Жаңалықтар

Буктрейлер байқауының жеңімпаздары анықталды

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ 125 жылдық мерейтойына арналған «Туған халқының қайтпас қаһарманы»атты жас кітапханашылар арасында облыстық буктрейлер байқауының қорытынды кешін Н. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Jist meet платформасында өткізіп, кітапхананың инстаграм желісіндегі «Karlib_kz» парақшасы арқылы сұрақтарға жауап беріп отырды.Мақсаты – Н.Нұрмақовтың өмірі мен қызметі туралы ақпаратты қол жетімді инновациялық нысандар арқылы насихаттау, ұлы қайраткер жайлы интернеттегі қазақ тілді контентті кеңейту, жас кітапханашылардың шығармашылық потенциалын қолдау, жұмыстың дәстүрлі емес жолдарын тауып, жүзеге асыру.

Аталған байқау Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен 2020 жылы ақпан айында жарияланған еді.

Ереже бойынша сайысқа 18­35 жас аралығындағы 28 кітапханашы қатысып, бақ сынасты. Қатысушылар жасаған бейнежазбаларын 2020 жылғы 20 наурыз бен 15 сәуір аралығында YouTube, Instagram, Facebook сынды әлеуметтік желілерге жүктеп, оқырмандар назарына ұсынды.

Шараны Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов құттықтау сөзімен ашып берді.

Қайраткердің тағылымды өмірі мен қызмет жолын қамтитын кітапхана қорындағы еңбектерден құралған «Туған халқының қайтпас қаһарманы» атты кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды.

Қазылар алқасының төрайымы ҚарМТУ­-дің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылым дарының кандидаты Сәуле Қасымованың жетекшілігімен Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ­-дың тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов, Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының басшысы Баян Уатаева, Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім басшылары Чен Анастасия мен  Айгүл Қарашовалар келіп түскен жұмыстарды әбден саралап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады.  

Байқау қорытындысы бойынша, ынталандыру сыйлығы (25 мың теңге) Балқаш қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері (ОКЖ) (топтық жұмыс) Бақыт Әлия, Бибинур Бозова, Лаззат Хабалхан және Ұлытау аудандық ОКЖ кітапханашысы Қарлығаш Сұлтановаға бұйырды.

III орынды (50 мың теңге) Қарқаралы аудандық ОКЖ кітапханашысы Қасым Айгерім мен Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана қызметкерлері Мөлдір Ілімбай, Мария Дзюба жеңіп алды.

Ал, II орын  жүлдесін (75 мың теңге) Шахтинск қалалық ОКЖ өкілі Нургамила Асанова және Шет аудандық ОКЖ кітапханашылары (топтық жұмыс) Дидар Байдарин, Гүлнұр Ермекбаева, Алтынай Медеубекова иеленді.

I орын (100 мың теңге) Жезқазған қалалық ОКЖ қызметкерлері (топтық жұмыс) Ермекбаева Майра, Кенжетаева Гульназ, Көшербаева Жангүлге табысталса, байқаудың Бас жүлдесіне (150 мың теңге) Жезқазған қалалық ОКЖ кітапханашылары (топтық жұмыс) Әсел Бірәлі, Гүлсара Құрманбаева, Ғалия Утебаевалар лайық деп танылды.

Облыстың жас кітапханашылары осы байқауға қатысу арқылы бүкіл саналы ғұмырын халқына арнаған Нығмет Нұрмақовтың өнегелі өмір жолымен кеңінен танысқаны сөзсіз және бұл жинаған білімдері оқырмандармен жұмыс істеу барысында ауадай қажет болары анық.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button