Дүйсен ақын
«Орталық Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 18 мамырдағы санында «Өнер иесі ескерусіз қалмасын» деген тақырыппен жерлесіміз, қызыларайлық Дүйсен ИСАБЕКОВТІҢ шығармашылығына арналып, «Нұржан ақын» деген поэмасынан үзінділер келтіріпті… Ол ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. 17 жасында Омбы қаласындағы жұмысшы жастар факультетіне оқуға түседі. Ондағы қазақ жастарына арналған үйірмеге қатысып, әдебиетке жанымен беріледі. Сол бір ұмытылмас шағын еске алғанда: «Үйірмеге Зейтін АҚЫШЕВ жетекшілік еткен еді. Біз Ғабит МҮСІРЕПОВТЫҢ «Тулаған толқында» атты туындысын талдадық. Мен осы шығарма туралы пікірімді үш ауыз өлеңмен білдіргем», – дейтін. Міне, осы өлең-пікірі оның ақындық өнеріндегі тусаукесері болса керек.
Дүйсен (Дүйсенбек) Исабековтің аздаған деректерінің менің қолыма іліккеніне оншақты жылдың мұғдары болыпты. Ұсақ өлеңдері мен «Нұржан ақын» деп аталатын поэмасының қолжазба нұсқасы мен біраз өлеңдерін (қолмен жазылған) Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының шежіре бөлімінен тауып, (№1122, №167 дәптер), көшіріп алғам. Қолжазбаны қашан, кім тапсырғаны жайлы мәлімет келтірілмеген. Ұсақ әріппен бір бет қағазға екі қатар болып толтырған 17 беттік жәдігер. Кім болса да ақын жанын түсініп, таныған рухы бай азамат болса керек. Тағы біраз өлеңдерін Ұлттық кітапхана қорындағы «Арқа еңбектерінен», Қарағандыдағы Н.Гоголь атындағы кітапханадағы «Орталық Қазақстан» газеті тігіндісінен «Арман» атты поэмасын қолға түсіргем. Ал, «Жақаң жараланғанда» атты туындысын т.б. қысқа өлеңдерін қызыларайлық ақсақал, ескі сөздің жанашыры Нілтай Мәжімановтан алғам. Ақынның өмір жолы мен қызметі жайлы талдап, толықтырып жазуға деректердің тапшылығы қолбайлау да болды. Дүйсенмен аталас жақын болып келетін азаматтардан естігендерім көңіл көншітпеді. Олар: «Үлкен ақын болыпты. Кезінде назар аудармаппыз», – дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Өкініштісі сол – Дүйсеннен қалған ұрпақтардың бар-жоғы да жұмбақ күйінде қалып отыр. Суреті де табылмады. Өзі 1909 жылы туып, 1972 жылы өмірден қайтыпты.
Ақын өмірінің соңы түсініксіз жайда өткенін, жұмыссыз қалған жылдарын «Өкініш» деп аталатын деректі өлеңінен аңғарғандай боламыз. Жалпы, ақын жайлы «Орталық Қазақстан» газетінде көп жыл бойы абыройлы қызмет атқарып, өмірінің соңғы жылдарында «Қарқаралы» журналының бас редакторы болған Базарбай Мұстафин ағамыздың қысқаша жазған аннотациялық дерегі ғана бар. Осы бір шағын деректе оның 1940-шы жылдардың соңын ала Гурьев облыстық партия комитетінде, одан соң Қарағанды, Балқаш қалаларында қаржы саласында қызмет атқарғаны айтылады. Өмір бойы мамандығына орай есеп-қисап саласында еңбек еткенмен, өзінің жан-әлемін, рухани дүниесін поэзия дейтін құдірет күшіне бағындырыпты. Артында қалған азын-аулақ көркем дүниелері оның жеке ерекшеліктерін айқындайтын айтқыш, кең тынысты үздік ақын болғанын дәлелдейді. Сол 1940-1965 жылдары оның қаламынан «Құт қазған», «Қазіргі Гурьев», «Арман», «Жақаң жараланғанда» атты поэмалары, қысқа сықақтары, балладалары туындапты. 1958- ші жылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылып, Мәскеуде өткен Қазақ ССР-і өнерінің онкүндігіне Халық ақыны ретінде қатысады. 50 жасқа толуына орай Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Осы деректерді негіз ете отырып, Атырау, Маңғыстау облыстық архивтеріне сұрау салғанмын. Өкінішке орай ештеңе таба алмадым. «Жоққа жүйрік жетпейді» десек те, алтынның сынығындай болып қолымызға іліккен бармен базарлап, «Нұржан ақын», «Арман», «Жақаң жараланғанда» атты поэмаларына қысқаша шолу жасап көрелік.
«Нұржан ақыны» атақты Нұржан Шоңұлына арналған. Дүйсен Нұржан жайлы деректі бала кезінде Жақан деп аталатын қарттан естіпті. Кейін ес біле бастағанда Октябрьдің онжылдығына арналып 1927 жылы Қарқаралыда өткен дүрмекті тойда көргенін, Нұржанның жаңа заманды шабыттана мадақтап, жыр төккенін дастанына арқау өтеді.
