Дәл дерек – дамудың діңгегі
2025 жылдың 8 қарашасы – Қазақстандағы статистика қызметінің 105 жылдық мерейлі күні. Бір қарағанға, статистика сандар мен кестелер әлемі сияқты көрінуі кәдік. Іс жүзінде санқырлы сала ел тынысын дәл өлшеп, қоғамның даму қарқынын айқындайтын айна. Қазіргі заманғы статистика келбеті нендей? Қандай жаңа әдістер мен құралдар қолданылады? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін біз Қарағанды облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Сәуле Комутовамен әңгімелескен едік…

– Сәуле ханым, соңғы жылдары Қазақстан статистикасы қандай өзгерістерге ұшырады?
– Қазақстан статистикасы мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Кәдімгі ашық, түсінікті және қоғамға жақын жүйе. Біз әрбір пайдаланушының ақпаратқа оңай қол жеткізуіне, оны нақты өмірмен байланыстыра алуына басымдық беріп келеміз. Ұлттық статистиканы реформалау үш негізгі бағытта жүзеге асуда: институционалдық өзгерістер енгізу, әкімшілік және баламалы дереккөздерді тиімді пайдалану, сондай-ақ, аналитикалық әлеуетті арттырып, деректерге қолжетімділікті кеңейту. Сәл бұрынырақ деректер қорын жинау қағазбастылыққа толы күрделі үдеріс болатын-ды. Енді парадигма түбегейлі өзгерді: бүкіл статистикалық есептер электронды форматқа көшті. Есесіне респонденттердің уақытын үнемдеп, қателіктердің азаюы қолымызды ұзартты. Тарату жүйесінде де түбегейлі жаңару жүріп жатыр. Ресми ақпарат бұрынғыдай тек кестелер түрінде емес, қолдануға ыңғайлы жаңа форматтармен, интерактивті дашбордтармен ұсынылады. Мұндай платформалар әдіснаманы қарапайым тілмен түсіндіріп, қабылдай қоюға санасы даяр емес қолданушы тарапқа да деректерді саралауға қолайлы жағдай жаратады. Алғашқы дашборд инфляция тақырыбына арналды. Кейін жалақы, халық санағы және басқа да маңызды бағыттар бойынша жетелі жобалар іске қосылды. Енді кез келген адам өзіне керекті мәліметті бірнеше батырма арқылы шолып шығып, түрлі бөліністерде еркін көре алады.
– Статистикалық өндірісте баламалы және әкімшілік дереккөздерді пайдалану туралы не айта аласыз?
– Деректер әлемі шексіз кеңістікке айналды. Монтаны мобильді операторлардан бастап, қаржы секторы мен ғарыштық суреттерге дейінгі баламалы дереккөздерде орасан ақпарат көзі шоғырланған. Міне, осы мәліметтерді талдау мен пайдалану – қазіргі статистиканың жаңа тынысы. Қазірдің өзінде Қазақстан статистикасы осындай дереккөздер арқылы баға көрсеткіштерін есептеудің эксперименттік тәсілдерін енгізіп отыр. Мысалы, тауар сатып алу кезінде берілетін фискалдық чектер біз үшін үлкен мүмкіндік. Бұл нарықтағы нақты қозғалысты жедел әрі дәл бақылауға жол ашады. Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері жалдамалы қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын тереңірек зерттеуге оң ықпал етті. Осы мәліметтер негізінде біз еңбек нарығының шынайы бейнесін іріктемелі зерттеулерге сүйенбей-ақ оп-оңай анықтай аламыз. Мұнымыз тек алғашқы қадамдар ғана. Баламалы дереккөздердің әлеуеті әлі де мол. Алда осы бағытта ауқымды зерттеулер жүргізіліп, деректердің барынша тиімді пайдаланылуы көзделіп отыр. Ал, ресми статистика тек баламалы емес, әкімшілік деректермен де толықтырылады. Соңғы жылдары нақты жүйелі жұмыстар қолға алынған. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюрократияны азайту жөніндегі Жарлығы қабылданды. Осы құнтты құжатқа сәйкес, әр мемлекеттік орган жинақтайтын деректердің сапасы үшін тікелей жауапкершілік бар. Енді әрбір ведомство өз ақпараттық қорын реттеп, оны бірыңғай тізілімге енгізу үстінде. Бірегей бірыңғай тізілім болашақта ресми статистика үшін де маңызды дереккөзіне айналады. Осылайша, біз дерекқор сапасын арттыра отырып, қоғам мен мемлекеттің даму үрдістерін барынша дәл бейнелеуге қол жеткіземіз.
– Қазіргі уақытта пайдаланушылар үшін қандай жаңа сервистер қолжетімді?
