Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық «Арглабин» дәрісін ресми мақұлдады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Халықаралық бейпатенттік атаулар жөніндегі комиссиясының мәліметіне сәйкес, ісікке қарсы қазақстандық «Арглабин» препараты ресми түрде мақұлданды. Препаратты «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы әзірлеген.

ДДҰ-НЫҢ Халықаралық Патенттелмеген Атаулар Бағдарламасы (INN) дереккөзіне сүйенсек, «Арглабин» халықаралық талаптарға сай толық клиникалық сынақтар циклінен өтті. Зерттеу жұмыстары 3900 онкологиялық науқасқа жүргізілген. Нәтижесінде препарат клиникалық тәжірибеде кеңінен қолдануға ресми түрде тіркелді.
Айта кеткен жөн, қатерлі ісікке қарсы Қарағанды қаласындағы фитохимия иниститутының өнімі – «Арглабин» дәрісі Ресейдің ғылыми орталығында клиникалық сынақтан өтіп, ТМД аумағына таралу құқығына ие болды. Бұған дейін осы дәрі 11 елдің патентімен қорғалған болатын.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл дәрі бауыр, өкпе және сүт бездерінде пайда болған ісіктерді емдеуге және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін қатерлі ісік ауруларына қолданылатын бұл дәріге шетелдерден 11 миллион данаға тапсырыс түссе, ішкі сұраныс 2 миллион данаға жетіп отырған.
Аяулым СОВЕТ


