Дәрігер-инфекционист: «Міндетім – жеңіске жету!»
Баянбек АСПАНДИЯРОВ, дәрігер-инфекционист, облыстық клиникалық аурухананың инфекция орталығы бөлімінің меңгерушісі:
“Ауруханадан шықпай жұмыс істегелі он тәулікке жақындапты. Күннің атқаны, кештің батқаны, тіпті, аптаның қай күні екенін айырудан қалғалы қашан?! Вирус жұқтырған науқастардың жанындағы медицина қызметкерлері үшін минут, сағат, күн, апта ұғымдары жоғалғандай. Басты есебіміз – сырқаттан жазылуға бет алғандар мен жазылып шыққандар.
Отбасымды көрмегелі де бір айдан асыпты. Бастапқыда провизорлық ауруханада болғандықтан, зайыбым мен екі сәбиіме ауру жұқтырып алудан сескеніп, ауылға, ата-анама жібергенмін. Қолым қалт еткенде хабарласып, балаларымның «әке» деген тәтті дауысын естігенде тәулік бойы ауа өтпейтін арнайы киіммен жүргенің ұмытылып, әр науқас үшін шырқырай қиналған жан азабың бір сәтте сейіліп жүре береді.
Өзім үшін, тіпті, науқастар үшін де қорқыныш жоқ. Себебі, дәрігерлерге барлық жағдай жасалған, вирус жұқтырғандар да біздің қатаң бақылауымызда. Халық карантин режимінің талабын сақтамай, дерт жұқтырушылар қатары арта түспесе екен деген ой маза бермейді. Карантин ұзап кетсе, отбасыммен қауышар күннің, балаларымды бауырыма басып, мейірім қанғанша иіскейтін сәттің де алыстай түсетінін ойласам, көңілім бұлт торлаған аспандай болады.
Жабыққан көңіл шіркін жазылуға бет алған науқастарды көргенде, күн-түн демей, жанталасқан еңбегіңнің еш кетпегенін сезгенде серпіліп қалады. Адам өміріне араша түсіп, 24 сағаттың 24 минуттай зырылдап өтіп жатқанда шаршағаның да білінбейді. Тәуліктік ауысымнан кейін сәл көз шырымын алып, қайтадан жұмысқа кірісеміз.
Әжем бала күнімнен «дәрігер – құрметті мамандық» деп, құлағыма құйып отыратын. Дәл қазіргі сәтте осынау мамандықты таңдағаным үшін қуаныштымын.
Кейде, тіпті, ата-анаммен, жарыммен, балаларыммен хабарласуға да мүмкіндік болмай қалады. Олардың да, бүкіл қазақ елінің де тілеуімізді тілеп отырғанын іштей сеземіз. Орайы түскенде «Ortalyq Qazaqstan» газеті арқылы отбасыма сәлем жолдасам деймін. Хабарласа алмай жатқан сәттерімде олардың алаңдамауын өтінемін.
Ең бастысы, келер күндердің мамыражай болуы. Ал, менің қазіргі міндетім – көзге көрінбейтін қауіпті «жаумен» бетпе-бет шайқаста жеңіске жету!”