Жаңалықтар

Дәрі де есірткі

Маусымның 8-нен 9-на қараған түні Теміртау қаласында психотропты заттардың үлкен партиясын тасымалдап бара жатқан екі әйел адам ұсталды. Облыстың полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл шара «Қарасора-2022» республикалық операциясы аясында жүзеге асты. Маусымның басынан басталған бұл шара қазан айына дейін жалғасады.

Теміртау қаласының тәртіп сақшылары 30 жасар ер адам жүргізген көлікті тоқтатқан. Әдеттегі тексеріс барысында 32 және 36 жастағы екі жолаушы күдік туғызған. Қарағанды қаласына бет алған әйелдерден бір сөмке психотропты заттар анықталды. «Тропикамид» препаратының 98 флаконы, «трамадол» препаратының 12 пластинасы және «алис» препаратының 6 қаптамасы полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Ұсталғандар бұл дәрілік заттарды жеке қолдану үшін керек екенін айтқан. Алайда, аталған фармокологиялық заттар қатты әсер ететін психотропты заттар болып табылады және қатаң түрде тек рецептпен беріледі.

Екі жолаушыға «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» ҚР ҚК 296-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағанындай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның аясында тиісті сараптамалар жүргізілетін болады.

Негізі бұл есірткі қолданушылар арасында таралған дәрі-дәрмектер, – дейді Қарағанды облысы бойынша полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Кирилл Корниенко. – Мысалы, трамадол деген дәрі ауруды басатын, тропикамид – көз дәрісі, бірақ, нашақорлар мен эйфория «ұстағысы келгендер» оны қолдануда. Бұл дәрілердің барлығы рецептпен берілуі тиіс, алайда, оның да жолын тапқандар бар. Бұл бағытта біз арнайы «Дәрмек» жедел алдын алу шарасын ұйымдастырамыз. Тоқсанына бір рет медицинадағы наркотикалық заттардың заңды айналымына бақылау жасаймыз, аталған дәрі-дәрмектерді сататын дәріханаларды анықтаймыз. Ал, жалпы бұл дәріханалық наркомания деп аталады.

Жалпы, облыстың полиция қызметкерлері наркотикалық заттарды тарату мен медициналық емес түрлерін қолдануға қарсы күресті үздіксіз жүргізеді. Мұндай қылмысқа қатысатын адамдарды анықтау мен ұстау осы жұмыстың ажырамас бөлігі.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button