Ресми

Бюджеттегі жаңа басымдықтар

Кезектен тыс XVII сессияда депутаттық корпустың бас­тамасымен өміршең өзгерістерді ескере отырып, осы жылға арналған облыстық бюджет қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, қала мен аудандар әкімдері, мәслихат төрағалары қатысты.

Суреттер облыс әкімдігінен

Сессия қарсаңында тұрақты комиссиялардың кеңейтілген және бірлескен отырысы өткен еді. Онда бейінді комиссиялардың төрағалары – депутаттар Серғазы Әдекенов, Аян Әбдікәрімов бюджет жобасына өз ұсыныстарын алға тартты. Нақтылай келсек, тыңайт­қыштардың құнын субсидиялауға әрі тұқым шаруашылығын дамытуға қажетті қаражатты қайта бөлуге, сондай-ақ, ауылдық елдімекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер салуды жалғастыруға облыстық бюджет қаражатын бағыттауға қатысты болатын.

Бұдан бөлек, депутат Аян Әбдікәрімов жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты Қарағандыдағы «Көгілдір тоғандар» шағынауданындағы мектепке инженерлік инфрақұрылым құрылысын аяқтауға қаражат көздеу қажеттігі туралы бастама көтерді. Ал, облыстық бюджеттің теңгерімділігі жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын ескере отырып, бейінді комиссия төрағасының бастамасы депутаттардың көпшілік дауысымен қолдау тапты.

Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов алдағы міндеттерді айрықша атап өтті.

– Сессия мүшелерінің назарына келіп түскен барлық ұсыныстар легі бейіндік комиссияның кеңейтілген отырысында мұқият қарастырылып, мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы деңгейіне шығарылды. Жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – бюджет қаражатын тиімді және ұтымды пайдалану. Депутаттық корпус қабылданған шешімнің іске асырылуына тиісті мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ететініне бек сенімдімін, – деп түйіндеді сөзін облыстық мәслихат төрағасы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button