Ресми

Бюджет неге игерілмейді?

Облыстық мәслихаттың кезекті III сессиясында халық қалаулылары 2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы және өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыру жөніндегі есепті тыңдап, бекітті. Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановтың басшылығымен өткен сессия жұмысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Суреттер: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Бюджет қаржысы толық игерілмеген

Алғашқы сөз 2022 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы есеп берген облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башаринаға берілді. Оның айтуынша облыстың бір жылғы бюджеті – 541, 6 млрд. теңге. Бірақ, жүзеге асыру барысында біраз өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде, аталған сома 542,1 млрд. теңгеге артқан.

Людмила Викторовна былтыр облыстың екіге бөлінуіне байланысты бюджет ақшасының 94,5 млрд. теңгесі Ұлытау облысына берілгенін де айтады.

– 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің түсімі – 548,9 млрд. теңге. Республикалық бюджеттен трансферттік қарыз ретінде 420 млрд. теңге түсті. Ал, бюджеттік кредит бойынша өңірлерден түскен қаржы сомасы – 10,10 млрд. теңге, – дейді басқарма басшысы.

Облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 535,8 млрд. теңгені құрағанын да айтты Людмила Башарина. Ал, пайдаланылмай қалған қаржы, атап айтқанда үнемделгені – 1,1 млрд. теңге болса, игерілмегені – 5,1 млрд. теңге. Басқарма басшысы қаржының игерілмей қалуы құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесінің өзгеруіне, сот процестерінің жүргізілуі мен жобалық-сметалық құжаттарға өзгерістер енуіне байланысты екенін айтады.

Бірақ, бюджетке салынған қаржы игерілуі тиіс. Бағдарлама көрсеткіші орындалмаса, жауаптылар тиісті жазасын да алады. Людмила Викторовна облыс бойынша 18 лауазымды тұлға тәртіптік жаза алғанын да айтты. Биылғы бюджет толығымен игерілуі үшін тиісті шара қабылдаймыз деп уәдесін де берді аймақ басшысы мен депутаттар алдында.

Дегенмен, 2022 жылғы облыс бюджетінде оң динамика бар екенін де жоққа шығармайды ол. Мәселен, бюджеттің кіріс бөлігі асыра орындалып, 103%-ға жетсе, шығыс бөлігі 535,8 млрд. теңгені құраған.

Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы міндетін атқарушы Аян Таханов та жергілікті жерлерде бюджет қаржысының игерілмей қалуын жоққа шығарып отырған жоқ. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлінетін мақсатты трансферттердің 85%-ы игерілмей қалған. Олардың дені құрылысқа қатысты.

– Саран және Теміртау қалаларындағы, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында тұрғын үй құрылыстарының, су және жылумен жабдықтау нысандары бойынша инфрақұрылымдардың құрылысы аяқталмай қалған, – дейді Аян Борисұлы.

Облыстық бюджеттік бағдарламаларды іске асыру тиімділігі 89%-дан 92 %-ға­ дейін өскеніне қарамастан, жергілікті жердің әкімдері түпкі нәтиже көрсеткіштерінің оннан бір бөлігіне қол жеткізуді қамтамасыз етпегенін де айтты комиссия төрағасы. Ал, оның себебі біреу ғана емес. Бюджет қаражатын жауапты тұлғалардың тиісінше басқармауынан бастап, бағынысты ұйымдардың қызметі де дұрыс үйлестірілмейді. Тіпті, өнім берушілердің өзі келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін тиісінше орындауға құлықсыз. Сәйкесінше, тексеру комиссия­сы анықтаған заң бұзушылық 10,7 млрд. теңгені құраған. Ал, бұл қаржының жартысына жуығын тиімсіз пайдаланылған. Ал, 25 % қаржы тиімсіз жоспарланған.

– Жоғары әлеуметтік және экономикалық әсерге қол жеткізбегені үшін бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыру керек, – дейді Аян Борисұлы.

«Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясының облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілдин бюджет қаражатының игерілмей қалуының салдары ауыр екенін айтады. Бұл жұмыстың тұралап, әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаржының қысқаруына, жұмыссыздықтың өсуіне және тағы басқаларына алып келуі мүмкін.

