Дүбірлі айтыс дәстүрлі түрде өтеді
Қаламызда 2 ақпан күні академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік Теміртау» атты аймақтық ақындар айтысы өтеді. Осыған байланыстың Теміртау Мәдениет сарайында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Айтыстың өткен аптада өту керек болғанын, шара ақын Сәттібай Жүнісовтың қазасына байланысты шегерілгенін, ақынның отбасына, дос-жарандарына көңіл айтатынын жеткізді сөз алған қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев.
– Алдағы уақытта өндірісті қалада ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналмақ. Биыл Теміртауда айтыс екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін, осыдан 2 жыл бұрын «Жауыртаудағы кездесу» форумы аясында облыстық айтыс өткен еді. Биыл Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына арнадық. Алдағы таңда жыл сайын дәстүрлі түрде жалғастырамыз деген сенімдеміз. Келесі жылы қаламыздың 80 жылдық мерейтойы келе жатыр. Соған орай да үлкен айтыс өткізу жоспарымыз бар, – деді Самат Зияшев.
Өндірісі өркен жайған Теміртау руханияттан да қаражаяу емес. Кейінгі жылдарда қалада мемлекет құраушы ұлттың үлесі артып келеді. Қазақ өнеріне, әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылық жоғары. Әрі қаламыздан есімі ел аузында аталып жүрген жазба ақындары мен талай жыр додасында шаршы топтан көзге түскен айтыс ақындары шығып келеді.
– Теміртау қазақы мәдениеттің, руханияттың орталығына айналуы керек. Халықтың да сұрағаны, елдің тілегі осы. Қалада ұлттық бағытта көптеген игі істер ұйымдастырылып жатыр. Алдағы уақытта да жалғасын тапса дейміз. Осы Теміртаудан шыққан талантты ақын бауырларымыз да бар. Мәселен, Жанарыс, Әлихан, Еркеғали, Төрехан сынды 4-5 ақын шыққан. Қазақ «Мың рет естігенше, бір рет көрген жақсы» дейді. Ертеңгі айтысқа ата-әжелеріне еріп келген балалар сөз өнеріне сусындап, бәлкім ағаларының жолын жалғайтын елдің ұлы, халықтың ақыны болар, – дейді Айтбай Жұмғұл.
Жыр додасына аймағымызға танылған Әділов Мұхтар, Ботпай Доскей, Бекболат Еркеғали, Байсүгір Нұрмұхаммед, Бақытұлы Жандос, Оспанов Бекарыс, Рымбай Нұрсұлтан, Тілеубек Жанарыс, Совет Төрехан, Нығметолла Әлихан, Төкенов Нұрлыбек, Ерғалиев Әлихан, Самат Думан сынды ақындар қатысады. Олардың сөз сайысына ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі ақын Қойлыбай Асан, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов, қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов сынды азаматтар баға береді.
Әділет ШОПЕН.