Будапештен күміс жүлдемен оралды
Балқаштық кикбоксшы Бекболат Әкім Венгрия астанасы Будапештте өткен 28-інші әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. 42 мемлекет қатысқан дүбірлі додада 300-ден астам спортшы күш сынаған. Жеңіс тұғырына көтерілген жерлесіміз Финляндияның спортшысына ғана есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады.
Жарыс жеңімпазын жерлестері мен туған-туысқандары Балқаштың автобекетінен зор қошеметпен қарсы алды. Әжелер шашуын шашып, өнерпаздар қауышу сәтін әнмен әрледі. Құттықтау сөзін арнаған Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова айтулы бәсекеде Бекболаттың ел үмітін ақтағанына тоқталып, алдағы дүбірлі додаларда одан да жоғары жетістіктерге жетуіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде сайыпқыран спортшының жаттықтырушысы Дулат Сәметов Балқаш қаласы әкімдігі мен жанкүйерлер тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдауға алғыс білдіріп, еліміз бен облысымыздың абыройын асқақтатуда аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар, кикбоксшы қолдау көрсеткен халыққа алғыс айтты.
– Екі кездесуде қарсыластарымды басымдықпен жеңдім. Үшінші қарсыласым Финляндияның спортшысы сәл ұпай санымен жеңісті жолын жалғастырды. Ол – бұған дейін де талай додаларда топ жарып, ысылған спортшы. Тәжірибе жетпей қалды. Сол кеткен кемшіліктерді түзейтін боламыз. Бапкерім Дулат ағаға алғысым шексіз. Және жарыс алдында Айнабұлақта, Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қолдау білдірген Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне рахмет айтамын. Күз айында өтетін әлем чемпионатына дайындық жасап, ел үмітін ақтайтын боламыз, – дейді кикбоксшы Бекболат Әкім.
Айта кетейік, кикбоксшы Бекболат Қайратұлы осыған дейін республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Жерлесіміз Түркияда Әлем кубогында қола медаль еншілесе, былтыр кикбокстан Тайландта өткен Азия чемпионатында күмістен алқа тақты.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz