Чемпион Жансайдың арманы қандай?
ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында жаһандық жарыстарда еліміздің Әнұранын әуелетіп, Туымызды желбіретіп жүрген ҚР спорт шебері, қарағандылық дзюдошы Жансай СМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартудың сәті түсті.
Жерлесіміз жақында 46 елдің 335 спортшысы қатысқан Тунистегі сайыста елімізге алтын медаль алып келген болатын.
– Жансай, ұлттық рәміз Туымыз – салтанатты түрде екі жағдайда көтерілетіні мәлім. Біреуіне себепкер – олимпиадашыларымыз. Елге сыйлаған жеңістеріңізбен көк байрағымыз неше рет көтерілді?
- Менің қатысуыммен өткен сайыстарда ұлттық жалауымыз үш рет көтерілді. Алғашқы салтанатты шара 2015 жылы дзюдодан Будапештегі Гран-при халықаралық турнирі болатын. Сосын Ташкентте өткен сайыста иелендім. Биыл Тунисте өткен бірінші рейтингтік турнирдің Гран-при кезеңінде байрағымыз үшінші мәрте көтерілді. Онда 73 дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, алтын медаль бұйырған болатын.
–Сол салтанатты сәт туғанда, әлем елдері алдында Қазақстанның Туы биікке көтерілгенде қандай сезімде болдыңыз?
- Алғаш 2015 жылы Будапештегі Гран-при халықаралық турнирінің жеңімпазы атанған сәт есімнен кетпейді. Көзіме жас келді. Қобалжыдым. Алайда, Қазақстанның аты аталғанда кеудемді қуаныш кернеді. Ондай тамаша сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Бастысы, Туымызды төрткүл дүние таниды.
–Әрбір спортшының жеңісті сәтінде Әнұран орындалады. Ту биікке көтеріледі. Жеңімпаздарды Елбасы құттықтайды. Ел абыройын асқақтатқан дзюдошыда осыдан артық қандай арман болуы мүмкін?!
– «Арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар» деген қанатты сөз бар ғой. Әрбір спортшының арманы – әлем чемпионатына қатысу шығар. Өздеріңізге белгілі, әлемдік чемпионаттар төрт жылда бір рет өтеді. Байрағымызды әлем елдерінің алдында тағы көтергім келеді. Басты ұстанымым да, мақсатым да – сол.
–Осы ұстанымыңызды жақсы білетін жанкүйерлеріңіз Сізді өз елінің патриоты ретінде мақтан тұтады. Отансүйгіштік сезімін қалай тарқатып айтар едіңіз?
- Отансүйгіштік алдымен, азамат ретінде қазақ болып туғаныңа қуану. Ал, спортшы үшін –байрақты бәсекелерге қосып, сенің тілеуіңді тілеп отырған дүйім қазақты қуанту. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің қай елінде жүрсең де, жүрегің қазағым деп соғып тұрса – Отаныңа адал болу сол ғой.
–Тунисте өткен халықаралық Гран-При турнирдің екінші күнінде-ақ, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальды салдыңыз. Қалай ойлайсыз, ел намысы сарапқа салынған шақта, «алтын», «күміс», «қола» деп бөлудің маңызы бар ма?
–Бұл сұраққа былай жауап бергенім дұрыс болар. Жалпы, спортта бар жағынан «эгоист» болуың керек. Шаршы алаңға шыққанда, ойыңда елдің өзіңе артқан үміті және сайысқа келудегі басты мақсатың тұрады. Сондықтан, бірінші болу – міндет.
–«Бірінші болу» дегенініңізде, кәсіпқой бокс тарихында орташа салмақ бойынша бірінші тұрған, жерлесіміз Генадай Головкин ойыма келіп отыр . Жалпы, дзюдо сайыстарында Қазақстанның қоржынына қарағандылықтардың қосқан үлесі қандай?
–Дзюдо бойынша Қарағанды облысының құрамасы республика деңгейінде озық деп айтуға болады. Өздеріңізге белгілі жерлесіміз Максим Раков – дзюдодан чемпион. Өткен жылы құрамында Ержан Шынкеев, Қайрат Ағыбаев, Айдын Дартаев, Ислам Бозбаев бар облыстың құрама командасы дзюдодан конфедерация кубогының иегері атандық. Қазіргі таңда дзюдо бойынша ұлттық құрамада қарағандылық бес спортшы бар. Бұл – үлкен көрсеткіш.
–Кейде спортшылар жаттығу залын тастап, спортты лауазымды қызметке ауыстырып жатады. Ондай жоспарыңыз жоқ па?
- Әрине, жоқ. Дзюдомен он жеті жыл айналысып, нәтижесінде, елімнің мақтанышы болдым. Оған алтын уақытым мен денсаулығымды жұмсадым.
–Ендеше, жеңісті күндерде жолыққанша дегеніміз жөн ғой?
- Солай дейік. Өйткені, жеңіс сөзі қазаққа жат емес қой. Екі жарым айдан айдан кейін Азия ойындарына барамыз. Сондай-ақ, Бакуде өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастадық. 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында медаль алуға ниеттімін.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ .