Дәстүр мен сән үндескен игі бастама
Бұқар жырау ауданының мәдениет қызметкерлері арасында кеңінен қолдау тауып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Дәстүрмен өрілген сән» челленджі тағылымды әрі мазмұнды жоба ретінде көпшілік назарын аударды. Аталған бастама ұлттық киім мен салт-дәстүрді ұштастыра отырып, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттауға, ата-бабадан аманат болған асыл құндылықтарды ұлықтауға жол ашты.

Челлендждің басты мақсаты – ұлттық киім арқылы қазақ халқының болмысын, рухани дүниесін, эстетикалық талғамын және тұрмыс-салтын кеңінен таныту. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына ұлттық мұраға деген құрмет сезімін қалыптастырып, қазақы нақышты заманауи көзқараспен жаңғырту да осы бастаманың маңызды міндеттерінің бірі болды.

Бұл игі іске Бұқар жырау аудандық мәдениет үйіне қарасты 37 мәдениет ошағы белсене атсалысты. Аудан көлеміндегі ауылдық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлері челленджді зор ықыласпен қабыл алып, ұлттық киімнің көркемдігін, дәстүрдің өміршеңдігін және өнердің тәрбиелік мәнін насихаттауда жоғары белсенділік танытты. Әрбір мәдениет ошағы өз өнері мен өнегесін көрсете отырып, ұлттық мұраны ұлықтауға лайықты үлес қосты.

«Дәстүрмен өрілген сән» челленджі – өткен мен бүгінді жалғаған, ұлттық рухты асқақтатқан тағылымды шара. Мұндай бастамалар халықтың мәдени жадын жаңғыртып қана қоймай, ұлттың төл болмысын сақтауға, оны келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Ұлттық киім – ұлттың айнасы, ал сол айна арқылы ұрпақ өз тарихын, өз тегін, өз тамырын таниды.
Қазақ халқы үшін дәстүр – тәрбие бастауы, руханияттың өзегі. Сондықтан да ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған осындай шаралардың маңызы зор. «Дәстүрмен өрілген сән» челленджі – ұлттық өнер мен мәдениеттің мәйегін сақтап, оны заман ағымына сай жаңғыртудың жарқын көрінісі.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы



