Бюджет қаражаты – бұқара игілігіне
Сейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезекті ХІІІ сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ, облыстық мәслихат хатшысы Серік ӨТЕШОВ, облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының және облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңестердің өкілдері, қала, аудандардың әкімдері мен мәслихат хатшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия төрағасы – депутат Қадиша ОСПАНОВА.
Жиынның күн тәртібінде 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет, Қарағанды облысындағы экологиялық ахуал және оны жақсарту, Қарағанды облысы ІІД Жергілікті полиция қызметінің 2017 жылғы жұмысының қорытындысы, облыстық мәслихаттың осы жылғы атқарған жұмысы, «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру және өзге де мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Людмила Башарина баяндама жасады.
– Облыстық бюджет жобасы тұрақты комиссия отырысында алдын ала қаралды. Ескертулер мен ұсыныстарға жазбаша түрдегі жауаптар ұсынылды, – деді баяндамашы.
Алдағы жылы облыстық бюджеттің 30%-ы әлеуметтік салаға бөлінбек. Яғни, 50 миллиард теңге. Оның ішінде, 22,6 миллиард теңге – білім беру саласына, 7,2 миллиард теңге денсаулық сақтау саласының еншісінде. 9,5 миллиард теңге – білім беру, денсаулық сақтау саласы мекемелерін жөндеу мен олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталады. 9,6 миллиард теңге спорт саласына бөлінсе, халыққа әлеуметтік көмек көрсету мақсатындағы жұмыстарға 5,9 миллиард теңге жұмсалады.
Жолдарды жөндеу жұмыстарына – 11,6 миллиард теңге, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 7 миллиард теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға – 2,8 миллиард теңге, кәсіпкерлікті дамытуға – 2,6 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Сондай-ақ, табиғатты қорғау, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуге – 0,5 миллиард теңге қарастырылған.
Облыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына да облыстық бюджетті жоспарлау барысында басымдық берілген. Бұл мақсатқа 13 миллиард теңге жұмсалады деген жоспар бар. «Республикалық бюджет есебінен көптеген салаларды қаржыландыру жұмыстары да жалғасын табады», – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бұл мәселе бойынша облыстық мәслихат депутаты, бюджет және қаржы бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Жомарт Таласбеков қосымша баяндама жасады. Президент тапсырмасын орындау мақсатындағы атқарылатын жұмыстарды қаржыландыру жүйесіне тоқталды.
Екінші мәселе – экология мәселесі, оны оңалту үшін атқарылатын жұмыстар. Өндірісті өңір үшін тым өзекті екені сөзсіз. Бұл турасында облыстың табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев баяндама жасады.
– Қарағанды облысын дамыту бағдарламасында экология, қоршаған ортаны қорғау мәселесі ерекше маңызға ие. Алдымен, ірі өндірістік кәсіпорындары бар және автокөліктер көп тіркелген қалалар – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалаларындағы ауаның ластануы сияқты меселе көпшілікті алаңдатады. Қоршаған ортаға шығарылған қалдықтар көлемі өткен жылы 593 тоннаны құрады. Көрсеткіш, 2012 жылмен салыстырғанда, 12,6%-ға төмен. Бұл – ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған соңғы бес жылдағы іс-шараларының нәтижесі.
Әрбір ірі кәсіпорынмен меморандумдарға қол қойылмақ. Мақсат – табиғатты қорғау жұмыстарын жандандыру, – деді Р.Төлепбаев.
Басқарма басшысы қалдықтарды өңдеу, өңір экологиясын оңалту үшін атқарылатын жұмыстар жоспарымен де таныстырды.
Бұл мәселе бойынша өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық сала және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Мұқанбетқали Абайділдинов те сөз алды.
Жалпы, облыстық мәслихаттың ұйытқы болуымен аймақтың экологиялық ахуалын бақылап, проблемалық мәселелерді қаузайтын 9 жұмыс тобы құрылған. Құрамына облыстық мәслихат депутаттарынан бөлек, жергілікті мәслихаттар хатшылары мен құзырлы органдардың өкілдері кірген.
– Жұмыс топтары «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс» Сары қазына», «Қоңырат» мыс компаниясы, «Тау-кен темір», «Новоцинк» сияқты өндіріс ошақтары мен көптеген кәсіпорындарға барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Кейбір қалалар мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері жұмыс топтарына қажетті ақпарат беруді кешеуілдетті.
Көптеген бөлім мамандары заңнамалық актілерді білмейді. Мұндай жағдайда әкімдіктер өз бюджетін қалай жоспарламақ?
