Covid-19ВакцинацияКоронавирус

COVID-19-дың салдары да қауіпті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде коронавируспен ауырғандар саны қайта көбейе бастады. Үлкендермен қатар, ауырып жатқан балалар да көп. Былтырғы жылдың наурызынан бері 18 жасқа дейінгі 2 мың бала мен жасөспірім облыс орталығындағы инфекциялық стационарларда ем алыпты.

Созылмалы және онкогематологиялық аурулары бар балалар тәуекел тобына жатады. Сонымен қатар, денсаулығында туа біткен ақауы бар балалар бақылауда болады. Олардың иммундық жүйесі әлсіз болғандықтан, ауырып қалу қаупі басым, – дейді Қарағанды медицина университетінің инфекциялық аурулар және фтизиатрия кафедрасының ассоциацияланған профессоры Хатуна Девдариани.

– Көп жағдайда балалар коронавирус инфекциясын әдеттегі тұмау сияқты өткереді. Дене қызуы көтеріледі, жөтеледі, мұрнынан су ағады. Сонымен бірге, іш өту және басқа да диспептикалық белгілер байқалуы мүмкін. Ауру белгілері әр балада әртүрлі көрініс береді. Кейбір жағдайларды қоспағанда, балалар жеңіл түрде ауырады. Тіпті, өкпесінде қабыну анықталып, анализ талдамаларында өзгеріс болса да, созылмалы аурулары жоқ балалар вирусты жеңіл немесе орташа ауыр жағдайда өткереді, – дейді маман.

COVID-19 оқушылар арасында да, мектеп жасына дейінгі балалар арасында да кездеседі. Індет жаңа туған сәбиде де анықталуы мүмкін. Оқу орнынан жұқтырды деп бірауыздан айтуға келмес. Себебі, статистикалық мәліметтер бойынша балалар арасында індет жұқтырудың жоғары деңгейі жазғы демалыс кезіне сәйкес келеді. Мәселен, былтырғы жазда балалар арасында ауырғандар саны 5 есе өскен. Биылғы шілде-тамыз айлары да індеттің шарықтап тұрған шағы болды.

– Біз вирустық инфекциялар суық кезде белең алады дейміз. Алайда, COVID-19-да ол басқаша. Оның таралуы жазда белең алады, – дейді Хатуна Девдариани.

– Бұл адамдардың белсенді жүріп-тұрып, демалатын кезі болғандықтан, көп араласуына байланысты деп ойлаймын. Бұл уақытта бетпердені де тақпайды. Дәстүрлі форматтағы оқытуға көшкен кезде балалар арасында вирустың белең алуынан қорыққан едік. Дегенмен, балалар арасында COVID-19-дың жаңа толқыны пайда болды дейтіндей жағдай байқалмайды. Осы уақытқа дейін халықтың көпшілігі ауырып үлгерді. Оның үстіне, вакцина алғандар да күн санап артып келеді. Осы факторлардың барлығы әсер етті деп есептеймін. Бірақ, балалардың көпшілігінде ауру жеңіл түрде өткенімен, оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертеді дәрігер. Баласының коронавирус жұқтырғанын кейбір ата-ана білмей де қалуы мүмкін. Оның барлығы кейін, анализдер кезінде анықталатын көрінеді.

– Асқыну деп отырғанымыз – балалар мен жасөспірімдердің мультижүйелік қабыну синдромы. Ол COVID-19 жұқтырып, жазылғаннан кейін 2-6 күн өткен соң пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай әртүрлі көрініс беруі мүмкін: қатты қалтырау, лимфоаденопатия, көздің қызаруы, ауыз қуысының бөртуі, еріннің жарылуы, тілдің таңқурай түстес болып, денеге түрлі бөртпелер шығуы. Сонымен қатар, жөтел, кеуде тұсының қысылуы, алақан мен табанның ісуі де осы синдромды білдіреді. Бұдан бөлек, жүрек-қан тамырлары, жүйке, ас қорыту, зәр шығару және басқа да жүйелердің жұмысы бұзылады. Мұндай баланың жағдайы аса ауыр болады. Оны тез арада стационарға жатқызу қажет болады. Мұндай синдром ерте анықталып, бірден ем тағайындалса, жазылады. Сондықтан, баланың жағдайын қадағалап отыру керек. Ең дұрысы, қол жуып, бетперде тағып жүруге үйрету, – дейді Х.Девдариани.

Профессордың айтуынша, коронавирус әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Сонысымен де қауіпті.

– Өзгеріп жатқан штамдарын ескерсек, оның болашақта қалай әсер ететінін, қайтадан жұқтыру жағдайларының қалай өтетінін, қандай асқынулары болатынын болжап білу қиын. Сондықтан, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін тұрғындарды вакцина алуға шақырамыз. Вакцинация өзімізді және балаларымызды коронавирус инфекциясы мен оның асқынуларынан қорғай алатын тиімді әдісі екенін тағы бір айтқым келеді. Қазір балаға да, жүкті әйелдерге де, бала емізетін аналарға да екпе алу мүмкіндігі бар, – деді маман.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button