Дүбірге бөлеп даланы…
Аймақта ұлттық спорт түрлерінен жаңа маусым, яғни, жасөспірімдер арасындағы чемпионат ашылды. Бұл жолғы дүбірлі думан – жай жарыс емес, ата-бабадан жеткен асыл дәстүрдің қайта жаңғыруы, ұлттық рухтың жаңғырығы іспетті. Бұқар жырау ауданына қарасты Құрылыс ауылы этноспорттың жүрегіне айналып, жастардың басын қосты. Бұл жолы кеншілер өлкесінің әр бұрышынан келген 400-ден астам спортшы асық атып, садақ тартты. Ат үстінде атойлап, тоғызқұмалақпен ой жарыстырды. Аталған шараның ашылу салтанатына облыстық мәслихаттың төрағасы, Қарағанды облысының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Нұркен Кобжанов пен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысты.

Жалпы, қатысушылар көкпар, бәйге, аударыспақ, асық ату, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және теңге ілу секілді сегіз түрден сайысқа түсті. Тамыз айында Алматы облысы, Талғар ауданында республикалық турнир өтеді. Сол турнирге үздіктерді іріктеу мақсатында кіл мықтыны маусымашарға жиған. Сыннан сүрінбей өткен жас спортшылар осы бәсекеде өңір намысын қорғамақ. Одан бөлек, ұйымдастырушылар алдағы уақытта ұлттық спорт түрлері бойынша фестиваль өтетінін де баса айтты. Ал, қыркүйекте маусымның жабылуын ауқымды түрде атап өткізу жоспарланып отыр.
– Бұл жарыс – ұлттық спорт маусымының ресми ашылуы ғана емес, ұлт рухының оянуы, тарихи тамырымызбен қайта табысудың айғағы. Ұлттық спорт – бұл ата-бабамыздың жаны мен жаратылысын бойына сіңірген асыл мұра. Ол – ерлік пен ептіліктің, намыс пен сабырдың мектебі. Біз осы қастерлі мұраны заман талабына сай дамытып, оны өскелең ұрпаққа аманат етіп қалдыруға тиіспіз. Себебі, ұлттық спорт – ел рухын биіктететін, ұрпақ жадында елдіктің отын маздататын киелі құндылық, – деді Нұркен Кобжанов.
Бұқар жыраулық Боран Тергеубековтің «Көкшоқай» дөнені 18 шақырымдық аламан бәйгеде қара үзді. Айта кетейік, аламан бәйге үш шақырымнан алты айналымға жоспарланған. Бәйге басталған бойда «Көкшоқай» аламанның алдына шығып, соңына дейін бірінші келген. Нәтижесінде, мәре сызығын бірінші кесіп, бас жүлде иеленді.
– Былтыр тұлпарым «Елорда кубогын» жеңді. Жарықтағы бәйгеден – автокөлік, Теміртаудан бас жүлде бұйырды. Биыл бірінші рет аламанға шықты. Шабандозым – 8 жастағы Абылай есімді бала. Өзіміз «Сабалақ» деп ат қойғанбыз. Әкесі – белгілі бүркітші. Отбасымен спортқа әуес, тектінің ұрпағы. Бұған дейін өзі бәйгеге шаппаған. Әкесі маған арнайылап тапсырған соң өзім шабандоз етіп тәрбиеледім. Бірінші бәйгесі болса да, ешқандай қателікке бой алдырмады, – деді Боран Тергеубеков.
Бұдан бөлек, атбегі «Гретта» атты құнаны мен «Самал», «Гауһартас» дөненін баптауда. 25 мамырда Қарқаралыда өткен құнан бәйгесінде «Гретта» қара үзген. Енді сол тұлпарын «Алтын құнан» бәйгесіне жаратуда. Ал, «Самал», «Гауһартас» та бұрын-соңды бәйгеге түсіп көрмепті. Алдағы уақытта қос дөненін бәйгеге қосуды жоспарлап отыр.
Тоғызқұмалақтан өткен турнирге өңірдің әр қала мен ауданынан 11 команда, яғни, 95 спортшы қатысты. Ұйымдастырушылар 9,11 және 13 жас санатына қарай ер бала мен қыз балаларды бөлек ойнатты. Шет ауданынан келген Мұхаммад Амангелді мен Балғын Қожанәсіп өз санатында үздік атанды.
9 жастағы Мұхаммад былтыр Талдықорғанда өткен ел чемпионатында қос қола жүлдеге қол жеткізген. Күні кеше Монғолия елінде өткен Халықаралық турнирде топ жарған. Ал, Балғын Қожанәсіп 13 жас санатында үздік атанды. Жас спортшы облыстық, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы. Алдағы уақытта республикалық турнирде облыс намысын қорғамақшы.
– Әр аудан мен қаладан қатысушыларды санат бойынша іріктеп алдық. Қазіргі уақытта тоғызқұмалақ спортына қызығушылық танытқандардың қатары көбейіп келеді. Тоғызқұмалақ спорты аймақта қарқынды даму үстінде. Былтырдың өзінде өңір спортшылары республикалық турнирлерден олжалы оралды. Мәселен, былтыр алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстан зияткері» деген турнирде Асылхан Қожанәсіп жеңіске жетті. Одан бөлек, Асылхан Анкарада өткен Әлем чемпионатында да топ жарды. Бұқар жыраулық Төлеген Әділхан 21 жас санатында Чехия елінде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Жалпы, өңірде тоғызқұмалақтан 11 спорт шебері бар, – деді тоғызқұмалақтан облыстық құраманың аға жаттықтырушысы Сәуле Қаратай.
Ал, көкпардан Қарқаралы ауданының жасөспірімдер командасы қарсылас шақ келтірмеді. Әуелі бірінші ойында Бұқар жырау ауданынан келген команданы – 5:0, екінші күні ақтоғайлықтарды – 7:0 есебімен жеңген. Ал, ақтық бәсекеде Шет ауданының командасымен кездесіп, 7:0 есебімен қапы қалдырды.
– Балуандар 10 күн бойы «Барс» спорт кешенінде жатықса, қалған күндері Қарағайлы кентіндегі атшабарда шыңдалды. Бұл ауданда ұлттық спортқа баса назар аударылуда. Осыдан үш жыл бұрын жасөспірімдерді ұлттық спортқа дайындайтын мектепте 11 спорт үйірмесі үшін 3 млн теңге бөлінген. Биыл бұл көрсеткіш 18 млн теңгеге өсті. Жасөспірімдер спорттың 13 түрімен айналысады. Одан бөлек, жаңадан саятшылық спорт түрі де ұлттық ойын санатына қосылды, – деді Қарқаралы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрлан Искаков.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қарқаралы ауданының командасы көш бастады. Одан кейінгі сатыға Шет ауданының спортшылары жайғасты. Ал, үшінші орынға Нұра және Ақтоғай ауданының спортшылары табан тіреді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»