Екінші поэмасы «Арманның» тақырыбы Қарағанды өндіріс орнының ашылуына арналған. Кезінде жоқ-жітік азаматтар тіршілік қарекеті үшін шахтаға түсіп, ауыр бейнет, адам төзбес езгіге ұшырайды. Оның бәріне кінәлі – кен орнына иелік ететін ағылшын капиталисі Герберт. Оның езгісіне қарсы ерлікпен әрекет ететін шахтер жігіт Күмісбектің батылдығы желі ретінде тартылады. Билеуші мен езілуші арасындағы осы тартыс шегіне жетіп, Күмісбек жалдамалы ағылшын адамы Арон қолынан мерт болады. Поэма желісінде Күмісбектің өнерпаз, күйші, махаббатқа адал Қияш қызбен арасындағы сүйішпеншілігі жымдастырыла отырып, штрих есебінде қиыстыра баяндап, айтпақ ойын байыта түседі. Аталған поэма Қарағанды шахтерлерінің өмір-тұрмысын сипаттаумен қоса өндіріске арналған алғашқы шығармалар қатарына жататындығымен де құнды болмақ.
Үшінші поэмасы «Жақаң жараланғандасын» кейінгі жылдары жазған болуы тиіс. Өйткені, біздер сол жылдары 80-ге келген қызыларайлық бір қарттың қақпанына түскен қасқырмен арпалыста жараланып, Ақтоғайдағы ауруханада емделіп шыққанынан хабардармыз. Осы қарт жастайынан аңшылықпен айналысып, аты өз ауданы ғана емес, құлақ жетер жердің бәріне танылған сері мінезді, табиғаттың адам баласына тарту етер сыйын жаны мен тәніне серік еткен, ел арасындағы аты «Ақтанау Жақыпбек» деп аталатын қария. Өзі Дүйсенге нағашы болып келеді. Ақын осы нағашысының бір жолғы аңшылық сапарының қыр-сырын поэмасына желі етіп тартады. Шын мәнінде поэмадағы оқиға бір сәттік көрініс болғанымен ақындық шабыт, тереңнен толғаған қуатпен мейлінше эпикалық сипатта ұлғайта баяндалады. Жақаң бейнесін сомдауда формальдік ізденістерге барады. Сол арқылы мазмұн құрап, кейіпкерінің кейпін синтездеп, жан-жақты ашады. Осы тәсілді басты фактор етіп алып, ол қасқырдың монологы – көкбөрілік әрекет арқылы береді. Өзінің сүйікті кейіпкерінің кісілік-кішілігі мен пенделік ерекшеліктерін талдай отырып, оның санын 20-дан асырып жібереді. Бірер мысал:
«…Қажымас кәрі тарлан, қажырлы шал.
Ағайын, қарындасқа қадірлі шал.
Алаштың ала жібін аттамаған,
Ал, бірақ аң мен құсқа зәбірлі шал.
Жастарды жаңалыққа бастаған шал.
Ескірген ескілікті тастаған шал.
Жайдары жасына да, кәріге де,
Мұнтаздай жаңалықты жаны күтіп,
Сенбеген моллаға да дәріге де…»
Шығармада 80-дегі Жақанның қақпандағы қасқырға оқ шығындамай соғып алам деген дәмесі іске аспайды. Арпалыста бір қолы ауыр жараланып, төбе құйқасын алдырса да, қасқырдың арандай аузынан құтылып шығады.
Оны ақынның өзі келтіргендей:
«Апырмай, сексен жастан асқаның-ай,
Тоқсанға қарай аяқ басқаның-ай.
Атыңды Орта Жүзде айта жүрер,
Артында өшпес белгі тастадың-ай!», – деп таңданады.
Бұл ер тұлғалы, алтын сүйек қазақ дейтін халықтың қарттарына тән табиғи қасиет болса керек. Поэманың соңғы жағында өз қақпанына түскен қасқырдан жараланып үйіне келгеніне, аман қалғанына шаттанған ағайын тумаларының қуанышын сөз етеді. Жүнді қырғыздарының Жақанмен замандасы бар, басқалары бар қызыларайлық атқамінерлердің бас-басына бір-бір шумақ арнап, жиендік қалжың, ащы мысқыл, езу тартар ирониямен аяқтайды.
Аталған поэмаларының тақырып, мазмұн өзгешеліктері болғанымен үшеуін байланыстырып тұратын сырт көзге елене бермейтін ерекше бірлігі бар екенін оқырмандардың бәрі аңдай бермеуі де мүмкін. Ол – туған топырағымыздың аялы көріністері. Дүйсенді менің – эпик ақын деуімнің мәні осыған байланысты айтылған баға.
Қорыта айтқанда, бірінші кезекте ақын поэмаларын танытуды мұрат тұттық. Жазылған шағын мақалада оның қысқа өлеңдерін сөз етуді қажет деп таппадық. Мақсат, мұратымыз – жерлесіміз Дүйсеннің көз жаздырып бара жатқан дастандарын жас ұрпақ зердесіне жеткізу. Екінші жағынан Сұлтанмахмұтша айтсақ, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар», – деп мақтана отырып, оның мұраларын ел арасына таратып насихаттау.
P.S. Шын мәнінде ақынның ерекшеліктерін айқындайтын поэтикалық лабораториясына назар аударту мақсатымен жазылған осы шағын мақаламыз кемшін соғып жатуы да мүмкін. Дүйсенді толық танып-білу үшін туған топырағындағы ел-жұрты жинағын шығару жолын қарастырса деймін. Бұған аудан басшылары мен көзі қарақты азаматтар не дейді? Ұсыныс-тілегіміз аяқсыз қалмаса екен деймін.
Аманкелді ТУҒАНБАЙ, нарманбеттанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.