АймақҚарағанды

Бюджеттің әр тиыны депутаттар назарында

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану тиімділігінің мемлекеттік аудитінің қорытындылары бойынша Қарағанды облысы тексеру комиссиясының кезекті жұмыс жиыны өтті.

Суреттер облыстық мәслихаттың баспасөз қызметінен

Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дана Мұхамеджанова тізгіндеген маңызды басқосу барысында мемлекеттік аудит нысандарына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, облыс бойынша аграрлық кредиттік корпорациясы, мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық ветеринария басқармасы іліккенін хабарлай келе, баяндамашы, комиссия мүшесі Гүлмира Төленоваға сөз кезегін ұсынды.

Бүгінде облыста жұмыс істеп тұрған 10 325 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, 9 304 шаруа және фермер қожалығы, 900 заңды тұлға және 163 жеке кәсіпкер бар. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімін өндіру көлемі 87,6 млрд.теңгені құрады, яғни, бұл – ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлемінің индексі – 100,6%. Осы жарты жылда ет өндіру көлемі 41,5 мың тоннаны, сүт – 100,4 мың тоннаны, жұмыртқа – 321,4 млн. дана құрады. Нәтижесінде ірі қара мал саны – 2,3%-ға, жылқы – 11,1%-ға, қой мен ешкі – 2,1%-ға, шошқа – 2,2%-ға, құс басы 10,5%-ға азайған. Биыл жаздық егіс алқабы өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 15,2 мың гектарға ұлғайтылып, 1 млн. 95 мың гектарға дейін жеткізілген. Дәнді дақылдар алқабы 909,9 мың гектарды, майлы дақылдар 34,9 мың гектарды, картоп 15,4 мың гектарды, көкөністер 2,0 мың гектарды, жемшөп 77,5 мың гектарды құрады. Айналымға 4,5 мың гектарға суармалы жер енгізіледі. Олардың жалпы ауданы 34,8 мың гектарға құрайды деп жоспарлануда. Дифференциалдау жоспарына сәйкес дәнді дақылдарды жинау алаңы 909,3 мың гектарды құрайды деп күтілуде, оның ішінде, бидай – 766,6 мың гектарға, арпа – 129,9 мың гектарға, сұлы – 12,9 мың гектарға, бұршақ дақылдары – 1,3 мың гектарға және масақ қоспасы 20,3 мың гектарға. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы құрылымдары 34,9 мың гектар алқапта майлы дақылдарды, 11 266 гектар картоп пен 979,3 гектар көкөністі жинауы тиіс.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында агроөнеркәсіп саласына инвес­тиция көлемі 10,8 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, ауыл шаруашылығына – 9,7 млрд. теңге, тамақ өнімдерін өндіруге – 1,1 млрд. теңге. Бұл – республика аясындағы 9 орын. Бүгінде 6,2 млрд. теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде, мал шаруашылығында – жалпы сомасы 450 млн. теңгеге 2 жоба, өсімдік шаруашылығында – 3,6 млрд. теңгеге 4 жоба, қайта өңдеу саласында – 2,1 млрд. теңгеге 4 жоба. Осылайша 1 шілдедегі дерек облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарын мемлекеттік қолдау кө­лемі 8,4 млрд. теңгені құрағандығын айғақтады.

«Ауыл Аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру шеңберінде ағымдағы жылы жаңа жұмыс орындарын құра отырып, осы бағдарлама бойынша микрокредит беру үшін 1 млрд.теңге көзделген. Мемлекет көптеген жылдар бойы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үлкен көңіл бөледі.

