Бас тақырып

Буллинг ойын емес

Қазіргі таңда мектеп қабырғасындағы қауіпсіздік мәселесі тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның өзекті проб­лемасына айналып отыр. Соның ішінде буллинг – оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың кең тараған түрі ретінде алаңдатады. Бұл баланың психологиялық жағдайына ғана емес, оның болашағына да тікелей әсер етеді.

Буллинг – бір оқушының екінші оқушыға жүйелі түрде қысым көрсетуі, қорлауы немесе кемсітуі. Ол тек физикалық түрде ғана емес, психологиялық, вербалды және кибербуллинг түрінде де кездеседі. Оқушылар арасында мазақ ету, ат қою, қорқыту, топтан шеттету немесе әлеуметтік желілерде қорлау сияқты әрекеттер жиі байқалады. Көп жағдайда балалар мұндай қысым туралы айтуға қорқады немесе оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Бұл өз кезегінде мәселенің ушығуына әкеледі.

Буллингтің пайда болуына әртүрлі факторлар әсер етеді. Оның ішінде отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі, қоғамдағы агрессияның артуы, мектептегі бақылаудың жеткіліксіздігі және әлеуметтік теңсіздік негізгі себептердің қатарында. Психологтардың айтуынша, буллинг жасайтын балалардың өзінде де шешілмеген психологиялық мәселелер болуы мүмкін. Олар көбіне назар жетіспейтін, я агрессия қалыпты саналатын ортада тәрбиеленеді.

Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, бала өзін қауіпсіз сезінетін орта болуы тиіс. Соңғы жылдары білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті күшейту мақсатында түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелері орнатылып, мектеп инс­пекторларының қызметі күшейтілуде, психологиялық қызметтер жұмыс істейді. Дегенмен, бұл шаралар мәселені толық шешеді деп айту қиын. Себебі, қауіпсіздік тек техникалық құралдармен ғана емес, мектептегі қарым-қатынас мәдениетімен де тығыз байланыс­ты.

– Сыныбымда буллингтің жасырын, ұсақ түрлері жиі байқалады. Әсіресе, оқушылар арасында бір-бірін мазақтау, келемеждеу, сөзбен қағыту сияқты жағдайлар кездеседі. Бұл құбылыс тек ер балалар арасында ғана емес, қыздар арасында да орын алады. Мен барлық жағдайды тікелей өз көзіммен көре бермеймін. Сондықтан, сыныптағы ахуалды бақылауды старостаға тапсырдым. Ол оқу­шылар арасындағы келеңсіз жағ­дайларды байқап, кімнің-кім­ге қандай әрекет жасағанын нақ­ты атап, маған баяндайды.
Жалпы, мен үнемі сынып оқу­шыларының жанында болма­сам да, буллингтің бар екенін се­земін. Қысым көрген бала кө­біне өзгелерден оқшауланып, тұй­ық­талып, көңілсіз күйде жү­реді. Оның мінез-құлқындағы осын­дай өзгеріс­тер жағдайдың бар екенін аңғартады. Мұндай жағдайларда, мен ең алдымен, оқушылармен жеке сөйлесуге тырысамын. Әңгіме ба­рысында олардың бір-біріне де­ген қарым-қатынасын түсінуге, мә­селенің түпкі себебін анықтауға мән беремін. Кейде балалар өз әрекетінің салдарын түсінбей жатады, сондықтан, оларға сөздің де жаралайтынын түсіндіру маңызды. Сыныпта өзара сыйластық пен қолдау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлемін. Тәрбие сағаттарында буллингтің зияны, адамгершілік құндылықтар, эмпатия тақырыптарын жиі қоз­ғаймыз. Балалардың бір-біріне тү­сіністікпен қарауы – мұндай жағ­дайлардың алдын алудың бас­ты жолы. Қажет болған жағдайда мектеп психологымен және ата-­аналармен бірлесіп жұмыс жүргіземін. Өйткені, бұл мәселені тек бір адамның күшімен шешу мүмкін емес. Бірлескен әрекет қана нақты нәтиже береді, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Мухсинова.