Әкімдіктер қоршаған ортаға тасталған қалдықтарды жою үшін қаражаттың жетіспеушілігін сылтауратады. Қоқыс орындарын тіркеу тиісті деңгейде жүргізілмейді. Әңгіме Жезқазған, Балқаш қалаларындағы жағдай төңірегінде.
Мысалы, Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі полигон иелерінен атқарылған жұмыстар туралы актілерді қабылдайды. Бірақ, бұл – іс жүзіндегі емес, тек, қағаз жүзіндегі деректер болып шықты.
Теміртау қаласының маңында орналасқан «Апан» полигонына 2,1 миллион тонна көлемдегі сынап қалдығы көмілген. 2014 жылы Қарағанды облысының мүлік департаменті бұл полигонды жеке серіктестіктің қарамағына берген. Бірақ, арадағы келісімшарт биылғы ақпан айында өз күшін жойған.
Жұмыс тобы қараша айында осы нысанға арнайы барды. Қоршаған ортаға, әсіресе, адам өміріне қауіпті орын ешбір бақылаусыз қалған. Мұның жауапкершілігін кімнен сұраймыз? Полигонның инфрақұрылымын кім қалпына келтіреді? Бізді осы сауалдар мазалайды, – деді М.Абайділдинов.
Балқаш көлінің жағасынан 100 метр қашықтықта орналасқан, Ақтоғай ауданының аумағына қарасты «Дарьял-у» радиолокациялық станциясының, Ақшатау елді мекенінің экологиялық ахуалы, Сарысу өзенінің жағдайы да жұмыс топтарының назарынан тыс қалмаған.
Облыстағы қоғамдық тәртіпті қадағалау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жұмыстардың қорытындысы туралы облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Жалғасбай Жақаев баяндады. Бұған дейін жазғанымыздай, үстіміздегі жылы Жергілікті полиция құрылымдары үшін 103 автокөлік сатып алынды. Техникалық жабдықтау үшін 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 72 миллион теңге 27 учаскелік полиция пунктіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізуге бағытталды. Қазіргі күні жөндеу жұмыстарының негізгі дені аяқталды.
Келесі жылы да 72 миллион теңгеге 29 учаскелік полиция пунктіне жөндеу жүргізу жоспарда бар. Дегенмен, учаскелік полиция пункттерін материалдық-техникалық жабдықтау ісіндегі өзекті мәселелер толықтай шешілмей отыр. Қолдағы бар кейбір жабдықтар тозған, жаңартуды қажет етеді.
Биылғы жылы Жергілікті полиция қызметі облыс халқымен 1800-ден астам кездесу ұйымдастырған. Бұл шараларға қала, аудан, селолық округтер әкімдері, тиісті құрылымдар мен ұйымдардың өкілдері қатысқан.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алуға азаматтардың өздерін белсенді қатыстыру да жолға қойылған. Мәселен, «Сақшы сарбазы», студенттер отряды, қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Көршілер бақылауы» жобасы жүзеге асқан. Көше-көшедегі, аулалардағы қоғамдық тәртіпті бақылайтын камералардан бөлек, тұрғындар тарапынан да 500-ден астам бақылау камерасы орнатылған.
Жергілікті полиция қызметі мен Қарағанды және Теміртау, Жезқазған қалаларындағы жоғары оқу орындары арасында Әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылған.
Мектеп оқушылары арасындағы «Жол қозғалысының жас инспекторы» байқауы да дәстүрге айналған. Жас буынға құқық тақырыбындағы дәрістер оқылады. Білім беру мекемелерінде тәртіп сақшыларының қатысуымен мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Мәселе төңірегіндегі қосымша баяндаманы заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Жанна Штергер жасады. Бастысы, ахуал тұрақты, қылмыстар саны азайған.
«Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселесі бойынша облыстың ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қасембаева баяндама жасады.
Бұл атаққа үш азамат – армия генералы, Қарағанды қаласының тумасы Мұхтар Алтынбаевтың, даңқты боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің және Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Кәмәли Дүйсембековтің кандидатурасы ұсынылды. Облыстық мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Қарағанды облысы шекарасынан тыс жерге қоныс аударуына байланысты облыстық мәслихат депутаты М.Божбановтың депутаттық өкілін өз еркімен тоқтату туралы өтініші де мақұлданды.
Сессия жұмысындағы өзге де мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Кезекті ХІІІ сессия жұмысының соңында облыстық мәслихат хатшысы Серік Балғатайұлы сөз алды. Халық қалаулыларын алдағы ұлы мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елдің гүлденуі жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
Суреттерді түсірген
Д.КУЗМИЧЕВ.