Руханият

Дәрістен терең тәлім

Қала әкімдігінің қолдауымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қабырғасында «Алаш айлығы» өтіп жатыр. 14 қарашада бастау алған. Енді, 14 желтоқсанға дейін жалғасады. «Алаш айлығы» аясында жоғары оқу орнында Алаш тарихын жандандыруды һәм насихаттауды мақсат тұтқан тағылымды дәрістер жалғасады. Дәрістерді есімі елге мәшһүр тарихшы ғалымдар оқып жатыр.

«Алаш айлығын» Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр. Екі жыл қатарынан қалалық әкімдік қолдау көрсетіп келеді. Мақсат айқын – Алаш тарихының тасада қалған беттерін жарыққа шығару, университет қабырғасында оқып жатқан студенттерді Алаш идеясымен кеңінен таныстыра отырып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Бесінші және 13 желтоқсан аралығында өтетін дәрістер Тәуелсіздік күніне орайластырылмақ. Сондай-ақ, ақын, публицист, «Шабыт» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері Ербол Алшынбай, жазушы, сценарист, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмдерінің сценарий авторы Ұларбек Нұрғалымұлы, «Natige» ЖШС директоры, меценат-кәсіпкер Ерлан Әшім және басқа да сарапшы-алаштанушылар студенттерге дәріс оқиды.

Биылғы «Алаш айлығында» белгілі алаштанушы ғалым, доцент, тарих ғы­лым­дарының кандидаты және Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ерлан Сайлаубай да дәріс оқыды.

– Көрнекті ғалымдардың, сарапшы-­алаштанушылардың қатысуымен дәрістер өткізу – біздің университетте жақсы дәстүрге айналды. Пандемия кезінде біз оларды онлайн режимде өткізген едік. Екі жыл қатарынан бұл кездесулер офлайн форматта өтуде. Студенттер тарапынан бұл шаралар қолдау тапты. Өйткені, спикерлердің әрқайсысы Алаш тарихы мен алашордашылардың мұрасы хақында мол дерек бере алады, – деді тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button