Дүлдүлдердің додасы
Қарағандыда Мәди Бәпиұлының 145 жылдығына орай Мәди Бәпиұлы атындағы VI республикалық классикалық ән орындаушыларының байқауы өтті. Бұл – «әншімін» дегендер топ жаруды армандайтын еліміздегі беделді байқаулардың бірі. Биылғысына еліміздің түпкір-түпкірінен қырыққа жуық өнерпаз қатысты. Екі күнге созылды. Қазақстанның еңбек ері, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов қазылар алқасының төрағасы болды.

Қырыққа жуық өнерпаздың тең жартысы ғана екінші, яғни, ақтық кезеңге жолдама алды. Мәди Бәпиұлы атындағы VI республикалық классикалық ән орындаушыларының байқауында Алматы қаласынан қатысқан Мадияр Өмірғалы топ жарды. Бас жүлде иегері екі кезеңде де қазылар алқасынан жоғары баға алды. Ол – Ақтоғай топырағының тумасы, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің түлегі. Алаш жұртына есімі мәшһүр дүлдүл әнші Сержан Мұсайынның шәкірті. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкмәновтан білім алған.
– Бұл байқаудың бас жүлдесін әр әнші армандайды. Мұнда тек еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген хас таланттар ғана бағы мен бабын сынайды. Осындай өнер бәйгесінде қара үзіп шыққаныма өте қуаныштымын. Ұстаздарыма және тілеуімді тілеген ағайынға, әнсүйер қауымға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта өнерімді шыңдап, басқа да айтулы байқауларда топ жару үшін барымды саламын, – деді Мадияр Өмірғалы.
Бас жүлде иегеріне елімізге танымал, республикалық «Үкілі домбыра» байқауының бас жүлде иегері, қолөнер шебері Нарбек Охановтың қолынан шыққан арнайы домбыра табысталды.
Бірінші орын Семей қаласынан келген Ұлжан Әбілхасимоваға бұйырды.
– Талантты әнші Амангелді Жекенов – менің алғашқы ұстазым. Әннің әліпбиін үйретіп, осындай өнер бәйгелеріне қосты. 9-сыныптан кейін Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық өнер училищесіне оқуға түстім. Алтын Смансейітова, Қайрат Қамидолдин секілді ұстаздардан да тәлім алдым. Бүгінде өнердің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқып жатырмын. Қарағандыға келіп жүлделі орын алғаныма өте қуаныштымын. Бұл өңірде іргелі ән мектебі қалыптасқан. Дүлдүл әншілер өте көп. Шәкірттері де осал емес. Бұны екі күндік байқауда көрдім. Республикалық деңгейде өнер көрсетіп, танылып жүрген қарағандылықтар баршылық. Қарағандыға рақмет! – деді Ұлжан Әбілхасимова.
Екінші орын қарағандылық Ақжігіт Дәулетбекке берілді. Ал, үшінші орын Қуандық Төкеновтың қанжығасында. Екеуі де сахналарда жұлдыздай жарқырап, халықты талантымен тәнті етіп жүрген өнерпаздар. Жүлдегерлердің барлығына қаржылай сыйлық табысталды.
Қазылар алқасының төрағасы Қайрат Байбосынов мұндай байқаулардың басты олжасы жүлде емес, тәжірибе екенін айтты.
– Бізге салса, бәріне бірдей бас жүлдені үлестіріп берер едік. Өйткені, дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл байқауға осал өнерпаз келмейді. Ылғи іріктелген, өзіне сенімді әншілердің ғана жүрегі дауалайды. Биылғы байқауда соған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Осындай өнер бәйгесіне қатысқан өнерпаздың деңгейі бір сатыға болсын өсетіні сөзсіз. Өйткені, бір-біріңізбен тәжірибе алмасасыздар. Ал, дүлдүлдердің ортасына түскен өнерпаз өзінің ән орындаудағы осал тұстарын аңғарады. Сол кемшілікті жою үшін еңбек етеді. Міне, байқаудың мәнісі осында, – деді Қайрат Байбосынов.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



