Жаңалықтар

Дүниеге үшем келді

Қарағандылық Мереке Қожахметова бір күнде көпбалалы ана атанды. Облыстық перинаталдық орталық мамандары 14 мамырда ауыр жағдайда туған үшемді бағып-қағып, күні кеше үйлеріне шығарып салды. Бұл – биыл аймақта осымен екінші рет дүниеге келген үшемдер.

– Екі ер бала 1800, 1700 грамм, ал қыз бала 1490 грамм болып 34 аптада өмір есігін ашты. Үшеуі де ауыр жағдайда, дем ала алмай туды. Біздің неонатолог мамандар респираторлық қолдау жасап, өкпенің жасанды вентиляциясын қосты. Әуелі реанимацияда, кейін жағдайлары жақсарған кезде жаңа туған сәбилердің паталогиясы бөліміне ауыстырылды. Тиісті емін алды, әрі қарайғы бақылау тұрғылықты мекен-жайы бойынша жалғасады, – деді жаңа туған сәбилер реанимациясы бөлімінің меңгерушісі Елена Виноградская.

Мамандар аймақта үшемдердің дүниеге келуі жыл сайын артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Оның ішінде экстракорпоральді ұрықтану әдісі бойынша бала көтергендер де бар. Былтыр төртем де туған болатын. Мұндай жүктілік аса ауыр, сондықтан, оны бақылау да жан-жақты әрі жіті болуы тиіс.

Мереке Алматқызы бұған дейін де екі ұл, бір қыз баланың анасы еді. Енді қуанышы еселене түсті.

– Білген кезде қатты қуандық. Туыстарға айтқан жоқпыз. Басында УДЗ төртем деді, бірақ 16 аптасында біреуі шетінеп кетті. Қасиетті айда балаларым үшін дұға жасап, амандығын тіледім. Бұл қуаныш әуелі Алланың, сосын осындағы барлық медицина қызметкерлерінің арқасында деп білемін. Сондықтан, айтар алғысым шексіз, – деді жас ана.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button