Cенатор – ел арасында

Парламент Сенатының депутаты Рысқали Қалиақбарұлы Әбдікеров жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды.

Облыстық Көлікті бақылау инспекциясының ұжымымен кездесіп Конститутциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің жұмысына кеңінен тоқталып, кейбір заңдардағы өзгерістер туралы айтты. Сонымен қатар, жолдың жағдайын және оған бөлінген қаражатты тиімді жұмсауды тілге тиек етті. «Ауыр жүк көліктері жолдың жарамсыз болуына әкеліп соқтырады. Депутаттар бұл мәселеге назар аударып, Үкіметке көлік инспекцияларын жабдықтауды және жылжымалы бекеттердің санын көбейтуді ұсынған болатын. Сонымен бірге, тек республикалық маңызы бар жолдарда ғана емес, жергілікті деңгейдегі жолдарда да өлшеу үдерістерін автоматтандыру және қондырғылар орнату қажет. Сондайақ, салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктерін технологиялық көлік құралдары санатына жатқызу мәселесі заңнамалық деңгейде ұсынылып отыр» деді Рысқали Әбдікеров. Депутаттың айтуынша, көлікті бақылау инспекцияларының қазіргі штаты жұмысты тиімді жүргізуге мүмкіндік бермейді. Соған байланысты штат санын көбейту және аталған инспекцияның Жезқазған қаласында бөлімін ашу мәселесі талқыланды.

Рысқали Әбдікеров сапар барысында ғылыми кітапханаға арнайы барып, елдегі кітапхана жүйесінің даму мәселелерін талқыға салды. Сенатор қазіргі таңда дамыған елдердің бәрінде дерлік «Кітапхана ісі туралы» Заң бар екенін және мұндай құжатты Қазақстанда да қабылдайтын кез келгенін атап өтті. Кездесу барысында, сонымен қатар отандық электронды кітапханаларды дамыту және көзі нашар көретін азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау қажеттігі де айтылды.

Сенат депутаты Құрма ауылдық округінде мектеп ұжымымен және жергілікті агроферма жұмысшыларымен кездесті. Құс фабрикасында депутат өндірістік көрсеткіштермен танысты. Сондай-ақ, кәсіпорын басшыларымен және жұмысшыларымен жалақы, әлеуметтік қамтамасыз ету, сондай-ақ, мекеменің халықты арзан өнімдермен қамту мәселелерін талқылады. Құрмадағы жалпы білім беретін мектеп ұжымымен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталып өтті. Соның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңға ерекше назар аударып, жергілікті билік жастардың сапалы білім алуына және олардың демалысын тиімді өткізуіне жағдай жасау керектігін сөз етті.

Рысқали Әбдікеров Ақтау ауылына да арнайы ат басын бұрып, жергілікті тұрғындардың негізгі бөлігі жұмыс істейтін цемент зауытына барды. Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде өндіріс орнының қазіргі жағдайы мен зауыттағы өзекті мәселелер талқыланды. «Ақтау ауылын «Ауыл – ел бесігі» жобасына енгізу үшін жоспар мен ұсыныс дайындау қажет. Бұл жоба ауыл өмірінің сапасын арттыруға, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға, олардың көрсеткіштерін өңірлік стандарттар жүйесіне дейін жеткізуге арналған», – деді Рысқали Әбдікеров. Сол күні сенатор ауылдағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға барып, медициналық қызметкерлермен кездесті. Қазіргідей күрделі кезеңде аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға алғысын білдіріп, ауылдық жерлерге дәрігер мамандарды тарту керектігіне тоқталды.

Сенат депутаты Шахан ауылында болғанда қазандықтың және жылу желісінің құрылысымен танысты. Бұл құрылысқа 2 млрд. теңгеден аса қаржы бөлуіне Сенатордың оң ықпалын тигізгенін де атап өту керек. Жергілікті тұрғындармен кездесуде депутат Сенаттың өткен жылы атқарған жұмысы туралы айтып берді. Сонымен қатар, Сенатор былтыр күрделі жөндеуден өткізілген аула клубының жұмысына да назар аударды.

Жазыкен ТОМПИЕВ,

Сенат депутатының көмекшісі.