– Біз қоғам үшін түсінікті, ашық әрі ыңғайлы болуға тырысамыз. Сол айқын мақсатта пайдаланушыларға арналған ерекше сервис әзірленген еді. Ендігі шақта кез келген адам Ұлттық статистика бюросының сайтына тіркеліп, өзіне қызықты тақырыптағы басылымдарды қалауынша таңдай алады. Мысалы, біреу экономика деректерін, енді біреу демография не инфляция бойынша мәліметтерді қалайды делік. Таңдаған бағыттарыңыз жарияланған сайын, электрондық поштаңызға хабарлама келіп тұрады. Осы тәсіл – су жаңа ақпараттан қалыс қалмаудың ең қарапайым әрі тегін жолы. Бюроның басты ұстанымы – деректерді ашық ұсыну ғана емес, оны дұрыс түсінуге көмектесу. Осы мақсатта «Data Literacy Hub» атты заманауи білім беру платформасы іске қосылды. Мұнда кез келген адам статистикалық сауаттылығын арттыра алады. Біз жоталы жобаны жадағай оқу құралы емес, қоғам мен мамандар арасындағы көпір ретінде қарастырамыз. Қазірдің өзінде 4 деңгейден тұратын кеңейтілген курс пакеті әзірленіп, статистика қызметкерлері мен деректерді пайдаланушылардың құзыреттерін дамыту көкжиегі кеңейді. Ең қызығы, кезектегі курстар енді қабылданған барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті.
– Алдағы уақытта статистика органдарының алтына қандай міндеттер тұр?
– Мақсат – бір. Статистика саласын жеңілдету емес, оны өмірге жақындату. Сол себепті, біз есеп беру нысандарының санын айтарлықтай қысқартуға кірістік. Ең алдымен, респонденттердің жүктемесін азайтып, олардың уақытын үнемдеу маңызды меже қатарында. Дегенмен, жеңілдік деректердің азаюын білдірмейді. Керісінше, әкімшілік және баламалы ақпарат көздерін пайдалану артқан сайын өңделетін деректер көлемі еселеп көбейеді. Демегіміз, енді ресми статистиканың тар шеңберінен шығып, баршаға қолжетімді толыққанды деректер экожүйесін қалыптастыруды көздеп тұрмыз. Болашақ жоспар да соған сай айқын. Алда бірыңғай визуализация құралын енгізу көзделді. Келешекте әрбір саналы қолданушы өзіне қызықты деректер негізінде жеке дашборд құрастыра алады. Яғни, деректермен жұмыс істеудің жаңа мәдениетіне көшеміз. Сонымен қатар, жасанды интеллект элементтері бар іздеу жүйесін енгізу жоспарда бар. Ол ақпаратты іздеуді, талдауды және визуализация жасауды әлдеқайда жеңіл әрі түйсікті етеді.
– Ағымдағы жылы статистика органдары жүзеге асырған ең маңызды істер қатарына нені жатқызар едік?
– 2025 жыл республика статистикасы үшін тағы бір тарихи кезең болғандай. Еліміздің тәуелсіз жылнамасында екінші рет өткізілген Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жаңа форматта ұйымдастырылды. Ең басты жаңалық – ауыл шаруашылығы өндірушілері енді санаққа онлайн қатыса алды. Sanaq.gov.kz порталы арқылы өз бетінше сауалнама толтырып, деректерді тікелей жіберу жолы ұсынылды. Тың тәсіл бізге елдің ауыл шаруашылығының нақты жай-күйін, оның құрылымын, өндірушілердің санаттарын, қорының бар-жоғын және олардың пайдалануын, сондай-ақ, экономикалық сипаттамаларын толық әрі сенімді түрде зерттеуге септесті. Алдағы уақытта да алынған деректер агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың тиімді мемлекеттік саясаттарын әзірлеу және іске асыру үшін берік негіз болады.
– Мемлекеттік статистика органдарының мерейлі датасына орай толғамды тілегіңіз бар болар…
– Айтарымыз, біз қоғам сенімін арттыруға атсалысамыз. Мерейтой қарсаңында статистика ардагерлеріне арнаулы алғысымды жеткіземін. Жауапты қызметтің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан жандарға, сондай-ақ, өңір статистикасына жеке еңбегімен үлес қосқан әріптестерге риясыз рахметімді білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, біліктіліктеріңіз және заманауи технологияларды меңгеру қабілеттеріңіз азаматтарды, қоғамды және мемлекеттік билік органдарын уақытылы әрі сапалы ресми статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуге ықпал етті. Міне, осы сертті сенім мен кәсіби жауапкершілік бүгінгі статистиканы елдің дамуына нақты үлес қосатын маңызды институтқа айналдырады. Кәсіби де мерейлі мерекеміз құтты болсын!
– Шуақты әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