Спикердің сөзінше, айтарлықтай әлеуетке, мемлекеттік қолдауға, ауыл шаруашылық өндірісінің ұлғаюына және бәсекелестік артықшылықтарға қарамастан, бүгінде аймақтағы ауыл шаруашылығының өркендеу өрісі әл-әзір көңілдегідей емес. Нақтылағанда, жалпы өңірлік өнім аясындағы ауыл шаруашылығының үлесі 5%-дан аспайды. Ал, бұл салада еңбек өнімділігінің көрсеткіші аймақ экономикасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болып қала береді. Аудит қорытындылары айғақтағандай, жалпы өнім шығару көлемін төмендетуге көрсетілетін сыртқы факторлармен қатар, кемшіліктер мен тәртіп бұзушылықтардың көпшілігі жүйелі сипатқа ие көрінеді. Негізгі себептеріне үңілгенде мемлекеттік аудит объектілерінің ішкі қызметін қатаң, жүйелі бақылаудың болмауы, қызметкерлердің өз міндеттерін тиісінше орындамауы, интеграцияның бәсеңдігі, жекелеген жағдайларда уәкілетті органдармен өзара іс-қимылдың сылбырлығы сынды жайттар төбе көрсеткен. Қорытындысында мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру және инвестициялық салымдарды ұлғайту өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларын қоса алғанда, өңірдің ауыл шаруашылығының үдемелі дамуын лайықты деңгейде қамтамасыз ете алмаған. Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобада белгіленген міндеттерді тиісінше орындауға ықпал пәрмені айқын аңғарылмаған. Инвестициялық субсидиялауды талдау экономикалық кірістің төмендегенін көрсетті. Мәселен, былтыр өсімдік шаруашылығының жалпы өнімінің және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің төмендеуі егіс алқаптары мен субсидиялау көлемдерінің ұлғаюымен бір мезгілде өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың ағымдағы жүйесінің төменгі тиімділігін аңғартқан. Тұқымдық қайта құрумен қамтылған асыл тұқымды және аналық мал басының үлесі 2020-2023 жылдар кезеңінде 7,2%-дан 5,5%-ға дейін кеміген. Бұл асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялаудың экономикалық тиімділігінің пәстігін айшықтады. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың орташа деңгейі 2011 жылдан 2023 жылға дейін 27%-ды құрады, ал, техника паркінің орташа тозуы 73%-ға жетті. Дерек ауыл шаруашылық жұмыстарының мерзімін ұзартуға және жанармай мен жөндеуге қосымша шығындарға әкелетіндігін меңзейді. Жалпы, негізгі ауыл шаруашылық техникасының нақты жағдайы айтарлықтай жаңартуды және инвестициялық салымды ауадай қажет етеді. Мал шаруашылығы саласындағы бақылау тексерулерінің нәтижелері субсидия алушылардың бюджет қаражатын мақсатты пайдалану және селекциялық, асыл тұқымдық жұмысқа қатысқан сатып алынған асыл тұқымды мал басын өсіру жөніндегі міндеттемелерді сақтамауымен байланысты фактілерді көрсетті.

– Сайып келгенде, дерек пен дәйек аталған саладағы кемшін жайттарға нақ­ты жауап пен әрекетті қажет ететіндігін айтып тұр. Бұл арада асығыстыққа салынбай, құзыретті мекемелер өзара ынтымақтасу жолымен еңбек еткенде, әрі мемлекеттік бағдарламаларды тиянақты да сауатты іске асырғанда ғана нәтиже қылаң береді, – деп жалғады сөзін Гүлмира Төленова.

Ал, суармалы жерлердің алаңдарын толық көлемде пайдаланбау, ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге бекітілген 64,7 мың гектар суармалы жер­лердің 30,3 мың гектары нақты мақсатына қарай пайдаланылып келеді. «Ирригациялық желілерді жаңғырту және реконструкциялау» республикалық жобасын іске асыру үшін қарыз қаражатын тарту бойынша шешілмеген мәселелерден туындаған заманауи ылғал үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстардың баяу қарқыны, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісіндегі төмен инвестициялық белсенділік, атап айтқанда, жағымсыз сыртқы факторлармен, жоғары тәуекелдермен (табиғи апаттарды қоса алғанда, құрғақшылық, су тасқыны), энергия көздеріне бағаның жоғарылауымен байланысты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, атап айтқанда мал шаруашылығы өнімі көлемінің 2022 жылы 18,2%-ға, 2023 жылы өсімдік шаруашылығы өнімінің 21,5%-ға төмендеуіне, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігінің төмен болуына байланысты өңірдегі АӨК субъектілерін қолдаудың мемлекеттік шараларынан тиімсіз қайтарым. Онымен бірге, өнімділікті арттырудың негізгі кедергілері климаттық жағдайларға тәуелділік, топырақтың құнарлылығының төмендігі және егін жинаудың құбылмалы деңгейіне және алынған кірістердің тұрақсыздығына әкелетін ескірген ауыл шаруашылық әдістерін қолдану. Технологиялық процестермен қамтылмаған және жеткілікті азықпен қамтамасыз етілмеген халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында малдың жоғары үлес салмағы, ауылдық елдімекендердің мал басы үшін жайылымдардың тапшылығы, судың жеткіліксіз болуына байланысты шалғайдағы жайылымдардың нашар игерілуі, тұрақсыз эпизоотиялық жағдай және ауыл шаруашылығында білікті кадрлардың тапшылығы байқалады.

Өз кезегінде облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ануар Тюлюбеков ревизиялық комиссия нұсқамасымен таныс екендігін мәлімдеп, басқарма тарапынан тиісті қорытынды шығаратынына сендірді. Мұнымен қоса, көрсеткіштерді саралағанда көршілес өңірде бар нәтиже өндірісті өңірде болмауы да заңды екендігін қаперге салды.

