Дәрігер Абатов дертіме дәру сыйлады
Мен өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында бір кісідей еңбек етіп, бірнеше ауылды көркейтуге үлес қостым. Ауыл халқының ахуалы жақсара түссін деген ниетпен мемлекеттік қызметші, ауыл әкімі ретінде білік-білімімді елдің көркеюіне жұмсадым. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де бірнеше жыл жұмыс істеп, өткен жылдың аяғында қалаға жақындадық. Көкірегімізді қарс айырып, өмірден ерте кеткен қос құлынымыздың соңында қалған тұяқтарын «оқытып, жеткізейік, ендігі күш-жігерді солардың болашағына жұмсайық» деп ойладық. Қырық жылдан астам мектепте ұстаздық еткен жұбайым Аян екеуміз осылай қалалық болып шыға келдік.
«Адамның күнделікті жұмыстан қолы босап, уақыты көбейсе, түрлі ауру-сырқау да жағалай бастай ма?» деп ойлаймын қазір. Қалаға келгелі денсаулық сыр бере бастаған соң дәрігерге бардым. Олар тексере келе ота жасау керек деп шешті. Содан Пришахтинскідегі Қарағанды медицина университетіне қарасты клиниканың басшысы, профессор Нұрқасен Төлепбергенұлы Абатовтың қарамағына түстім. Осындай дәрігердің қолына тағдырымды тапсырған Жаратқанға риза болдым. Өйткені, профессор Абатовтың өзі түгілі шәкірттерінің қандай білікті дәрігер, адам жанының арашасы екендігі туралы ауылда жүргенде аңызға бергісіз әңгімелер еститінмін. Соның біреуін ғана еске алсам.
Бұл күнде Молодежный ауруханасының бас дәрігері, хирург Нұрлан Сағадатұлы Какенов – профессор Абатовтың жиырма шақты шәкіртінің бірі. 2008 жылғы жаздың бір шуақты күні Тельман селосынан жол апатынан басы жарылып, миы шашылып кеткен, өте ауыр халдегі бір адамды осы Молодежный емханасына жеткізеді. Науқасты әкелген кісіден дерегін сұрастырғанда, отыз жас шамасындағы Болат Тілешұлы деген Ақбұлақ селосының Родницский ауылының тұрғыны болып шығады.
Хирург Нұрлан Сағадатұлы мен аға медбике Айсұлу Каткова тәуекел етіп, дереу науқасқа ота жасауға кіріседі. Бірнеше сағат өткенде медбике жүгіріп шығып, аурудың өзіне келгенін қуана хабарлайды. Басқалар түгілі, дәрігерлер үшін де бұл адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға еді. Нұрлан Сағадатұлы әлгі шашылып қалған жерден пакетке салып әкелген миды орнына қайта орналастырып, тірілтіп алған сол жігіт бүгінде дені сау, шапқылап жүр.
Бізбен әңгімесінде Нұрлан Какенов ұстазы Нұрқасен Абатовтан көп дүниені үйренгенін айтқан еді. «Ол кісі ота жасаған кезде өте жылдам, қорықпайды, өзіне-өзі сенімді қалыпта іске кіріседі. Осындай қасиеттерін біздің бойымызға сіңіре білді» деген еді Нұрлан Сағадатұлы.
Қазір де профессор Абатовтан дәріс алып жүрген шәкірттерінің бірі – бар болғаны 30 жастағы медицина ғылымдарының докторы, профессор Еркебұлан Марғұланұлы Асамиденов. Шетелдердің озық тәжірибелерін ерінбей ізденіп, игеріп жүрген білімді азамат. Ол да осы университеттің студенттеріне дәріс оқиды, келешегі жарқын білікті маман.
Абатовтың шәкірттерінің өзі осындай болғанда, ұстазы қандай десеңізші. Маған да жасалған ота сәтті болып, құлан-таза айығып кеттім.
Қандай құрметке болсын лайықты профессор-хирург Нұрқасен Төлепбергенұлына ризалығымды осы жазбам арқылы білдірсем деп едім. Білікті дәрігер – қазір Қарағанды медицина университетінің Пришахтинск клиникасының басшысы. Оның қарамағында отыз шақты жас маман жұмыс істейді. Күніне 10-15 ота жасалады. Клиниканың өзінде және университетте студенттерге күнделікті дәріс оқиды. Осы университеттің жиырма шақты түлегі профессордан тәлім алып, тәрбиесінен өткен. Олардың әрқайсысы білікті маман, қолы жеңіл хирург ретінде танылып, жемісті жұмыс істеп жүрген жайы бар.
Нұрқасен Төлепбергенұлы сынды ұлағатты ұстазды, ғалымды барынша құрметтесек, артық етпейді. «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасында жарқырай көрінсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Сайран АЙТЖАНОВ,
Осакаров ауданының Құрметті азаматы.