Дұрыс таңдалған мамандық
«Қазақстан колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық байқауының жеңімпазы Рәзия Әбдуәли Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде мамандығын сүйіспеншілікпен игеруде.

Рәзия көпбалалы отбасында тәрбиеленген, бала кезінен аспаз болуды армандаған. Анасы пешке нан салғанда, таңертеңгілік үй ішін жайлаған нанның иісі оның бала жүрегіне ерекше әсер еткен.
Ол колледж қабырғасында кондитерлік құзыреттілік және наубайхана ісі бойынша бірнеше шеберлік сағатын өткізіп, келген қонақтар мен бірінші курс студенттеріне өз білімін, тәжірибесін бөлісуді үлкен жетістік санайды. «Ас – адамның арқауы» дегендей, қазіргі таңда өз өнімдерін нарыққа шығарып, тұтынушылардың таза әрі пайдалы тағам тұтынуын басты мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, Рәзия студенттік «Жігер» парламентінің «мәдениет және өнер» фракциясының жетекшісі. Әртүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, студенттік өмірге серпін беріп келеді. Колледжішілік және облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып, шығармашылықпен де айналысып жүр.
«Менің отбасым – менің шежірем» атты облыстық байқауда жүлделі 2-орын, ақын Серік Ақсұңқарұлы шығармашылығына арналған байқауда «Мен – һас сақтың қара өлеңі» номинациясы бойынша 2-орын иеленді. 2024 жылы «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты облыстық іс-шарада жүлделі орын алды.
Жастарды қолдау мақсатында «АМАNАТ» партиясы мен «Жастар рухы» ұйымының қолдауымен өткен «Еңбек. Болашақ. Даму» форумында облыстық мәслихат депутаты, меценат Асқар Оразбековтің грантының иегері атанды. 2023 жылы «Worldskills» байқауына кондитерлік іс, 2025 жылы наубайхана ісі құзыреттілік бойынша облыстық кезеңге қатысты.
Рәзияның туған ауылында наубайхана ашу жобасы көпшіліктің қолдауына ие болды. Бұл – тек бизнес жоба емес, ауыл тұрғындары үшін сапалы, дәмді тағам ұсынып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейтін игі бастама.
Құралай ӘБЕНОВА,
Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің директоры