«Дат» театры көрерменге премьера ұсынды
Қарағандыда тәуелсіз «Дат» театры күні кеше көрерменге премьерасын ұсынды. Тәуелсіз театр Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» драмасын сахналады. Режиссері – театрдың басшысы, талантты актер Дунай Еспаев. Бұл премьераның ерекшелігі – сахнаға бұрын-соңды рөл сомдамаған, тәжірибесіз дебютант актерлер шықты.

Басты кейіпкерлердің бірі Әлияның образын Кеншілер мәдениет сарайының мәдени ұйымдастырушы Ботагөз Мұғиын сомдады. Мақсаттың рөліндегі Аңсаған Сәдуақас – 11-сынып оқушысы, Ләйланың образын сомдаған Ханзада Саттар – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің II курс студенті, Зарқымбекті сомдаған Әділет Совет – Қ.Аманжолов атындағы дәстүрлі ән сыныбының ұстазы, Дәметкеннің рөліндегі Баян Мамитова – қосымша білім беру педагогы, Ерғалидің рөліндегі Айдос Сұңқар – №1 балалар өнер мектебі театр бөлімінің педагогы, Тұрсынның рөліндегі Төлеген Қозы – әуесқой актер. Тұтас қойылымды әуенмен әрлеп отырған дыбыс режиссері Тоқтар Кәрібайдың өзі – мектеп оқушысы. Дегенмен, бұл қойылымды тамашалап отырып, нақты кімнің бас кейіпкер екенін дөп басып айта алмайсыз. Оқшаулауға да келмейді. Өйткені, әрқайсысының айтары бар.
Әлия – драмадағы шиеленісті арттыратын күрделі образ. Өзінің күйеуі Тұрсынның ер мінезін, шынайы болмысын жаншыған, ақшақұмар, долы мінездің иесі. Өз басының қамын ғана ойлаған эгоист образ. Ботагөз Мұғиын «бұл кейіпкердің табиғаты өзіне мүлде жат болса да, бел будым» дейді.
– Әлияның табиғаты маған мүлде қарама-қайшы. Кейіпкерім өмірде арман-мақсаттарына жетпеген соры қалың келіншек. Сол үшін айналасындағыларды кінәлайды. Дегенмен, ол өзінің отбасын жақсы көреді. Тек, өзінің махаббатын ащы тілімен, жағымсыз мінезімен жеткізеді. Жалпы, Әлия арқылы отбасы ішіндегі қиындықтар көрініс табады, – деді Ботагөз Мұғиын.
«Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Ол әбден жемістері көбейіп, үлкен болып өскен тұста: «Енді қожайыныма бұдан да көп алма берсем» деп армандаған екен. Бірақ бұтақтары…» деп басталады драма. Драма әкелерінен ерте айырылған, есейген соң арман қуып қалаға кеткен жалғыз ұлдың, тұрмысқа шығып кеткен қыздардың және ауылда биіктен құлап мүгедек болып қалған кенже ұлымен қалған жалғыз шешенің тағдырын баяндайды. Әр кейіпкердің өзіндік трагедиясы бар. Жалғыз шешенің туған күніне жиналған балалары мерекелік дастарханда шарапқа масайған сайын іштегі шер-шемендерін ақтарады. Оқиға желісі дамыған сайын кейіпкерлердің шынайы бет-бейнесі ашылады. Соңында ауызбірлік пен бір-біріне деген махаббаттан ада болған ағасы мен әпкелеріне, жезделеріне, көкірегі қарс айрылған анасына күйініп, үйдің кенжесі өзіне қол жұмсайды. Арын, ұятын кірлетіп алған ересектердің кикілжіңі үйдің кенжесін жұтып жібереді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



