және «Saryarqa» телеарнасы арқылы онлайн көрсетіледі. Сонымен қатар, мерекелік шараларға республикалық деңгейде ақпараттық қолдау қамтамасыз етіледі. 23 наурызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында мерекеден кейінгі аумақтар мен саябақтарды тазарту жұмыстары жүргізілмек, – деді Нұрлан Бикенов.
Облыс аумағында Наурыз мейрамы халқымыздың рухани тамыры және қоғамдық бірліктің көрінісі ретінде жоғары деңгейде қолға алынып отыр. Ұлыстың ұлы күнінде жастарға тағылым беріп, отбасылық бірлікті нығайтуға және қоғамдық келісім мен өзара сыйластықты дәріптеуге бағытталған.
Облыс бойынша мерекені өткізуге кешенді тұжырымдама әзірленді. Бұл бағдарлама ұлттық дәстүр мен заманауи мазмұнды үйлестіріп, тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды, қолайлы мерекелік атмосфера қалыптастыруға арналған.
Бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, мерекелік шаралар облыстың барлық қала және аудандарын қамтиды.
– Облыста 2026 жылғы Наурызнама аясында 1000-нан астам іс-шара өткізіліп, оның 80-ге жуығы ірі мәдени-көпшілік және этномәдени бағытты қамтиды. Негізгі іс-шаралар орталық саябақта ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтар үшін ыңғайлы, қауіпсіз және мазмұнды орта жасалған. Бұл – мерекенің ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны біріктірудің нақты мысалы, – деп атап өтті Ғалымжан Өтелбайұлы.
«Digital Наурыз – 2026» және Жасанды интеллект жылы аясында жаңа технологиялар енгізіліп, онлайн-музей сабақтары мен промо-роликтер арқылы мерекенің мазмұнымен цифрлық форматта танысуға мүмкіндік беріліп отыр.
Мерекенің басты алаңы – кеншілер астанасының Орталық мәдениет және демалыс саябағы. Негізгі бағдарлама 21 және 22 наурызда өтеді. Бұл екі күндік формат тұрғындар мен қонақтардың көптеп қатысуына, шаралардың жан-жақты ұйымдастырылуына мүмкіндік береді.
Саябақта 30х60 метрлік шатыр, киіз үйлер кешені, ұлттық спорт алаңдары, қолөнершілер аймағы, сауда павильондары, арт және фотозоналар, балалар ойын алаңы, алтыбақан, тамақтану аймағы және кіреберіс сәндік арка орналастырылған. Киіз үйлердің әрқайсысы жеке тақырыпта безендіріліп, ұлттық салт-дәстүр, тағам мәдениеті, тарихи мұра, қолөнер және қазақы тұрмыс таныстырылады.
– «Digital Наурыз – 2026» бағдарламасы аясында жасанды интеллект пен интерактивті форматтарды енгізу мерекені заманауи аудиторияға тартымды етпек. Онлайн-музей сабақтары мен промо-роликтер арқылы тұрғындар мен жастар Наурыз дәстүрімен цифрлық форматта таныса алады. Бұл мерекенің мазмұнын кеңейтіп, ұлттық мәдени мұраны дәріптеудің жаңа мүмкіндігін ұсынып отыр, – деп толықтырды Ғалымжан Өтелбайұлы.
Мерекенің басты мәдени өзегі – шатыр ішіндегі концерттік және театрландырылған бағдарлама. Өңірлерден келген шығармашылық ұжымдар, өнерпаздар және арнайы шақырылған қонақтар – Нұрлан Өнербаев, «Жігіттер» тобы, Маржан Арапбаева өнер көрсетеді. Бағдарламада дәстүрлі ән, ұлттық би, театрландырылған көріністер мен заманауи шығармашылық үйлеседі.
Сонымен бірге, 21 наурыз сағат 14:00-де Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында дәстүрлі облыстық айтыс өтеді. Сонымен қатар, Wow! Наурыз жобасы аясында интерактивті және шығармашылық форматтағы түрлі белсенділіктер ұйымдастырылады. Атап айтсақ, ұтыс ойындары, қолөнершілер көрмесі, аниматорлар бағдарламасы, фотозоналар, балаларға арналған ойын-сауық аймақтары, шеберлік сағаттары, ұлттық музыка мен би алаңдары.
Мерекені өткізу барысында қауіпсіздік, санитарлық талаптар, қоғамдық тәртіп, көлік және жаяу жүргінші ағыны, техникалық қамтамасыз ету, экологиялық тазалық және ақпараттық сүйемелдеу – басты назарда. Барлық жауапты құрылымның үйлесімді жұмысы мерекенің нәтижелі болуына негіз болады.
Арқа төсіндегі Наурыз мейрамы – өткен мен болашақты, дәстүр мен заманауи технологияны үйлестіретін бірегей шара. 1000-нан астам іс-шара мен инновациялық жобалар тұрғындардың мерекеге қатысуына, ұлттық мәдени мұраны танып-білуіне және қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