Ермек Төлеуұлы өз кезегінде аталған мәселені шешу жолдарын да ұсынды.

–Тәуелсіз мониторинг жұмысын жолға қойып, бақылауды күшейту керек. Одан бөлек, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілік тетігін әзірлеуді ұсынамын, – деді ол.

Тиімді жоспарлау болуы керек

Облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия­сының төрағасы А.Әбдікәрімов 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңір дамуының оң динамикасын атап өтті. Жалпы өңірлік өнім көлемі – 7,3 млрд. теңге. Бұл жерде өнеркәсіп үлесі басым, атап айтқанда 49,9 %. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім – 114,5 %.­ Құрылыс жұмыстарының көлемі – 350,6 млрд. теңге. 597,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

«Депутаттардың үнемі назарында болатын мәселелердің бірі – бюджет қаражатын тиімді пайдалану. Бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу және бюджет қаражатын уақытылы игеру өзекті болып қала береді», – деп атап өтті А.Әбдікәрімов.

Облыстық бюджет шығыстарында әлеуметтік міндеттемелерді орындауға басымдық берілгенін айтады комиссия төрағасы. Атап айтқанда өткен жылдардағыдай облыстық бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталып, 60 %-ды құраған.

Аян Әбдікәрімов те облыстық бюджеттің орындалуы туралы есепті бекіту кезінде анықталатын кемшіліктер жыл сайын қайталанатынын айтады. Мәселен, облыстың басқармалары қаражатын тиімді жоспарламау бюджеттік бағдарламалардың орындалуына кері әсерін берген. Бұл 97,4 млн. теңгені құраған. «Аталған қаржыны жыл бойы басқа да әлеуметтік бағдарламаларды орындауға бөлуге болатын еді» дейді Аян Әбдікәрімов.

Депутаттық корпус облыстың басқармаларының назарын бюджеттік бағдарламалардың орындалуына және бюджет қаражатының игерілмеу себептеріне сапалы талдау жүргізуге, мемлекеттік сатып алуды тиісінше әкімшілендіруге, жыл ішінде бюджеттің біркелкі атқарылуын қамтамасыз етуге, даму бюджетін іске асыру кезінде «жобалық менеджментті» енгізу және облыстың даму жоспарының іс-шаралары мен нысаналы индикаторларын уақытылы орындау қажеттігіне аударды.

20 облыс ішінде 5-орында

Облыстың экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева облыстың даму жоспары бойынша 16 мақсат пен 126 нысаналы индикаторды іске асыру көзделгенін мәлімдеді. Даму жоспарын іске асыру жөніндегі жоспарда 383,3 млрд.теңге сомасына 328 шара көзделген. Қаражатты игеру – 98,3 %.

– Облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2022 жылы 7,4 трлн. теңге. Өнеркәсіптік өндіріс көлемінің үлес салмағы бойынша облыс республика бойынша 3-орында. Ал, «Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі» нысаналы индикаторы 3,5% өсіммен орындалды, – дейді басқарма басшысы.

Көрсеткіштердің жоғарылуына 2022 жылы болат өндіру көлемін 3,5 млн. тоннаға, химия өнеркәсібі өндірісін 70,6 млрд. теңгеге, құрылыс материалдарын өндіруді 181,5 млрд. теңгеге ұлғайту жөніндегі іс-шаралар ықпал еткен.

Татьяна Юрьевна ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі 4,9 млн.теңгені құрағанын айтады. Ол мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, инвестициялық жобаларды іске асыру, әртараптандыру және заманауи техникамен, цифрлық технологиялармен жарақтандыру есебінен жүзеге асқан.

Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс басым бағыт болып табылатынын айтады Татьяна Аблаева. Мәселен, жоспарланған «Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету» нысаналы индикаторы қалаларда – 98,5%, ауылдық елді мекендерде – 92,9% орындалған. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%-дан 4,2%-ға төмендеген.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыстың даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізу блогы бойынша Қарағанды облысы 20 облыс ішінде 5-орында.

