Бас тақырыпМедицина

Дәрі бағамындағы өзгеріс

Елдің Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарға баға белгілеу тетігін қайта қарастырып жатыр. Дәрілердің сапасын бағалау мен іріктеуде қауіпке бағдарланған тәсіл бойынша және фармацевтикалық өнімді әкелу тәртібінде өзгерістер енгізілуде. Бұл ретте пациенттердің, мемлекеттің және өндірушілердің мүдделері жан-жақты ескеріледі дейді сала мамандары.

Сурет sputnik.kz

Осы мақсатта мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдерін қамтитын фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Одан бөлек, биыл наурызда стратегиялық ұсыныстарды әзірлеуге жауапты бейінді департамент жұмысын бастады.

Сатып алу тиімділігін арттыру үшін Бірыңғай дистрибьютор жарамдылық мерзімдерін ескере отырып, тауарларды жоспарлау мен бөлуді автоматтандыратын ақпараттық жүйені енгізді. Бұл есептен шығарылған препараттардың санын азайтады.

Бірыңғай дистрибьютордың қызметі өндірушілермен тікелей шарт жасасуға бағытталатын болады. Бұл делдалдарды алып тастаудың есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Аталған бағытта жүргізілген ішкі тергеу жүйелі кемшіліктер мен тиісті бақылау­дың жоқтығын анықтады. Қабылданып жатқан шаралар халықты қауіпсіз және сапалы дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік бермек.

Шілденің бірінен бастап, өндірілген барлық дәрі-дәрмек таңбаланатынын да айта кетуге болады. Бұл – фармацевтикалық жүйедегі заңсыз дәрі-дәрмек айналымын жоюға, халыққа сапалы препараттарды ұсынуға бағытталған жоба. Облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің дерегінше, дәрі-дәрмекті таңбалау жобасына облыстың дайындығы – 85%.

Айта кету керек, өңірде 7 дәріхана қоймасы және 464 дәріхана бар. Екі отандық тауар өндіруші – «Қарағанды ​​фармацевтикалық кешені» және «Фармация 2010» тұрақты жұмыс істейді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button