Бас тақырыпРесми

Бюджет толық игеріледі

Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде абаттандыру, жол құрылысы және өткен 5 ай қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, бюджет кірістері сөз болды.

Өткен 5 ай қорытындысы бойынша өңірде даму динамикасы бары байқалады. Мәселен, өнеркәсіп саласында өсім – 3%-ға, ауыл шаруашылығы саласында – 3,9%-ға, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі – 30,3%-ға, құрылыс саласындағы нақты көлем индексі 18,5%-ға артқан. Сонымен қатар, есеп беру кезеңінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 140,5 мың шаршы метрді құрады.

Бюджет кірісіне келетін болсақ, бұл сала бойынша да аудан мен қала көрсеткіштері ойдағыдай. Сөйтіп, жарты жылдың қорытындысы бойынша жоспарды 8,5%-ға артық орындау да көзделуде. Ал, бюджетті игеру тұрғысынан басқармалар барынша тыңғылықты жұмыс атқарып келеді. Бірақ, әкімдіктер тарапынан бюджетті игере алмай жатқандар да кездеседі. Солардың қатарында Сәтбаев, Теміртау және Жезқазған қалалары бар.

Өз сөзінде, аймақ басшысы облыс орталығындағы көшелерді күрделі жөндеуден өткізуге байланысты жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінен шағым түсіп жатқандығын тілге тиек етті. Бұл ретте, тұрғындар жолдардың жабылуы туралы алдын ала ақпараттандырылмағандығын алға тартады. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарының кестесі, өткізілу орны туралы тиісті түсіндірме жұмыстары да атқарылмаған.

Бұл жағдай Қарқаралы ауданында атқарылып жатқан жол жөндеу жұмыстары барысында да орын алыпты. Соған байланысты, облыс әкімі өткен сенбі, жексенбі күндері аталған ауданға арнайы комиссия да жіберген екен. Сөйтіп, биыл Қарқаралы ауданындағы 12 шақырым жолды жөндеуге 397 млн. теңге бөлінген болатын. Арнайы топ аудан басында болып, төселген асфальт қалыңдығы мен жол енін тексеріп, қандай да бір ағаттық таппаған. Зертхана жұмысының қорытындысы да шығарылыпты. Арнайы комиссияның анықтауынша, мұндағы түсінбеушілік аудан және Қарағайлы кетінің әкімдігі тарапынан тұрғындарға тиісті түсіндіру жұмысы жүргізілмегендіктен орын алған екен. Тиісінше, кент тұрғындарын бір орынға жинап, бөлінген қаражат көлемі мен жөнделетін жолдарды тәптіштеп түсіндіру, жүйелеп жеткізу қажет еді. Бұл жұмыстар жүргізілмеген. Сондықтан, тұрғындар тарапынан наразылық орын алды.

– Аудан және қала әкімдері мен басқарма басшыларына ерекше ескертіп айтамын. Жарты жылдық қорытындысы бойынша бюджет толығымен игерілуі тиіс. Бірақ, бюджетті игереміз деп заңды бұзбауларыңызды да ескертемін, – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, жиын барысында алдағы жылыту маусымына даярлық жұмыстары да тілге тиек етілді. Облыс әкімінің энергетика, коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар мәселелері жөніндегі орынбасары Анатолий Шкарупаның айтуынша, есеп беру кезеңіндегі жөндеу компаниясының атқарып жатқан шаралары 28,6%- ды құрайды. Жоспар – 30%. Көштен қалып келе жатқандар қатарында Қарағанды, Приозерск, Теміртау қаралары мен Ақтоғай және Қарқаралы шағын станциялары бар.

Десе де, барлық станцияларда жөндеу компаниялары жұмыс жасауда. Барлығы дерлік кестеге сай қызмет етіп келеді. Алайда, Жез қазған жылу электр станциясында белгіленген мерзімнен кешігу мәселесі орын алуда. 55% орындалуға тиіс жұмыс 50% орындалып, 8-ші қазандықта 5%-ға кешігу тіркелген.

Жалпы, бүгінгі таңда станциялар тұрақты жұмыс жасауда. Сондай-ақ, жылыту маусымына дайындық жұмыстары үнемі назарға алынып келеді. Сонымен қатар, өңір үшін маңызды мәселелердің бірі – тұрғындарды көгілдір отынмен қамту. Бұл ретте, облыс әкімінің орынбасары жобалық-сметалық құжаттама жобалаушыларымен үнемі байланыс жасап, газ бөліп тарату жүйесі бойынша тығыз жұмыс жасап жатқандығын тілге тиек етті. Сөйтіп, қазіргі күні Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында алғашқы іске қосу кешендері белгіленген. Бұлардың барлығы жобалық және тұрғындардың тұтынушылық талаптарына толық сәйкес келеді.

Аппарт мәжілісінде айтылған ендігі мәселе – абаттандыру жұмыстары. Облыста 21 маусымда абаттандыру, аумақты санитарлық тазарту және көгалдандыру бойынша екі айлық аяқталады. Соған байланысты, Ерлан Қошанов тазалықты жүйелі түрде қадағалап, барлық заңсыз қоқыс үйінділерін жоюды талап етті.

– Абаттандыру мәселелерінде, дәлірек айтар болсақ, қоқысты шығару және санитарлық тазартуда жүйелі жұмысты ретке келтіру керек! Сіздер, тек жоғарыдан сөз естігенде ғана әрекет етпеулеріңіз тиіс. Тәртіп бұзушыларды жазалау керек. Жергілікті полициямен бірлесіп, жұмыстарыңызды ретке келтіріңіздер. Кім ереже бұзатынын анықтаңыздар да, бүкіл облысқа жария етіңіздер. Қала және аудан әкімдері, тазалықты қадағалаңыздар! – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бөлек, жиын барысында өңір шаруаларының ауа райының қолайсыздығына байланысты кеш бастауға тура келген көктемгі алқап жұмыстарын аяқтауы туралы да айтылды. Ол туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов мәлімдеді.

– Биыл облысымыздағы жалпы егіс аумағы 915 мың гектарды құрады. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 62 мың гектарға көбірек. Дәнді-дақылдар болса, 836,2 мың гектарға егілді. Сонымен қатар, аймағымызда жасымық, мақсары және басқа да дақылдардың егісі ұлғайды. Сондай-ақ, орамжапырақ пен сәбіз егу аумағы артты, – деді Сағынжан Апақашов.

Облыстағы барлық шаруашылықтар дәнді-дақылдар, майлы дақылдар, көкөністер мен картоп тұқымдарымен қамтамасыз етілді. Мұнымен қоса, баяндамашы тұрақталған баға бойынша 17 мың тонна дизельдік отын бөлінгенін де тілге тиек етті. Бүгінгі таңда алқаптарда суару жұмыстары басталды.

– Облыстың барлық шаруашылықтары сумен қамтамасыз етілген. Көктемгі алқап жұмыстарының уақытында аяқталуына ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы, жанар-жағармаймен қамту және қалыпты қаржыландыру зор септігін тигізді. Бүгінде облысымыздың 1387 шаруашылығы электрондық карталарға ие, – деді басқарма басшысы.

Өз кезегінде, облыс басшысы егістік алқабын бумен өңдеуді ұйымдастыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

«Орталық Қазақстан»

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button