Маңызды мәселелер қабылданды

Сессияда жоспарланған маңызды мәселенің бірі – 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылуы.

– 2022 жылға жоспарланған 32 іс-шараның 13-і орындалды, 14-і 2023 жылы жалғасып, ішінара орындалды, 5-і орындалмай қалды. Табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру шеңберінде ластаушы заттарды анықтау үшін жаңа жабдық, орман қорын табиғи өрттерден қорғау үшін мамандандырылған техника, орман шаруашылықтары үшін 150 бірліктен астам жабдық сатып алынды. Одан бөлек, өзендерге ішінара санация жүргізіліп, балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау жүргізілді. Коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрамдас бөліктерін және басқаларын жинауға арналған контейнерлер орнатылуда, – дейді облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде депутаттар уәкілетті органдарға сараптамалық қоғамдастықпен және жұртшылықпен жұмысты күшейтуді, тиімді өзара байланыс орнатуды ұсынды. Депутаттық корпус мемлекеттік сатып алу жөніндегі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесіне одан әрі бастамашылық жасау үшін өрт сөндіру және орман күзет машиналарын сатып алу рәсімдерін оңайлату жөнінде облыстық мәслихатқа ақпарат енгізу ұсынды.

Сессияда халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ономастикалық комиссияның құрамы, Мемлекеттік рәміздер, Үйлестіру кеңесінің құрамы бекітілді. Одан бөлек, Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер қолдау тапты. Балқаш қаласының әкімшілік аумағына Ақтоғай ауданына қарасты Торанғалық кенті қосылады. Бұл көптен күткен өзгеріс курорттық ауылды дамытуға және туристік кластер құрып, оң имидж қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының әкімшілік-аумақтық құрылымына мынадай өзгеріс енгізілсін: Ақтоғай ауданының Торанғалық ауылдық округі жойылсын, кейіннен оның аумағы Балқаш қаласының әкімшілік бағынысына енгізіле отырып, оны есептік деректерден алып тасталсын», – делінген құжатта.

Экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева барлық заңды рәсімдер жүргізілгенін атап өтті.

– Шешім Торанғалық ауылдық округіндегі жылжымайтын мүлік объектілерін тіркеу рәсімдерін жүргізу үшін әкімшілік реттеуді шешу мақсатында ұйғарылды, – деп түсіндірді Татьяна Аблаева.

 

Жоспар орындалуы тиіс

Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің ағымдағы жағдайы мен даму перспективалары туралы құқық қорғау, фискалдық және басқа да аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдерін, облыстық басқармалардың басшыларын, қалалар мен аудандар мәслихаттарының төрағаларын және қалалар мен аудандардың әкімдерін хабардар етті.

– 2022 жылғы бюджет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалды. Бірінші кезекте шығындар азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғауды нығайтуға бағытталды. Сондай-ақ, жобалардың қымбаттауына, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізуге, сот талқылауларына байланысты қаражаттың игерілмеу жағдайлары болды. Биыл бюджетті толығымен игерілуі үшін шаралар қабылдаймыз, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі аймақта талай жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген мектептердің бар екеніне тоқталды.

– Ауыл тұрғындарымен кездескенде олар спорттық нысандарды салып беруді өтініш етіп жатады. Әрине, ол да керек шығар. Бірақ, мектептердің жағдайы қиын болып тұрғанда, оларға көңіл бөлу қалай болмақ? – дейді Ермағанбет ­Қабдулаұлы.

Денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерге де назар аудару қажет екенін де баса айтты аймақ басшысы депутаттарға.

Облыстың даму жоспарын іске асыруға қатысты аймақ басшысы бұл негізгі құжат екеніне тоқталды. Ол Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында, ұлттық жобаларда, Ел Президентінің Жолдауларында қойылған мақсаттар мен міндеттерді қамтиды.

Жоспар бойынша инвестицияларды дамыту және халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша жоспарланған іс-шаралар 100%, сапалы адами ресурстар, сапалы әлеуметтік сала және әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттарына қол жеткізу 90%, өнеркәсіп, қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз ету 80%-ға орындалған.

Салтанат ІЛИЯШ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button