– Агрокешенді дамыту бағытында бұ­рынырақ ұлттық жоба бекіген еді. Онда мақсатты индикаторлар ұсынылған. Бірақ әлгі көзделген көрсеткіштер жергілікті жердің табиғатына сәйкесе бермейді. Енді бюджеттік бағдарламалардағы өзге де сараптап аларлық қосымша түйткілдер мәселені байыппен шешуді талап етеді, – деген уәжін алға тартты ведомство басшысы.

Облыстық мәслихат депутаттары осы және басқа да маңызды мәселелерді Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының жиынында кеңінен талқыға салды. Мемлекеттік органдар басшыларының баяндамаларын тыңдап, мәслихат депутаттары уәкілетті органдардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялаудан түскен экономикалық табыс көрсеткіштерін талдауға көбірек көңіл бөлуі туралы бірқатар келелі ұсыныстарын да ортаға салды. Мәселен, депутат Ермек Әбілдин ауылда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жаңа жұмыс орындарын ашу, мал шаруашылығын дамытуға және тұқым шаруашылығын жүргізуге берілген субсидиялар есебінен ауылдық елдімекендердің салық салынатын базасын кеңейту қажеттілігі туралы өзекті түйткілдердің бар екендігін жасырмады. Ермек Әбілдин көтерген тағы бір мәселе экономиканың осы маңызды секторын дамыту жөніндегі мемлекеттік тәсілдерді өзгерту қажеттілігіне қатысты болды.

– Субсидиялардың едәуір бөлігін ірі мал шаруашылығы өнімдерін өнді­рушілер алады. Субсидия алушылар аясын кеңейту қажет. Нақтысына келсек, шағын өндірушілер де мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктеріне қол жеткізе алуы тиіс, – деп атап өтті Ермек Төлеуұлы.

Ал, депутат Жан Серікұлы бюджет қаражатын ұтымды пайдалану қажеттігі туралы айта келе, ауыл шаруашылығы басқармасының назарын бюджеттік жоспарлау сапасына аударды. Бұған дейін облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVII сессиясының шешімімен ауыл шаруашылығы басқармасы минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бойынша қосымша қажеттілікті жабуға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің талап етпеген қаражатын қайта бөлген. Бюджетті нақтылаудың себебі фермерлер тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға өтінімдердің болмауы болды. Депутат Жан Серікұлы атап өткендей, мемлекеттік қолдау алатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бюджет қаражатын мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізу және бақылау мәселелеріне көп көңіл бөлу қажет.

Облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілдин мұндай жайттың барлығы ай­налып келгенде құзыретті органдардың мәселені бір-біріне допша сілтеген салғырт­тығынан туындайтынын тілге тиек етті.

– Агрокешен бүгінде қарқынды өзгеріске бет алғандығын бәріміз іштей түсінгенімізбен, жауапкершілікті сезінбей жатамыз. Көрсеткіш көңілден шықпаса, оны көрсетіп, керекті индикаторды кес­теден сызып тастау сынды қарапайым қағидаттарды ескере бермейміз. Инновация игілікке бастайды. Облыстың агро­өнеркәсіптік кешені айтарлықтай әлеуетке ие. Қазіргі сын-тегеуріндерге қарамастан, өңірде өндіріс көлемін ұлғайту және өнім сапасын арттыру мүмкіндіктері жоқ емес, бар. Мемлекеттің, бизнестің және ғылыми қоғамдастықтың үйлестірілген күш-жігері Қарағанды облысын Қазақстанның негізгі агроөнеркәсіптік орталықтарының біріне айналдыруға ықпал ете алады, – деген басалқы сөз айтты.

Тексеру комиссиясы жүргізген аудит нәтижесі шеңберінде уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар мен аудиторлық қорытынды енгізілді. Жұмыс жиыны аяқталғаннан кейін депутаттық корпус мемлекеттік органдарға заңнамалық деңгейде шешуді талап ететін агро­өнеркәсіп саласын дамыту бойынша түйт­кілдер мен ұсыныстарға бастамашылық жасауды тапсырды. Депутаттардың ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін, оның ішінде, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жұмысы туралы сауалдарды одан әрі қарауы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларында жалғастырылатын болады.
Жиын соңында облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дана Мұхамеджанова қатысушыларға алғаусыз алғысын жеткізіп, құзыретті мекемелерге тиісті ұсынымдар легі жолданып, қажетті шешімдер шығарылатынын мәлімдеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button