Жуырда Ташкент қаласында өткен “Жеті өнер” халықаралық би конкурсында Абай ауданының “Дидар” үлгілі би ансамблінің бишілері қатарынан төрт Гран-При алып, елге олжалы оралды.
Бұл өнер ұжымы 2004 жылы аудандағы “Қаламқас” және “Қызғалдақ” би топтарының бірігуінен құрылып, 2007 жылы “Үлгілі” атағына ие болған еді.
Алғашқы құрылған күнінен бастап оның қоюшы балетмейстері де, костюмері мен визажисі де Дидар Ақанқызы Көшубаева болып келеді. Ол басқарған ансамбль көптеген облыстық және республикалық байқауларда топ жарып, әлемнің Түркия, Кипр, Ресей, Өзбекстан елдерінің 17 қаласында өнер көрсеткен.
Ансамбльдің репертуарында қазақ және әлем халықтарының сан алуан билері бар. Оның құрамындағы бишілер “Домбыра сазы”, “Толғау”, “Батырлар”, “Тойнамэ”, “Шашу”, “Шарм и грация”, “Салют талантов”, тағы да басқа би композицияларын шебер игеріп, көрермендерге ұсынып жүр. Қазір оның қатарында әр жастағы жүзге тарта жас бишілер дайындалып,шеберліктерін шыңдайды. Осы жолы да “Дидардың” өнерпаз бишілері 4 бірдей Гран-Приді 3 жас тобында сынға түсіп, жеңіп алған болатын.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан