Перизат Сәдуақастың жобасы: Бухенвальдта ескерткіш тақта орнатылды
Тарих тақырыбын арқау еткен алғашқы мақалалары «Ortalyq Qazaqstan» газетінде жарияланып, қаламын ұштаған тарихшы Перизат Сәдуақас Германиядағы Бухенвальд концлагерінде қазақстандық тұтқындарға арналған ескерткіш тақта орнатты деп хабарлайды http://Ortalyq.kz тілшісі http://basnews.kz -ке сілтеме жасап.

Тарих ғылымдарының кандидаты, “Құрмет” орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақастың бұл бастамасы жеке қаражаты және жеке ізденісі негізінде жүзеге асты. Жоба Ұлы Отан соғысы жылдарында нацистік режимнің тұтқынына түскен қазақстандықтарды мәңгі есте қалдыруды мақсат етеді.
Ескерткіш тақта лагерьдің ең қасіретті орындарының бірі – бұрынғы крематорий ғимаратына орнатылды. Бұл орын адамзат тарихындағы зорлық-зомбылық пен трагедияның символы саналады.

Тақтада алғаш рет QR-код қолданылып, келушілерге Бухенвальдта болған қазақстандық тұтқындардың тізімін қазақ, орыс және неміс тілдерінде көруге мүмкіндік берілген. Қазіргі таңда тізімге Алматы, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Павлодар, Петропавл, Семей қалалары мен Ақмола және Түркістан облыстарынан шыққан 35 қазақстандық енгізілген. Ең жас тұтқын 1926 жылы, ең үлкені 1900 жылы туған. Тізімді толықтыру және жаңарту жұмыстары Бухенвальд мемориалды кешенінің қолдауымен жалғасуда.

Бухенвальд басшылығы қазақстандық тұтқындардың тізімін анықтау бастамасының авторы Перизат Сәдуақас екенін растайтын ресми сертификат табыстады. Бұл құжат авторлық құқықтың баламасы ретінде қарастырылады.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігінің, Франкфурт қаласындағы Бас консулдықтың өкілдері, Бухенвальд мемориалды кешенінің басшылығы, Қазақстаннан келген студенттер және жоба бастамашысының әпкесі Бекзат Ермекбаева қатысты.

Перизат Сәдуақас ескерткіш тақта өзінің жеке атынан емес, Бухенвальд тұтқындарының ұрпақтары мен Қазақстан халқының атынан орнатылғанын атап өтті. Жоба тарихи жадты сақтау, тоталитарлық режим құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру және халықаралық диалогты нығайтуға бағытталған гуманистік бастама ретінде бағаланады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