Полиция мамандарының пікі­рінше, ішкі істер органдарына тү­сетін өтініштерді талдау көрсеткендей, көп жағдайда буллинг фактілері расталмайды. Оның негізгі себебі – буллингтің басты белгісі болып саналатын жүйеліліктің анықталмауы. Көп жағдайда бұл жағдайлар оқушылар арасындағы бір реттік тұрмыстық жанжалдар ретінде тіркеледі. Өтініштерде ауызша қорлау, яғни, мазақтау мен кемсіту, әлеуметтік қысым көрсету, оқшаулау мен елемеу фактілері жиі кездеседі. Сирек жағдайларда физикалық әсер ету деректері де тіркеледі. Жекелеген жағдайларда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ақпарат тарату фактілері анықталады, алайда олар да көбіне эпизодтық сипатта болады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, буллинг әрқашан жеке құқық бұзушылық ретінде қарастырылмайды, оның бағалануы нақты жағдайларға байланысты. Егер құқық бұзушылық белгілері анықталса, ол әкімшілік құқық бұ­зушылық ретінде, мысалы қорлау немесе ұсақ бұзақылық ретінде саралануы мүмкін. Ал неғұрлым ауыр жағдайларда қылмыстық құ­қық бұзушылық ретінде қарастырылады. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда мұндай мәселелер қылмыстық қудалаудан гөрі профилактикалық және тәрбиелік жұмыс аясында шешіледі.

– Мұндай жағдайларда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция қызметінің негізгі бағыты – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Өтініш түскен кезде барлық көрсетілген деректер жан-жақты тексеріледі. Жанжалға қатысушылармен жеке жұмыс жүргізіліп, кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгімелер өткізіледі. Сонымен қатар, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері шақырылып, мектеп әкімшілігі мен педагогтермен бірлескен жұмыс ұйымдастырылады. Қажеттілік туындағанда қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылданады.
Оқушылар заң талаптарын және жалпы мінез-құлық нормаларын сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуге, сондай-ақ, құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеуге міндетті. Ал, ата-аналар немесе заңды өкілдер балаларды тиісті деңгейде тәрбиелеуге, олардың мінез-құлқын, интернеттегі әрекеттерін бақылауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға жауапты. Бұл міндеттерді тиісінше орындамаса ата-аналар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді Қарағанды қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі ювеналдық полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Елена Баркина.

Қазіргі таңда мектеп оқушыларының арасында буллинг мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Психолог Лаура Дүйсенованың айтуынша, жасөспірімдер арасында бір-бірін сыртқы келбетіне, мінезіне, оқу үлгеріміне немесе әлеуметтік жағдайына қарай кемсіту жиі кездеседі.

– Буллингтің негізгі себептері әртүрлі. Бұл, ең алдымен, отбасындағы тәрбиеге байланысты. Бала эмоциясын дұрыс басқара алмауы, өзін өзгеден жоғары көрсетуге ұмтылуы және әлеуметтік желінің ықпалы да әсер етеді. Кейбір балалар ішкі агрессиясын сыртқа шығару үшін өзгелерге қысым көрсетеді. Буллинг құрбаны болған балада мектепке баруға құлқы болмайды, сабақ үлгерімі төмендеп, бұрын қызыққан істеріне құлқы азаяды. Сондықтан, баланың мінезіндегі кез келген өзгеріске ата-ана мен мұғалім мұқият болу керек. Буллинг жасайтын баланың оқушылардың психологиялық жағдайына тоқталсам, мұндай балалар көбіне өзін мықты етіп көрсеткісі келеді. Алайда, бұл ішкі сенімсіздіктің белгісі болуы мүмкін. Кейбірі ортада бедел жинауды қалайды немесе назар аудартуға тырысады. Агрессия – кей жағдайда өзін қорғау тәсілі, – дейді психолог Лаура Дүйсенова.

Мектеп психологының рөлі мұндай жағдайларда ерекше маңызды. Маман оқушымен жеке жұмыс жүргізіп, оның эмоционалдық жағдайын анықтайды. Қажет болған жағдайда сыныптағы ахуал да зерттеледі. Буллинг құрбанына психологиялық қолдау көрсетіліп, өзін қорғау дағдылары үйретіледі. Буллинг жасаған оқушымен де жеке жұмыс жүргізіледі. Мұнда ата-ана мен сынып жетекшінің бірлескен әрекеті аса маңызды. Буллингтің алдын алу үшін психолог, ең алдымен, бала өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыруы қажет екенін атап өтті.

Психологтың айтуынша, буллингтің ұсақ көріністерінің өзі елеусіз қалмауы тиіс. Өйткені, дәл осындай әрекеттер уақыт өте келе, үлкен психологиялық мәселелерге ұласуы мүмкін. Мұғалім, ата-ана және мектеп ұжымы бірлесіп, балалар арасында өзара құрмет пен түсіністік мәдениетін қалыптастыруы қажет. Әр оқушы өзін қауіпсіз әрі бағалы сезінген ортада ғана толыққанды дамып, білім ала алады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button